Ауданда өз ісін ілгерілетіп, қос қолға бір кәсіп көзін тапқан іскер әйелдер қатары көбейіп келеді. Осындай нәзік жандылар қатарының толығуына «Зейін-Атырау» қоғамдық қорының «Қадам» жобасы себеп болып отыр. Жоба аясында былтыр 25 әйел кәсіптік білім алып, 5 мамандықты тегін оқыды. Ал биыл олар екі есеге артып, 50 әйел аспаз, шаштараз, маникюр, тігін және визажист мамандықтарынан тегін курстарды оқып жатыр.
Қаңтар айынан басталған жоба бүгінде бел ортасына келді. Алғашқы жарты жылдықта негізгі 5 мамандықтан бөлек әйелдер, алдымен, психологиялық, бизнес тренингтерге қатысып, жаңа ортаға бейімделді. Өз ісін бастау үшін бойдағы қорқынышын жеңіп, ақшамен қарым-қатынасты, бизнес-жоспарлар жазуды үйренді. Одан бөлек заман талабына сай СММ курсын да оқыды.
Жобаға қатысып, өмірлік миссиясын тауып, дамушы орта қалыптастырған әйелдер жетерлік. Солардың қатарында Нұржанат Айтқұлова да бар. Бес баланың анасы – кішігірім кәсібін нәсіп қылып отырған жанның бірі. Үй ішінен жартылай дайын тағам өнімдерін әзірлеп, сатылымға шығарады. Ол осы "Қадам" жобасы арқылы бизнесін ілгерілетуді, аспазшы мамандығын игеруді көздеген. Айта кетейік, былтыр СММ курсы өз алдына бөлек мамандық ретінде үйретілген-ді. Ал осы жылы аталған курс барлық әйелге бірдей оқытылды. Оның пайдасын барлық қатысушылар секілді Нұржанат та көріп жатыр.
-Бұрын ұялы телефон арқылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуді білмейді екенбіз. Біздер осы жоба арқылы смартфонды, әлеуметтік желіні қолдану жүйелерін толық меңгердік. Фото, видеоға дұрыс түсіруден бастап өз әлеуметтік парақшаңды қалай жүргізуді, таргет жасау жолдарын – бәрін-бәрін үйрендік. Енді осы жерден алған білімді өз кәсібімізде қолданбақшымыз. Жеткен нәтижем үшін өте қуаныштымын,-дейді жоба қатысушысы Н.Айтқұлова.
Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған, көпбалалы, асыраушысынан айырылған жалғызбасты аналарға "Қадам" жобасының таптырмас мүмкіндік екенін бұдан бұрын да жазған едік. Өткен аптада жобаның "Іскер әйелдермен кездесу" атты мотивациялық кеші болып өтті. Кешке қала әкімінің орынбасары Самал Тәжіғалиқызы және жобаны қаржыландырушы "Теңізшевройл" компаниясының Жылыойдағы ресми өкілі Нұрлан Ерғалиев те, биылғы қатысушылардан бөлек, былтырғы түлектер де қатысты. Өткен жылы жобаға қатысқан әйелдердің ішінде де өз кәсібін бастаған, тұрақты жұмысқа орналасқан әйелдер жетерлік. Міне, сол жандар жаңа қатысушыларға тәжірибелерімен бөлісуге, саналарына серпіліс беруге келіпті. Шақырылған қонақтар өз өмірлерінен мысалдар келтіріп, көпшілікке мотивация берді.
-Бұл жоба – "Теңізшевройл" ЖШС-нің қаржыландырып, қолдап отырған жобасының бір бөлшегі ғана. Соған қарамастан, нәтиже керемет. Қатысушы нәзік жандылардың көзіндегі отты, көңіліндегі қуанышты көріп, еңбегіміздің еш кетпегенін ұғып тұрмын. Баршаңызға табысты болуды, бизнесте жетістікке жетуді тілеймін,-дейді ТШО компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев.
Қала әкімінің орынбасары да кешке қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтады. Одан соң ауданға белгілі кәсіпкер әйелдерге сөз беріліп, олар да өз сезімдерімен бөлісті. Жоба жетекшісі А.Шудабаева мен Н.Ерғалиев қатысушыларға сертификат табыстады. Кеш барысындағы әңгіме, ой бөлісу, пікір алмасу арнайы жайылған дастархан басында жалғасты.
П.ҚИЗАТОВА