Қауіпсіздік – қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. Әсіресе жаз мезгілінде ауа райының күрт ысуы, құрғақшылық пен желдің күшеюі дала және орман өртінің жиілеуіне әкеп соқтырады.
Жалпы осы мезгілде адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті жайттар күшейе түседі. Көп қабатты үйлерде балалардың терезеден құлау оқиғасы, суға шомылу маусымында орын алатын қайғылы жағдайлар да тұрғындардың асқан алаңдаушылығын туғызып отыр. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде алдын алу шаралары да күшейтіліп, халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Бұл жұмыстан аудандық төтенше жағдайлар бөлімі де қалыс қалмады. Жуырда бөлім басшысы Дәурен Берденов онлайн брифинг өткізіп, дала және орман өртінің, балалардың терезеден құлау дерегінің алдын алу, сондай-ақ судағы қауіпсіздік мәселелері төңірегінде маңызды ақпарат берді. Онда жыл басынан бері ауданымызда суға шомылу маусымында атқарылған жұмыстардың нәтижесін де тілге тиек етті.
Жазғы маусым — орманды, далалық және елді мекен аумақтарында өрт шығу қаупі өте жоғары болатын кезең. Өңірде бұл уақыт әдетте көктемнің соңынан бастап күздің ортасына дейін, яғни, сәуірден қазан айына дейін созылады. Осы аралықта ауа райының құрғақтығы, өсімдіктер мен шөптердің кеуіп кетуі, ыстық пен желдің жиілеуі өрттің тез таралуына себеп болады. Жыл басынан бері аудан аумағында далалық алқаптарда тілсіз жау бой көтермегенімен, облыс көлемінде оннан астам орман және дала өрті орын алған. Бұл жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Дәурен Берденов:
- Мұндай оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеміз. Дала алқаптарында өрттің таралуына жол бермеу үшін 32 шақырым минералдандырылған жолақтар салынды. Қосымша екі бильборд пен екі аншлаг орнатылып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Ақкиізтоғай мен Қара Арна ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттерін ашу жұмыстары басталып, арнайы прицепті өрт сөндіру модульдері алынды. Майкөмген мен Жем ауылдық округтеріне бір-бір данадан жаңа “Пикап Л-200” техникасы берілді. Биылғы жылдың сәуір айында аудан аумағында «Өрт-2025» оқу-тактикалық жаттығуы өткізілді. Бұл шара ерікті өрт сөндірушілер мен азаматтық қорғаныс қызметінің дайындығын пысықтап, төтенше жағдай кезінде өзара іс-қимылды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар аудан аумағында дала өртінің алдын алу және орман шаруашылығы мекемелерінің жазғы қауіпті кезеңге дайындығын күшейту мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, комиссия отырысы өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа түсіндіру жұмыстары да қарқын алуда. Дала өртінің алдын алу тақырыбында 35 ақпараттық материал жарияланып, оның ішінде дыбыс зорайтқыш арқылы — 20 шығу, баспа беттерінде — 5 мақала, әлеуметтік желілерде 10 жазба жарық көрді,- деді.
Сонымен қатар бөлім басшысы Атырау аумағында жыл сайын жазғы мезгілдің басталуына байланысты каникул демалысы кезінде балалардың терезеден құлауы мүмкін жазатайым оқиғалардың саны артатынын атап өтті. Бір жақсысы, аудан аумағында биылғы жылы терезеден құлау оқиғасы тіркелген жоқ. Ал 2024 жылы бір дерек тіркеліп, өкінішке қарай, ер адам қаза тапқан. Биыл мұндай жағдай қайталанбауы үшін апта сайын түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, көп қабатты тұрғын үйлердің 35 тұрғынына ескерту беріліп, білім беру ұйымының 10 тәрбиешісі мен 65 оқушысына түсіндіру сабақтары өткізілді. Орналасқан көп қабатты (3 қабат) үйлерде балалардың терезеден құлау қаупін алдын алу мақсатында 25 баламен алдын алу жүргізіліп, 32 жадынама таратылған. Сондай-ақ бес қабатты үйдің 80 тұрғынына ескерту жасалып, 68 дана жадынама үлестіріліп, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылған. Әлеуметтік желілерде де осы тақырыпта ескерту материалдары үздіксіз жарияланып келеді.
Айта кету керек, құлаудың барлық жағдайында балалар жиһазды стенд ретінде пайдаланып немесе москит торына сүйеніп, терезеге өздігінен көтерілген. Негізінен мұндай жазатайым оқиғалар ересектердің тиісті бақылау жүргізбеуінен және бүлдіршіндерді қараусыз қалдыруынан болады және ол көбінесе көп қабатты үйлерде тіркеледі.
Ал өрттің негізгі себептерінің қатарында тұрғындардың алауды немқұрайлы қолдануы, темекі қалдықтарын тастау, от жағу ережесін сақтамау, орман-тоғайда рұқсатсыз жағу сынды оқиғалары бар. Бұл ретте тілсіз жаудың салдары өте ауыр екенін ескерген жөн. Өрт кезінде табиғатқа орны толмас зиян келіп, жабайы жануарлар мен құстар қырылады, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді, елді мекендер мен шаруашылық нысандары өртеніп кетуі мүмкін. Өрттің алдын алу үшін әрбір азамат орманда от жақпауға, жағылған жағдайда толық сөндіруге, қоқыс пен құрғақ шөпті рұқсатсыз өртеуден бас тартуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, қауіпсіздік талаптарын сақтап, өзгелерді де сақтандыруға міндетті. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне жедел хабарласуы қажеттігін білуі тиіс.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ