Қара металл қабылдайтын пункт көбейген

Кейбір мәселелер бойынша бөлім басшысы бірқатар азаматтарды жеке қабылдауына шақырды.

Өткен аптада аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ерболат Досмағұлов өткен жылғы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы аудан тұрғындарының алдында есеп берді. Оған аудан әкімі Азамат Бекет, аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, аудан прокурорының орынбасары Досбол Бағытжанов, өзге де құқық қорғау, заң органдарының, мемлекеттік мекеме-ұйым басшылары мен жетекші мамандары, ардагерлер, жалпы аудан тұрғындары қатысты.

Мінбеге көтерілген Ерболат Бисенұлы өткен 2019 жылы аудандық полиция бөлімі бойынша атқарылған жұмыстарды 2018 жылдың 12 айы ішіндегі деректермен салыстыра отырып баяндады. Бөлім басшысының сөзінен аудандағы криминогендік жағдайдың тұрақты екенін естіп, көңіліміз жайланғандай болып еді. Бірақ баяндама аяқталып, кезек жарыссөзге, сұрақ-жауапқа ауысқанда алғашқы сауалды аудан басшысы Азамат Бауыржанұлының өзі қойды.

-Баяндамаңыздан тек ақпараттық технология саласында ғана 57,7 пайыз өсіңкіліктің бар екендігін білдік. Бірақ өзге қылмыстық құқық бұзушылықтың көбейгендігі туралы ақпарат жоқ. Біз қазір көп болып құқық қорғау саласына қатысты барлық мәселелерді талқылап, олардың шешілу жолдарын іздестіруге жиналып отырмыз. Сондықтан қандай қылмыстардың артқанын жасырмай айтып өтсеңіз,-деді әкім. А.Бекеттің өтінішіне орай, полиция бөлімінің басшысы кісі өлтіру, қасақана дене жарақатын салу, бұзақылық, ауыр санаттағы ұрлықтың, орта дәрежелі қылмыстардың өсіп отырғандығын жасырмады.

Жиналыста Мұхамбетқали Өркенбаев, Гайдар Арыстанов, Ерқұл Дәулетбаев, Рашит Байгуршимов, Екпін Садықов секілді басқа да азаматтар мен ақсақалдар полиция бөлімінің басшысына өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын алға тартты. Дәлірек айтқанда, олар: қазіргі жастар арасындағы топ-топ болып төбелесу, қалаішілік тасжолдарда ақжолақ сызбалардың жоқтығы, бағдаршамдардың іске қосылмауы, соған қарамастан бейнекамералардың жұмыс жасап тұрғандығы турасында болды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қадағалау мәселесі ауызға алынғанда Теңіз кенішінің көп ретте ұмыт қалатындығы, сол себепті ол жақтан да қоғамдастық құру, бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегідей жұмысшылар арасынан ерікті халық жасақшыларын шығару мәселесін қозғау қажет деген ұсыныс түсті.

Е.Дәулетбаев Құлсары қаласында соңғы жылдары қара металл қабылдайтын пункттердің көбейіп кеткендігін, тіпті кейбір учаске ішіндегі тұрғындардың тиісті экологиялық норма талаптарын сақтамай, өз үйінің ауласын темір қабылдауға жалға беріп қойғанын, бұл адам денсаулығына ғана емес, ұрлықтың көбеюіне де кері әсер етіп отырғанын жасырмай айтты. Ал Р.Байгуршимов қала ішіне жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қазкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дала жолдарын таптап, ауылды ала шаңға көміп, Қырғынның шебінін «Жадырасын» ықшамауданының шетіне әкеп үйіп жатқанын айтып, шағымданды. Полиция бөлімі мен аудан әкімдігінен соның заңдылығын реттеуді талап етті.

Әрине, еркін дискуссияда өткен жиналыста С.Сәрсембаев, Қ.Көбенов сынды өзге де азаматтар сауал тастады. Олардың барлығына аудандық полиция бөлімінің басшысы Е.Досмағұлов, аудан басшысы Азамат Бауыржанұлы мен аудан прокурорының орынбасары Досбол Бағытжановтар да нақты жауап қайтарды. Кейбір мәселелер бойынша бөлім басшысы бірқатар азаматтарды жеке қабылдауына шақырды.

Есеп беру жиналысын аудан әкімі Азамат Бекет қорытындылап, айтылған ұсыныстар мен сауалдар есепке алынып, нақты шешім қабылданатын болды.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521