Анель - " Наурызбай Төлеуов" атындағы стипендия иегері

Анель - " Наурызбай Төлеуов" атындағы стипендия иегері
Фото: Е.Ахметкәрімов

Қазақта «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген даналы сөз бар. Жылыой жұртының ұлағатты ұстазын қалай ұлықтайтынын Ақкиізтоғай ауылына барғанда көрдік. Өткен аптаның дүйсенбісінде Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі, парасатты педагог Наурызбай Төлеуовты №10 Амангелді мектебінің қасиетті қара шаңырағында күтіп алған ауыл мұғалімдері қарт ұстазға айрықша құрмет көрсетті.

Қатардағы мұғалімдіктен басшылыққа дейінгі дәрежеге көтерілген ардагер-ұстаз Наурызбай Төлеуовтың Ақкиізтоғайға табан тірегендегі негізгі мақсаты – оқуда оқ бойы озып шыққан бір озат оқушыға стипендия тағайындау еді. Бірақ білім мен тәрбие жолында аянбай тер төккен жанның туған топыраққа қадам басуы «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» атты мәдени шараға ұласып кетті. Онда ардагер азаматтың осы ауыл мектебіндегі қызықты ғұмырнамасынан естеліктер айтылды. Мектепке сіңірген еңбегі мен өмірінің жарқын сәттерінен фото-стенд қойылып, оқушыларға кеңінен таныстырылды.

Шараны мектептің 8-сынып оқушысы Иманғали Мыңбатыров Құрманғазының «Адай» күйімен ашты. Домбыра үні құлақ құрышын қандырғасын, оқушылар ұстаз өмірінен сыр шертетін бейнебаянға назар аударды. Сөз ұлағатты ұстаз Наурызбай Төлеуовке берілгенде, қалың көрермен мұқият тыңдай қалды. Өзі қызмет қылған мектебінің тарихы туралы көптеген бастан кешкен оқиғаны баяндады. Көңіліне өте ыстық оқу ордасының кез келген кем-кетігін түзеуге өзімен бірге жұмыла кіріскенін әріптестері жайлы әңгімеледі. Қара шаңырақ үшін аянбай қара жұмыс та жасаған мұғалімдердің еңбегін еске алды. Ағай өз сөзінде оқушыларға стипендия тағайындау арқылы олардың оқуға деген ынтасын одан бетер оятуды көздейтінін жеткізді. Бұл, сөз жоқ, білім жолындағы бәсекелестікті арттырудың бір жолы екендігі сөзсіз. Стипендия әр тоқсан сайын бір оқушыға 25000 теңге көлемінде беріліп тұратын болады. Сондықтан оқушыларды оқу бәйгесінде қапы қалмай, алға қарай ұмтылуға шақырды. Және бұл бір жылдық қана шара емес, жылдар бойы жалғасып, «Наурызбай Төлеуов» атындағы стипендия беріліп тұратындығына уәде етті. Сол күні №10 Ақкиізтоғай мектебінің тарихында алғашқы стипендия иегері ретінде 10-сынып оқушысы Анель Кагенованың есімі аталды. Озат шәкіртке арнайы сертификат пен ақшалай сыйлық табысталып, ардагер ұстаздар ақ батасын беріп, жарқын болашақ тіледі.

Сөз алған мектеп директоры Шамшырақ Қобанова да шараның оқушылардың оқу үлгеріміне жаңа серпін беретінін баса айтып, жақсы бастаманы қолдайтынын жеткізді. Өзге оқушылардың да стипендиат атануына тілектестігін білдірді. Ардагер ұстазға алғыс айтып, ұжымға ақ тілегін арнады.

Кеш тізгінін 9-сынып оқушысы Шұғыла Қобыланова алды. Ол халық термесін нақышына келтіре орындап, жиылған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Мәдени шараға қатысқан өзге де ауыл азаматтары жеңімпаз оқушыға жүрекжарды ақ тілегін ақтарып, ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуовке алғысын білдірді.

Ерназ Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521