Қараусыз мал иесі айыппұл арқалайды

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы мамандардан топ құрылмақ.

Құлсары қаласы әкімдігінде қала көшелеріндегі қараусыз мал мәселесіне орай жиналыс өтті. Оған қалада тіркеліп тұрған шаруа қожалықтарының жетекшілері, аудандық ветеринария бөлімі, аудандық ветеринарлық станция басшылары қатысты.

Қала әкімі Ернар Ысмағұл қалада 38 шаруа қожалығы тіркеуде тұрғанын айтты. Оның ішінде мал ұстап отырғандары да бар. Соңғы бір ай ішінде қала көшелерінде қараусыз жүрген 50-ден астам ірі қара ұсталып, қамалған. Мал иелері анықталып, ескертулер берілуде. Кейбір мал бірдейлендіруден өтпеген, яғни тіркеуде жоқ екені анықталған. Заң талаптарына сәйкес иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ветеринариялық станция мамандарына бірдейлендіру, таңбалау шараларын пысықтауға ұсыныс берілді.

  Е.Ысмағұл жыл сайын бюджеттен қаланы көгалдандыру мақсатында бірнеше миллион теңге қаражат бөлініп отырғанын жеткізді. Осыншама қаржы жұмсалып, өсірген талдарды аудан тұрғындарының қараусыз малдары жеп, сындырып, қоғамға зиянын тигізуде. ҚР «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» заңының 505-бабында қалалар мен елдi мекендердiң жасыл екпелерін жою және бүлдіруге орай мынадай жаза қаралған:

1. Ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға;

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған жағдайда  жеке тұлғаларға отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу.

Алдағы уақытта қала әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы мамандардан топ құрылмақ. Олар қалада мал ұстап отырған үйлерді аралап, "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы", Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізеді.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521