Қара өлеңнің Хан-бибісі ауданымызда болды

Жиырма жылдан бері айтылып келе жатқан «Нурикамал» әнінің қайырмасына қосылмайтын қазақ жоқ.

Жиырма жылдан бері айтылып келе жатқан «Нурикамал» әнінің қайырмасына қосылмайтын қазақ жоқ. Бірақ осы әннің шығу тарихын тыңдаған адамның жүрегі елжіремей қоймас. Қос жүректі жаралаған әйгілі ән – ерлі-зайыптылардың туындысы. Сөзін ақын Ханбибі Есенқарақызы, ал музыкасын Ханбибі ақынның жұбайы Тұрдықылыш Ізтаев жазған. Жұбайының Нурикамал деген сұлу қызға ғашық болғанын көріп, байыз таппаған еріне Ханбибі осы өлең жолдарын жазып береді. Содан «Нурикамал» әні ән әлемінде қалықтай жөнелген.

khanbiby

Айшықты бейнелеу, кібіртіксіз есілу, бір деммен, бір баппен өзіндік сырды шеберлікпен орамалға кесте тіккендей сұңғылалықпен жеткізу де – Ханбибі Есенқарақызының о бастан-ақ қалап алған ақындық қолтаңбасы сияқты. Ал бүгінде Шымкент қаласында тұратын атақты ақынның атажұрты Жылыойдікі, өзінің таздың қызы екенін көпшілік тағы біле бермейді. Міне, өткен аптада Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызы ауданымызға келді. Ал ақынмен бірге оның шашбауын көтере келгендердің басында атақты жазушы Дулат Исабеков, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, айтыскер ақын Маржан Есжанова болды.

khanbiby4

«Қара өлеңнің Хан-бибісі» деп аталған шығармашылық кеш мәдениет үйінде өтті. Оған аудан әкімі Азамат Бекет бастап, поэзияны жаны сүйетін жалпақ жұрт көп жиналды. Төрде отырған ақын апамызды көргенде, расында, «Ханның қызындай Ханбибі» деген ел аузында жүрген сөз тіркестері ойымызға орала қалды. Өзінің талантын халқына әлдеқашан мойындатып қойған ақын апаның болмысының өзі ерекше екен. Хан апасына айналып, атан тарта алмас қыруар рухани қазына-байлық жиған Ханбибі Есенқарақызы сондай-ақ биыл жетпістің жотасына шығыпты.

khanbiby3

Кешті ақын Бүркіт Базарбаев жүргізіп отырды. Алдымен, туған жеріне келіп, халқымен жүздесіп отырған Ханбибі Есенқарақызына аудан басшысы Азамат Бауыржанұлы қош келдіңіз айтты. Бұл күні ақын поэзия оқыған жоқ. Бірақ таңдамалы шығармаларының он томдығын жылыойлықтарға ала келді. Бір емес, екі бірдей топтама кітабының тұсауын алғаш Жылыойда кесуін ақын апа былай түсіндірді:

-Мен Атырауға келерде Жылыойда кеш өткізу жоспарда болған жоқ. Содан менің Атырауда шығармашылық кешімнің өтуіне мұрындық болған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «Мен осында келген екенмін, демек, Құлсарыға міндетті түрде баруым керек. Ол жер – менің бабаларымның табаны тиген жер. Ол – менің әкемнің кіндік қаны тамған жер. Сондықтан мен кітабымның тұсауын сол топырақта кесуім керек» дедім. Бұл кітаптар аудандық кітапханаға міндетті түрде келеді. Барлығыңызды кітаппен танысуға шақырамын,-деді.

Алыстан ат арылтып келіп, жылыойлықтарға осылайша құрмет көрсеткен ақынға көрермендер де зор қошеметін аямады.

Бұдан соң сахна төріне жазушы Дулат Исабеков көтерілді. Ол әңгімесін «Ханбибі – оңтүстік өңірінің ғана ақыны емес, түркі тілді ұлттарға белгілі, әсіресе өзбек, қырғыз бауырларымызға танымал, тонның ішкі бауындай жақын тартатын ақын» деп бастады. Бұдан соң оның ерекше ойлайтыны, батырлығы, ірілігі, өз басындағы қиыншылық пен азаптың өзін трагедияға айналдырмай, бір сөзбен жеңіл, анық айта салатыны көпшілікті қайран қалдырып жүргенін әңгімеледі. Оның поэзиясының өткірлігін айта келіп, Ханбибі Есенқарақызының Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екенін тілге тиек етті.

Елімізге танымал композитор Құралай Сәтмұхамбетова ақынның сөзіне жазылған атақты «Алтынай» әнін орындады. Сондай-ақ «Ауылға барам» әнін тамылжыта шырқады. Айтыскер ақын Маржан Есжанова ақынға жылы лебізін айта келіп, жылыойлықтарға шығарған өлеңін оқып берді.

Ханбибі Есенқарақызының өнердегі ақын сіңлісі Сәулеш Шәтенова да сахна төріне көтерілді. Ол ауданға алғаш келіп жатқан Дулат Исабековке Жылыойдан небір батырлар мен аты аңызға бергісіз Қыз Данайдай тарихи тұлғалар шыққанын, Ханбибі апа солардың жұрнағындай, оқырман оның туындыларынан қайсарлықтың белгісін көретінін әңгімеледі.

Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтің Сәулеш Шәтеноваға айтқан «Қаламыңның ұшы – алтын, найзалы» деген теңеуі де тегін емес екенін, батыстың қыздарының өлеңдерінен батылдықтың лебі есіп тұратынын жеткізді. Сонысымен ерекшеленетін Ханбибі Есенқарақызының өзіндік үні мен әуені бар, кең тынысты кемел ақын екенін айтып, шығармашылық шабыт тіледі.

Аудан әкімі Азамат Бекет пен Құралай Сәтмұхамбетова салтанатты түрде кітаптардың лентасын қиды. Ақын жаңа туындыларын аудан басшысы мен кәсіпкер Әлімжан Балжігітіовке сыйға тартты. «Нурикамал» әні орындалып, жас қаламгерлер арнау өлеңдерін оқыды.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT