Ардагер атына берілген жаңа нысан

Өңірде саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап, электр энергиясының тынысын тыңдау арқылы талай ұрпаққа жарық пен жылудың жолын көрсеткен мамандар аз емес. Солардың бірі – қырық жылдан астам уақыт бойы энергетика саласында аянбай еңбек етіп, қызығы мен қиындығы мол қызметте өз ізін қалдырған Қадыр Дәужанұлы. Оның өмір жолы ұзақ жылдар бойы жоғары кернеулі желілердің ыстығы мен суығын көріп, талай сынақты еңсерген табанды еңбектің, адал қызметтің айқын айғағы еді. Бүгінде сол еңбектің ұмытылмас дәлелі қаламыздың Төремұрат батыр көшесінің жанында орналасқан Қадыр Дәужанұлы атындағы №134 110/10 кВ қосалқы станциясы болып отыр. Энергетика инфрақұрылымының бір бөлігі ғана емес, ел ертеңі үшін тер төккен ардагердің атына беріліп, қараша айының 7 жұлдызында ашылған бұл нысан енді ел есінде сақталып, ардагер ұрпақтарының мызғымас мәртебесіне айналары сөзсіз. 

Иә, қуатты тораптардың күрделі тоғысында тұтас қаланың, қалаберді ауданның тынысын тынымсыз еңбек етіп, қамтамасыз еткен ақсақал аудандағы алғашқы энергетик мамандардың бірі десек, артық айтқандық болмас. Ол 1938 жылы Ракош ауылдық кеңесіне қарасты Нұрманкөл жерінде дүниеге келген. Екі жасында-ақ анасынан ажыраған сәби сол кезде 7 баланың кенжесі еді. Ана мейіріміне қанбаған ұл бірнеше жылдан кейін әкесінен де қол үзеді. Оған өздеріңіз білетіндей, сұрапыл соғыс себеп еді. Қару асынып, қан майданға аттанған асқар тау әкеден жеті бала осылайша ажырайды да қалады. «Жетеудің басына түрлі сынақ бердім» деп тағдыр тоқтап қалсын ба?! Олар да ер жетеді. Алдыңғы көшке ілескен Қадыр атамыз да алғашқы білімін Айранкөлдегі интернаттан алып, кейіннен 4 класты Ақшкөлде жалғастырады. 5-6 шақырым жердегі білім ордасына жаяу қатынап келетін жас шәкірт сол кезден-ақ бүтін бір қазақ жеріне тапшы мамандық – электрик-инженер мамандығын игеруді қалайды. Алғашында Алматы облысы, Талғар қаласындағы техникумға табан тіреген ол, мұндағы оқуды үздік аяқтап шығады. Осылайша алғашқы еңбек жолын Атырау қаласындағы «Казстройэлектромонтаж» мекемесінде 6-дәрежелі монтер болып бастап, еңбек ете жүріп, білімін жетілдіру мақсатында Мәскеудегі Бүкілодақтық сырттай оқитын энергетика институтына түседі. Кейіннен еліміздегі В.И.Ленин атындағы политехникалық институттың электроэнергетика бөліміне ауысып, осы білім ордасының жолдамасымен Құлсары орталық электр станциясына, релелік қорғаныс және автоматтандыру бөліміне аға инженер болып жұмысқа орналасады. Содан бері ауданымызға қарасты Қара-Арна, Жем, Ақкиізтоғай ауылдық округтері мен Көктоғай, Топайлы ауылдарында үздік жұмыс үлгісін көрсетіп, 42 жыл жасаған бір мекемеде 1968 жылы бөлім басшылығына тағайындалды. Ол жерде 25 жыл басшылық ете отырып, сол кездегі Теңіз мұнай кен орнының ашылуына байланысты Теңіз, ГНПС, ЦПС, Қаратон, Прорва, Майкөмген, Мақат, Құлсары, Жамансор, Жантерек, Сағыз, Мұқыр сынды подстанцияларды монтаждау және күтіп-баптау жұмыстарына тікелей араласты. Елге еткен қалтқысыз қызмет жауапсыз қалсын ба?! Елеулі еңбектің нәтижесі де сан мәрте биіктен көрініп, ардагер энергетиктің мәртебесін көтерді. Атап айтсақ, Қадыр атамыз 1980 жылы басты орталық электр станциясын есептеу, Құлсары станциясының подстанцияға айналу схемаларын өзгерту жаңалықтары бойынша Энергетика министрлігінің Кржижановский атындағы институттың ғылыми лабораториясынан өнертапқыш дипломымен марапатталды. Сол жылдары «КСРО-ның Еңбек сіңірген энергетигі» атанып, жыл сайын әр кезеңдегі үздіксіз қызметі үшін Алғыс хаттармен марапатталып отырған. Ал оның жуырда ғана есіміне берілген №134 110/10 кВ қосалқы станциясы өмірде өзі болмаса да, көзіндей болған ұл-қыздарының ортақ та соңғы жемісі еді. Олар бұл құрмет үшін «Атырау Жарық» АО президенті Мейірбек Уақытұлы мен Жылыой аудандық электр жүйесінің басшысы Марат Таңатарұлына алғысын білдіреді.

1967 жылы өмірлік серігі Семей облысы, Шұбартау ауданының тумасы Гүлшара Шалхаровамен тағдыр түйістірген Қадыр Дәужанов 6 қыз бен 1 ұлдың бәйтерегі бола білген ардақты жан. Білімді энергетик пен 35 жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаз анасының тәрбиесін көріп өскен ұл-қыздың арасында салынған сара жолды қуып, энергетика саласына бет бұрғандары да бар. Олар: қызы Индира мен Жанат, ұлы Бектай. Бұл қатарда нағашы атасының жолын жалғап, Алматы қаласындағы энергетика университетін аяқтаған жиені Ақылбек пен ардагердің өзі баққан жиен немересі, Алматы қаласындағы АУЭС Энергетика университетінде білім алған Арсен де бар.

Міне, осындай балаларына арнаған соңғы жазбаларының бірінде Дәужан Қадырұлы:

-Кейінгі ұрпаққа айтатыным, мына тәуелсіз заманда тек қана еңбек етуден шаршамаңдар. Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі – халқымыздың сан ғасырлар бойғы азаттық жолындағы күресінің, сол жолдағы көрген азаптары мен қиындықтарының жадымызда жаңғырып, 25 жылда жеткен жетістіктеріміздің айшықты көрінетін мейрамы. Сондықтан да бұл күні тәуелсіздік жолындағы арпалыстың азапкерлері мен қаһармандары ойға оралатыны сөзсіз. Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді, ат үстінде өткен кезеңдер көп болды. Азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді, талай қиыншылықты бастан кешірді. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліңдер,-деп тәуелсіздік ұрпақтарына егемендіктің қалай келгенін жеткізгісі келген еді.

Осындай тағдырлы жолдар мен жарқын істердің түйінінде Қадыр Дәужанұлының энергетика саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі бүгінде тек естелік күйінде ғана қалған жоқ, ел дамуына қызмет етіп тұрған нақты нысанмен жаңғырып отыр. №134 110/10 кВ Қадыр Дәужанұлы атындағы қосалқы станциясы енді, ардагердің өмір бойы қорғап, жетілдіріп, дамытқан салаға деген адалдығының мәңгілік белгісіндей қалмақ!

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT