Қара алтынмен бірге еңбек дүбірі қайнаған қазыналы өлке жылыойлықтар аудан әкімінің жұмысына риза екендігін білдірді

Кеше аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Азамат Бекет «Жылыой ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылғы міндеттері туралы» аудан халқы алдында есеп берді.

Есеп беру жиналысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихат хатшысы С.Лұқпанов, облыстық әкімдіктің дербес басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан активі, мемлекеттік мекеме-ұйым жетекшілері, аудан ардагерлері, қоғамдық ұйым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жалпы аудан тұрғындары қатысты.

Мінбеге көтерілген аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы, алдымен, өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, негізгі көрсеткіштерді атап көрсетті.

- Ауданымыз былтырғы жылды толағай табыстармен аяқтап, 2019 жылға да осындай жетістіктермен аяқ басты. Аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 трлн 460 млрд. теңгені құрады, ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 135,1 пайызды құрап отыр. Мұнай 31 млн. 500 мың тонна, 101.5 пайыз (2017ж –31 млн. 300 мың) және газ 15 млрд. 800 млн. текше метр, 98,7 пайыз (2017ж – 16 млрд.) өндірілді. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі – 99,7 пайыз. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі - 3 трлн. 103 млрд. теңге, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 205 пайызды құрады. Аудан бюджеті бойынша жергілікті бюджетке 26 млрд. 268 млн.теңге кірістер бөлігі жоспарланып, нақты түрде 27 млрд. 522 млн. теңге салық түсті немесе жоспар 104,8 пайызға орындалды. Шығыстар бөлігі 28 млрд. 622 млн. теңге көлемінде жоспарланып, 99,9 пайызға игерілді,-деп бастады сөзін аудан басшысы.

А.Бекеттің баяндауынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 444 млрд. 142 млн. теңгені құраған, ол былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 107,6 пайызды көрсетеді. Аудан аумағында жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған жаңа жерлерге инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Құлсары қаласындағы «Болашақ», «Атырау» ықшамаудандарына және Жаңа Қаратон кентіне ауыз су құбырларының құрылысы аяқталып, онда электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуда. Құлсары қаласындағы «Береке» және «Мұрагер» ықшамаудандарынан 280 орындық 2 балабақшаның, аудандық орталық кітапхана, мұражай, Өнер мектебі мен №5 мектеп жанынан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Игілік» бағдарламасы аясында Майкөмген ауылынан денешынықтыру және сауықтыру кешені мен 100 орындық балабақша құрылысы аяқталуға жақын, ол 2019 жылы пайдалануға беріледі.

Аудан көлемінде инфрақұрылымды дамыту саласындағы негізгі факторлардың бірі тасжол салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу екендігі белгілі. Бұл ретте, Құлсары қаласынан асфальттауды қажет ететін көшелердің жалпы ұзақтығы 107 шақырымды құрайды. Аталған жұмыстар 3 кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең бойынша жұмыстар атқарылып, күні бүгін 5,7 шақырым тасжол төселді. Мұның ішінде 14 ықшамауданды қамтитын 45 шақырымдық көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын табады.

Қала ішімен өтетін Құрсай өзегін тазалау жұмысының жобасы бойынша абаттандыру және құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталып, жалғасын тауып келеді.

Аудан басшысы кәсіпкерліктің дамуына айрықша тоқталды. Қазіргі таңда 6693 (2017 жылы 6638) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішінде 5619-ы нақты жұмыс жасап тұр (2017 жылы 5478) екен.

Кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 13 мың (13 868) адамнан асса, 2017 жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда тіркелген субъектілер саны 1,8 пайызға, жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 2,5 пайызға және жұмыспен қамтылғандар саны 16,7 пайызға өсіп отыр. Аудан кәсіпкерлері 25 млрд. 760 млн (2018 жылдың I жартыжылдық жағдайымен) теңгенің өнімін шығарып, жергілікті бюджетке 16,7 млрд теңге салық түсірді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда салық түсімі 2,8 есеге, шығарылған өнім 3,3 пайызға артты. Жұмыс жасап тұрған 5619 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің басым бөлігі көтерме, бөлшек сауда (1863) және өзге де қызмет түрлерімен (1219) айналысады.

Ауданда 713 кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетеді. Өткен жыл басынан бері 32 кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 480 адамға консультациялық кеңестер және 171 жеке кәсіпкерге есептілік бойынша көмек, 26 адамға бизнес-жоба дайындалып берілді. «Бизнес кеңесші» жобасымен 75 адам курстан өтсе, «Бастау - Бизнес» бағдарламасымен күні бүгінге дейін 175 адам оқытылды. Бұдан басқа 1000-нан астам адамның қатысуымен 20 көшпелі мәжіліс өткізіліп, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламалары түсіндірілді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері төмендегі бағдарламалар бойынша несие алуға қол жеткізді. Тарқатып айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін 165-ке жуық жаңа жұмыс орнын ашқан 3 млрд. 792 млн. теңгенің 109 жобасы мақұлданды. Осы бағдарлама шеңберінде 77 жобаға 1 млрд. 19 мың теңгеге кепілдендіру және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 7 млн. 263 мың теңгелік грантқа 3 жоба ие болды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 42 адамға мал басын көбейтуге, техника сатып алуға, дүкен ашуға және басқа кәсіпкерлік бағытқа барлығы 311 млн. теңгеге несие беріліп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 жобаға 721 мың 500 теңге грант берілді. «Теңізшевройл» ЖШС әлеуметтік инвестициялар бағытымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жарқыра» бағдарламасы бойынша бір жобаға 3 млн. теңге пайызсыз несие берді.

Алдағы уақытта да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.

Шағын және орта буын бизнесті сөз еткен кейін аудан әкімі А.Бекет аудан ауылшаруашылығының ахуалынан да айналып өте алмады. Оның айтуынша, ауданда күні бүгін 17 040 бас мүйізді ірі қара, 69 635 бас қой-ешкі, 8 491 бас жылқы,7 920 бас түйе, 97 622 бас құс өсіріледі. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара және қой-ешкі 103 пайызға, жылқы 107,9, түйе 100,9, құс 114,7 пайызға көбейді. Осы мезгілде тірілей салмақпен есептегенде 5 844,8 тонна ет, 5 907,1 тонна сүт, 23 млн. 13 мың дана жұмыртқа өндірілді. Былтырмен салыстырғанда ет өндіру 103,4, сүт 103, жұмыртқа 172 пайызды құрады.

Есепті жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 3 шаруа қожалығы 72 млн. 250 мың теңгенің жеңілдетілген несиесін алып, мүйізді ірі қара (85) және қой (1370) малын сатып алуда. Егін шаруашылығы бойынша 12 шаруашылық 167,5 гектар жерге егін егіп, 650 тонна көкөніс, 2036 тонна бақша өнімдерін алды.

Өлкеміз өндірісті өңір болса да, қарапайым халықты жұмыссыздық жайы толғандырады. Сондықтан Азамат Бауыржанұлы бұл мәселеге де айрықша тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, жұмыспен қамту орталығының есебіне 3834 жұмыссыз тіркелген екен.Оның 3951-і тұрақты жұмысқа орналастырылыпты. Жыл басынан бері 4994 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде қысқа мерзімді курстарға 388, әлеуметтік жұмыс орнына 85, Жастар тәжірибесіне 89, ақылы қоғамдық жұмысқа 484 адам жіберілген. Жыл басынан бергі 17 рет өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 2276 жұмыссыз қатысып, оның 920-сы қос қолына бір кәсіп көзін тауыпты.

Ауданы бойынша 2233 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бала жастан мүгедек 425 бала есепте. Олардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары негізінде кезең-кезеңімен жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі енгізілгені белгілі. Аталған көмек екі түрге бөлінеді: шартты және шартсыз ақшалай көмек. Осы мақсатта 182 отбасындағы 966 адамға 43 млн. теңге төленді. Атап айтқанда, шартты ақшалай көмек түріне 155 отбасындағы 835 адам ие болды. Оларға барлығы 35,2 млн. теңге берілді. Ал шартсыз ақшалай көмек түрі бойынша 27 жанұядағы 131 адамға 7,8 млн. теңге тағайындалды. Шартты ақшалай көмек алушылар ішіндегі еңбекке қабілетті 126 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның 78-і тұрақты жұмысқа, 1-еуі әлеуметтік, ал 15-і қоғамдық жұмысқа орналасып, 32-сі кәсіби оқыту мамандықтарына жіберілді.

-Аудандағы білім мен денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Күні бүгін ауданымызда 20 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс жасайды. Жалпы алғанда онда 17304 оқушы білім алады. Ал балабақша саны 21-ге жетті (екеуі – жекеменшік). Мектеп жанындағы 29 шағын орталықта 496 бала, барлық балабақшада 4614 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Әйтсе де балабақша кезегінде 3257 бала тұр. Жалпы қамту 65,1 пайызды құрады,-дей келіп, аудан әкімі: - Былтырғы мамыр айында Құлсарыдан 50 орындық «Зейнеп Әмина және балапандар» атауымен жекеменшік балабақша ашылды. Ал 5 шілдеде қаланың “Автожолшылар” және “Барлаушылар” ықшамаудандарынан әрқайсысы 290 орындық екі балабақша ашылып, қызмет атқаруда,-деп баяндамасын жалғастырды.

2017 - 2018 оқу жылында білім сапасы 55,4 пайызды, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) бойынша орташа балл 78,1 пайызды құрады. Күні бүгін мектептер 100 пайыз интернет жүйесіне қосылып отыр. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 1577 мұғалім еңбек етеді.Биылғы оқу жылында 66 маман жұмысқа орналасты. Аудан әкімінің айтуынша, мектептерге 31 мұғалім жетіспейтін көрінеді. Ал денсаулық сақтау саласында бір көз дәрігері мен бір кардиологтың орны бос тұр. Жалпы ауданда бір орталық аурухана, бір аудандық емхана мен 6 дәрігерлік амбулатория бар. Өткен жылы аудан медицинасы 15 жас маман дәрігермен толықты. Соның ішінде 7 жалпы тәжірибелі дәрігер, 2 акушер-гинеколог, 2 оташы дәрігер, бір тіс дәрігер, 3 терапевт келді.

2018 жыл аудан спорты үшін табысты жыл болды. Өңірімізде өткен 105 әртүрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық іс-шараға 11056 адам атсалысты. Оның ішінде халықаралық - 4, республикалық - 3, батыс аймақтық – 1, облыстық - 35, аудандық – 62 жарыс өтті. Барлық тұрғындар арасында спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатындар саны 19023 адам болса, ол жалпы белсенді халықтың 23,9 пайызын құрайды.Аудан спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде өткізілген жарыстардан жүлделі оралып жүр.

Бұдан кейін аудан басшысы мәдениет саласының қызметіне тоқтала келіп, өткен жылы ауданның 90 жылдығына орай өткізілген іс-шараларды айрықша атап көрсетті. Қоғамдық тәртіп, аудандағы криминогендік ахуал да назардан тыс қалған жоқ. Ауданда былтырғы он екі айда 547 қылмыс тіркелсе, оның көпшілігін ұрлық құрайды екен. Жыл ішінде 261 ұрлық дерегі тіркелсе, 44 жол-көлік оқиғасы орын алды. Әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттері үшін 14520 адамға 125 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 80 млн. теңгесі бюджетке өндірілген. Қала ішінде тұрғындар қауіпсіздігі үшін және қылмыстық іс-әрекеттің алдын алу мақсатында 205 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жарық шамдар орнатылды. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары орын алмас үшін жаяу жүргіншілер өтетін жолақтың үстіне 56 жарықшамдар мен анимациялық жарық белгілер орнатылды. Бұл тұрғындар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай туғызды.

2018 жылы мемлекеттік қызмет көрсетудің 68 түрінен барлығы 66 118 (2017 жылы - 67 788) қызмет көрсетіліпті. Жергілікті атқарушы органдармен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында кент, ауылдық округтер әкімі аппараттарынан қызмет алушыларға электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері насихатталды. Осы орайда 2000-ға жуық ауыл тұрғындарының қатысуымен 84 түсіндірме жұмысы жүргізіліп, қала ішінде халықтың көп шоғырланатын орындарында 9 жәрмеңке өткізіліп, мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға бағытталған түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 4450 тұрғын қысқа мерзімді курстан өтті.

- Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сананы жаңа сапаға көтеруді тапсырды. Осы орайда, аудандағы барлық орта білім беру мектептері, лицей, үш колледж базасында 84 рет дөңгелек үстел мен кездесулер өтті. Әсіресе Жастар күніне орай, кәсіпқой боксшы, Олимпиада ойындарының және Әлем чемпионатының жүлдегері Қанат Исламмен аудан жастарының еркін форматтағы кездесуі айрықша бір тарихи оқиға болды. Ал Елбасы мақаласындағы компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлардың қажеттілігін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Ақкиізтоғай ауылдық округінің кітапханасында «коворкинг орталығы» ашылды. Мақаланың негізгі бағытының бірі - жастарға заман талабына сай үш тұғырлы тілді меңгерту. Осы орайда, «English for Jastar» жобасы аясында ағылшын тілі курсы басталып, Құлсары қаласынан – 65 және Жаңа Қаратон кентінен – 69 жас қайта даярлаудан өтті. Мектептерде жаратылыстану пәнін үш тілде оқытуды енгізу бағытында аудандағы 13 мектепте 20 сынып ашылып, 403 оқушы білім алуда. Оларға осы мақсатта қайта даярлау курсынан өткен 26 педагог сабақ беріп келеді. Ал №8 орта мектеп базасында «Ақылды мектеп» жүйесі орнатылып, іске қосылды. Мектептің кітапханасы мен асханасы электрондық жүйеге қосылып, мектепке 40 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оқушылардың сабаққа келгені және сабақтан шыққаны жөнінде ата-анасына «смс» хабарлама жіберіледі. Бұл пилоттық жобаның басты мақсаты - оқушылар қауіпсіздігі. Елбасы мақаласының негізгі бағытының бірі – ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетімізді жаңғырту. Осы бағытта өткен жылдың желтоқсан айында Жылыойдан шыққан әндердің «Ән қайнары – Кең Жылыой» атты жинағы шығарылды,-деді аудан әкімі.

Баяндама соңында Азамат Бауыржанұлы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Архив 2025» бағыты бойынша «Прорва жеке еңбекпен түзеу лагері» тарихын жария ету мақсатында «Сарайшық» республикалық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары басталғанын хабарлады. Сонымен бірге, биылғы жылы «Тұлпар мініп, ту алған» атты ұлттық жобасын қолдау мақсатында «Ұлы Жібек жолымен – Ұшқан – Құлсарыдан – Сарайшыққа дейін» экспедициясы ұйымдастырылмақшы.

Сөз соңында аудан әкімі А.Бекет өңірімізді одан әрі өркендету жолында атқарылатын алдағы бірқатар мақсат-міндеттерді айтып өтті. Атап айтқанда:

- Құлсары қаласының автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінді. Қалаішілік тасжолды қажет ететін көшелерге асфальт төсеу биыл да жалғасын табады. 2018 жылдың 1 кезеңі (45 шақырым) басталды. (Қалаішілік асфальтты қажет ететін көшелердің жалпы көлемі - 107 шақырым.) Көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін қаржы бөлініп, бастапқы бес қабатты үш үйдің құрылысы басталады. Қала көшелеріне бағдаршам және бейнебақылау камераларын орнату үшін қаржы бөлініп, конкурстық құжаттар ресімделді. Конкурс жеңімпазы анықталған соң жұмыстар қолға алынады. Құлсарыға 11,7 шақырым, Жаңа-Қаратон кентіне бір шақырым көше жарығын жүргізу үшін қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылуда. Ал ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жалпы көлемі 68 шақырымды құрайтын көше жарығын жүргізу жоспарланып отыр. Құлсарыда қалаішілік маршруттардың уақтылы жүруін қамтамасыз ету мақсатында демеушілік көмекпен қосымша 20 автобус алу қарастырылуда,-деді.

Аудан басшысының есебінен кейін жиынға келушілер көкейде жүрген көп сауалдарын қойып, ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.

Мінбеге бірінші болып көтерілген Құлсары қаласының тұрғыны Жолдыбай Өмірзақов болашақта қондырылатын бейнебақылау жүйесі қаланың Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінің бойына да орнатылса деген тілегін жеткізді. Алдағы уақытта құрылысы жүргізілетін көпқабатты тұрғын үйлердің басталатын уақыты, сапасы, көлемі жөнінде сауал тастай келіп, теміржол өткелінен салынатын аспалы көпір құрылысының арты сиырқұйымшақтанып кеткеніне қынжылыс білдірді. Сонымен қатар тазалықты сақтау мақсатында «баклашка» қабылдайтын орындар ашылса деген ұсыныс айтты. Ал аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Майлыбаев аудан әкімінің жұмысына оң баға беретіндігін айта келіп, тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатқан Құрсай өзегінің жағалауынан қала халқының демалысын тиімді өткізу бағытында абаттандыру жұмыстары қоса қолға алынса, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Құлсарының орталығындағы басты көшелерді кеңейтсек, аудан тұрғындарын ауыз сумен жеткілікті қамту мақсатында қосымша жерасты су көздерін қарастырсақ деген ұсынысын білдірді. Қосшағылдық «Дауыл» шаруа қожалығының жетекшісі Манас Ізтұрғанов шаруалар ауданда емін-еркін егін егіп, жем-шөп дайындау үшін Жем өзенінің суын бөгеп, тоған салыну керек пікірін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда жастар ауылшаруашылығы саласына мойын бұрып келе жатыр. Бірақ олар жер алуда кесе-көлденең кедергілерге кезігеді екен. Ал ауданға арзан бәсіне мал сатып алып келген қожалықтар оны ветеринариялық тексеруден өткізбей, жәрмеңкеге немесе базарға сатуға шығара алмайды. Ол қосымша шығынды талап етеді. Сондықтан өзге өңірден келетін мал басы еліміз бойынша базада тіркеулі тұрғандықтан оны қайта-қайта тексерістен өткізудің не қажеті бар деген сауалын ортаға салды. Сөз арасында ауыл кәсіпкері округте тыңғылықты ісімен көзге түсіп жүрген Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Саян Баселовке ризашылығын білдірді. Ардагер-журналист биылғы Қазақстан мұнайының 120 жылдығы аясында тұңғыш мұнай фонтаны атқылаған Қарашүңгілге, туристік базаға енген қасиетті Ақмешітке тасжол төселсе деген тілегін жасыра алмады. Елімізде екінші Алтын адам табылған Аралтөбе қауымының әлі күнге ашық-шашық жатқанына қынжылыс білдірді. Бұл ретте қорым қоршалып, абаттандыру жұмыстарын қолға алмаса болмайды. «Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Шыңғысов қазіргі Қамыскөл көлінің мүшкіл халін айтып, дабыл қақты. Арнасы бөгет үшін төгілген топырақпен тайызданып бара жатқан аудан айнасына Құрсай секілді тереңдету жұмыстарын жүргізуді талап етті. Бұл ретте Нұрлан Қондыбаев секілді ел азаматтарына иек артатынын жасырмады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданнан әк шығаратын және силикат кірпіш дайындайтын зауыт салуды қолға алған «Мағауия» ЖШС-нің директоры Тәжмағанбет Жұбанов аталмыш жобаны толық жүзеге асыру үшін инвестиция тартуды сұрады. Сонымен қатар Қызылқоға ауданындағы Кенбайдың Ескімола деген учаскесінен алған жерін төрт айдан бермен қарай заңды түрде толық иелене алмай отырғанына реніш білдірді. Бұл жер учаскесі - болашақ зауыт үшін таптырмас шикізат көзі. Ал қала тұрғыны Тұрар Шапқара Бақашыдан Құлсарыға дейінгі аралықтағы Құрсайдың тереңдету жұмыстарына көңілі толмайтынын білдірді. Су арнасының бұл бөлігі өзектен гөрі каналға ұқсап кеткен. Сондықтан оның енін кеңейту керек деген ұсыныспен шықты. Әрмен қарай мұнай қалдықтарына қатысты экология мәселесін қозғаған ол облыс әкімінен жеке қабылдауды сұрады. Мінбеге көтерілген №2 Құлсары Балалар саз мектебінің оқытушысы Тілес Тілеуқұлов кезінде сазгер Қосан Үбіғалиевтің бастамасымен ашылған саз ордасының жабылатындығы жөнінде әңгіме көтеріліп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл орайда бюджет қазынасынан бірнеше жүздеген миллион қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимараттың әлі күнге толық пайдалануға берілмей отырғандығын да жасырмады. Тұрғызба ауылының тұрғыны, шаруа қожалығы жетекшісі Асқар Төрамұратов ауылда ат спортының жақсы дамып келе жатқанын, сол себепті бәйге алаңы, денешынықтыру-сауықтыру кешені қажеттігін алға тартса, Құлсары қаласының тұрғыны Гүлжан Қаражігітова бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өздері тұратын көшені асфальттауды талап етті. Ал аудан жастары атынан сөз алған Ербол Шымырбай жас отбасыларға жеңілдетілген бағамен тұрғын үй салынса, жастардың өз ой-пікірін, ашық айтатын орталық ашылса, оған аудан басшысы қатысса деген ұсынысын алға тартты. Осыған ұқсас мәселе көтерген жеке кәсіпкер Марат Бегежановта ауыл жастарының ойын жеткізді. Ол қаланың шеткі учаскелеріне денешынықтыру-сауықтыру спорттық кешендері салынбай, ескерусіз қалып жататынын жасырмады. «Алтын алқалы» ана Орынша Ешпанова өзі тұратын көпқабатты ықшамауданында жылу жоқтығына шағымданып, әскерден келген баласының жұмыссыз жүргеніне қынжылыс білдірді. І ықшамаудан тұрғыны Жадыра Арыстанғалиева өздері тұрып жатқан көпқабатты үйінің көп жылдан бері апаттық жағдайда тұрғанын ашына айтты. Бұл жөнінде арнайы сарапшының қорытынды құжаты да бар. Бірақ соған қарамастан, қарапайым халық қауіп-қатердің астын паналауға мәжбүр болып келеді. Ал ақын Бүркіт Базарбаев ақын-жазушылар үшін тағайындалған облыстық деңгейдегі Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың соңғы кезде берілмей кеткенін еске салса, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіров осындай үлкен жиын өткізгенде халық емін-еркін сиятын Құлсары қаласына бір театр ғимараты тұрғызылса деген тілегін жеткізді.

Жарыссөзде өзге де аудан тұрғындары сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.Қойылған сауалдарға облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы нақты жауаптар қайтарып, кейбір өзекті мәселелерді шешуді облыстағы басқарма басшыларына тапсырды. Аймақ басшысы аудан әкімі Азамат Бекеттің өткен жылғы 12 айда атқарған жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ жиынға қатысқан халық та Азамат Бауыржанұлының жұмысына жақсы лебіздерін білдіріп, риза екендіктерін айтты.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT