Ардақты ұстазға құрмет

ken-zhyloi.kz

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген биылғы Наурыз мерекесінің айрықша тойланып жатқаны ақиқат. Соның бірі - жастардың жасы үлкен қарияларға көрісуі. Мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі қоғамдық үйым өкілдері сақтық шараларын қатаң ұстана отырып, халқымыздың ежелгі дәстүрін дәріптеуде. Аудандық мәслихат депутаты Перизат Қизатова зейнеткер ұстаз Айнаш Жарылғасованың шаңырағына барып, жасы үлкен кейуанаға қазақтың дәстүріне сай көрісіп барды. Ардагер педагог Құлсары қаласындағы 7-учаскеде тұрады. Мыңдаған шәкіртке тәлім берім, білім шуағын құйған ізгі жан әдеп-ғұрыптан аттамай, үлкенге сәлемдесіп, көрісе келген халық қалаулысын құшақ жая қарсы алды. Тағылымы мол әңгімелер айтып, жастарға өсиетін жеткізді. Мұғалім болған жылдарынан да керемет естелік әңгіме шертті.

Депутат Перизат Түркенбайқызы қашанда аудан жастарының мәселесіне бей-жай қараған емес. Қай кезде де «Қазіргі заман – білімділердің заманы» дейтін ол жастарды кітап оқуға шақырып жүр. Жылыой жастары мәдениет пен әдебиетке жақын болса екен дейді. Себебі, ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында екенін жақсы біледі. Оның Айнаш апайдың шаңырағына әдейілеп бас сұғуының да мақсаты - осы көпті көрген байырғы білім саласының қызметкерімен жастар жөнінде әңгіме өрбіту болды. Апай да бір-екі ауыз салмақты ойын айтып, қазіргі білім жүйесіндегі біраз өзгерістер жөнінде де пікір білдірді.

Айнаш апайдың үйіне депутатпен бірге ауданның белсенді жастарының бірі, Т.Құлтумиев атындағы №1 Құлсары балалар саз мектебінің қызметкері Досбол Төлиев те еріп барды. Өнерпаз жас күйші күйден шашу шашып, үйде отырған зейнеткерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Жастардың үлкенге көрсеткен құрметіне риза болған апай алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT