Аралтөбе су қоймасы жобасы қайта жаңғыртылмақ (+ВИДЕО)

ken-zhyloi.kz

Өткен ғасырдың 1993, 1997 жылдары тентек мінез танытып, телегей теңіздей тасыған Жем өзені соңғы ширек ғасырға тарта уақыттың ішінде бұрынғы қарқынынан айрылып қалды. Бір-екі жылдыңтөңірегінде суы Құлсары қаласындағы Қамыскөлге жеткенімен, Қараша көлін толтыра алмады. Су тапшылығы әсіресе өзен жағалай егіс еккен шаруа қожалықтарына қосымша қиындықтар туғызып отыр. Өткен жылы шіліңгір шілдеге жетпей Жем суы арнасының аңқасы кеуіп, бау-бақша, көкөніс дақылдары күйіп кетіп, диқаншылар шығынға батты. Бұл ата кәсіпті қолға алып, мал бағып отырған шаруаларға да оңай тимей тұр. Шабындықтарға су шықпай, былтыр көршілес Қызылқоға ауданынан жем-шөп дайындайтын жер сұрап алуға тура келді. Егер жағдай осы қарқынмен жалғаса берсе, онда ауданның ауыл шаруашылығы саласына қара бұлт төну қаупі бар.

Ендеше бұл тығырықтан шығудың жолы қандай? Міне, осы мәселе мазалаған аудан әкімі Халел Жамалов, орынбасарлары Жантөре Рашев пен Нұрлан Қондыбаевты, аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев сынды жауапты да жетекші азаматтарды ертіп, Жемнің бойын жағалап кетті. Мақсат: өзен бойынан су қоймасын салуды қолға алу, қосымша су көздерін қарастыру.

Аудан басшысы бастаған топ, ең алдымен, Жемнің жағалауынан егіс егіп отырған Мұрат Исағалиев жетекшілік ететін «Аман-есен» шаруа қожалығының егістік алқабында болды. Мұнда ала жаздай су тапшылығын тартқан диқаншылар өзеннің жағасындағы ойпаң жерді қазып, 8 метр тереңдіктен жерасты суын шығарған. Онысын насоспен тартып, шаруашылыққа пайдаланып отыр екен. Х.Жамалов пен оның орынбасарларын қарсы алған шаруашылық жетекшісінің ұлы Асылан Сатқынов су көзін шығарудың технологиясымен таныстырды. Оның айтуынша, мұндай су көздері тек төменгі Жемнің бойында ғана емес, ауданның Иманқара, Қойқара секілді таулы бөктерлерінде де жеткілікті екен. Арнайы маман шақыртып, оның да көзін тауып, су шығарған кездері болған. Тек оған үлкен күш, қаржы қажет. Өкініштісі сол: қазіргі жер астынан шыққан су егістікті суаруға жарамайтын көрінеді. Пайдаланса да күткендегідей өнім алынбайды. Өйткені егіс күн сәулесіне қаныққан, оттегісі мол, атмосфералық ауа температурасымен бірдей Жемнің ағынды суымен ғана суарылуы тиіс. Ал жерасты суы қыста жылы, жазда салқын. Ол тек қана қысы-жазы малды суаруға ғана жарамды. Біз барған уақытта Асыланның моторды қосып, тереңнен су тартуы сол-ақ екен, егістік алқабында жайылып жүрген шаруашылықтың сиырлары жабылып келіп, үйренген суатынан су ішіп жатты.

Аудан басшысы бастаған топты Ақкиізтоғай ауылынан Ақмешітке бұрылатын тасжолдың бойында ауылдық округ әкімі Достан Тілеуов ауыл ақсақалы Орынбасар Шәдіровпен бірге күтіп алды. Олар Х.Жамаловты, ең алдымен, Жыңғылтоғай мен Мәңгіттің тұсындағы Қарасу деп аталатын Жемнің бойындағы үлкен ойпаңға қарай бастап барды. Аумағы ат шаптырым Елдес өткеліне дейін созылып жатқан жыңғылды алқап айналасы биік-биік төбе-жарқабақтармен қоршалған, су қоймасына сұранып тұрғандай. Жем арнасынан асып-тасыған жылдары бұл жерлер суға толып, тұнып тұрады екен. Оны айнала жаяу жүріп қарап, зер салып шыққан аудан басшылары Қарасуды су қоймасын салуға болады-ау деп топшылаған ауыл әкімі мен ақсақалының бір ұсынысы ретінде қабылдады.

Ойпаңның ортасымен өтіп, әрмен қарай Жем арнасына түсіп, алға жылжыған аудан әкімі Х.Жамалов өзеннің арнасының бойында жерастынан шығып жатқан бұлақ көздерін де барып көрді. Өздігінен ағып жататын ондай сулар Қожырдың астында, Жыңғылтоғайда және Үйтастың тұсында бар екен. Күзде Жемнен ағып жататын қызыл су деп жүргеніміз - осы өзеннің жоғарғы бөлігіндегі жерасты сулары. Олар жазда бұғып, күн салқын түскен күзге салым және қыста жер бетіне шығады екен.

Кейін қайтарда аудан басшысы Аралтөбеге де ат басын тіреді. Кеңес дәуірі кезінде бұл жерден үлкен су қоймасының құрылысы аяқталып, ауданның пайдалануына берілуі тиіс-ті. Айналасына түрлі ғимараттар бой көтеріп, енді-енді іске аса бастаған жоба, неге екендігі белгісіз, аяқсыз қалған. Шамасы сол өкімет басындағылар өндірісті өңірге су қоймасын қажет деп таппай, бастапқы сөзінен орта жолдан айнып қалса керек. Кезінде ресейлік ғалымдардың жеті рет өлшеп, бір кесуімен жете зерттеліп дайындалған жобасы қазір аудандық әкімдікте сақтаулы. Оны кезінде еліміздің Парламент Сенатының депутаты болған Сәрсенбай Еңсегенов аудан басшысына табыс еткен еді. Қазіргі аудан әкімі Халел Жамалов, міне, сол жобаны қайта жаңғыртып, Жемнің бойынан су қоймасын салуды қолға алмақшы. Су тапшылығы Сенаттың қазіргі депутаты Ғұмар Дүйсенбаевтың алдына ұсыныс ретінде қойылып, ол бұл мәселені үкіметтік деңгейде көтеруге уағда берді.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521