Қаратон мұнайына - 70 жыл

Өткен аптада Жаңа Қаратон кентінде Қаратон мұнай кен орнының ашылуына 70 жыл толуына байланысты кең көлемде мерекелік шара ұйымдастырылды.

Оған аудан әкімінің орынбасары Жантөре Рашев, кент әкімі Сансызбай Баймұратов, "Жылыоймұнайгаз" мұнай және газ өндіру басқармасының басшысы Ғ.Шанаев, кенттегі ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Молдашев, мұнайшы ардагерлер, мұнайшылар және кент тұрғындары қатысты.Қаратон аумағында мұнай бар екендігі туралы ертеректе белгілі болған.

Алғаш 1947 жылы бұл жерге арнаулы сейсмикалық карта жасалып, сонан кейін бұрғылау жұмыстары жүргізілді. 1948 жылы мамырдың 28-і күні №11 ұңғыдан мұнай фонтанмен атқылады. Ол тәулігіне 250 тонна мұнай беріп тұрған. 1950 жылы Қаратон кен орны Орскіге мұнай айдайтын құбырға қосылды. Қаратон кәсіпшілігінің өндіретін мұнайының көлемі 1956 жылы Терең-Өзек, 1957 жылы Тәжіғали мұнай алаңдарының іске қосылуына байланысты арта түсті. Қаратон мұнайшылар поселкесі пайда болып, жеркепелері орнына қазіргі заманның корпустары, демалыс орны, ағаш отырғызылып, аурухана, мектеп, клуб ашылды. Орта білімі жоқ өндірісте істейтін жастар үшін кешкі мектеп ашылды.

karaton701

Қаратон тарихы осылай жалғаса берді. Міне, бүгінде оған 70 жыл болды. Бүгінгі мерекеде барлығы еске алынып, мұнайшы ардагерлер ұлықталып, оларға сый-құрмет көрсетілді. Мерекеге орай "Қайран, Қаратон" кітабының тұсауы кесілді. Мұнайшы ардагерлерге «Қаратон мұнайына 70 жыл» мерекелік медальдары тағылып, иықтарына шапан жабылды. Мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламада ән айтылып, би биленді. Қаратон туралы ән шырқалып, Маңғыстау облысынан келген термеші Б.Бағдаулетовтың орындауында термелер орындалды. Концерттік бағдарламадан кейін мұнайшыларға "Мұрагер" мейрамханасында дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521