Аналарға тағзым

Орған тарыны тақырға әкеліп, үйіп, үстінен 4-5 өгізбен жүргізіп бастырады.

Зұлмат соғыс кезінде ерлер майданда етігімен қан кешсе, аналарымыз тылда маңдайларынан тер төгіліп еңбек етті. «Жаңа таң» колхозында осы ақ жаулықты аналарымызбен бірге көшіп, бірге жүрдік. Көрші болып, бір дастарханнан дәм таттық, балаларымен тел қозыдай бірге өстік.

Аналардың көбінің ерлері соғыстан оралмай қалды, аман оралғандары елге келіп, қайтыс болды. Мақаламызда аты аталған бұл кісілердің балалары үйленіп, аналарына немере сыйлап, олар-дағы өмірден өтті. Қазіргі көзі тірісі - Жауқашты екеуіміз.

Қайран аналар колхоздың барлық жұмысын қара нардай қажырлылықпен жасады. Наурыз айынан бастап Ұлы Жемге Бақашының тұсынан күрек, зембіл, қаппен топырақ тасып, бөгет салатын. Сайларды толтырғасын егінге жап салады, атыз салып, суарып, баптайтын. Шілдеде сайдың суы тартылғанда шығырдың астына қолмен арық қазады. Егін піскесін тез ормаса, торғайлар жеп қоятын, ол кезде торғайлар көп еді. Орған тарыны тақырға әкеліп, үйіп, үстінен 4-5 өгізбен жүргізіп бастырады. Сабанды алып тастап отырады, жарамсызын ұшырып жібереді, сосын қоймаға тасып алады. Осыдан кейін жүгері сүрлеуі басталады.Жерді ұзын, терең, сай қылып қазып, ішіне жүгеріні, көк құрақты, қамысты турап толтырады,үстіне көк сүт құйып,тұз салып, бетін жауып, көмеді. Желтоқсан айында ашады, иісі мұрынды жаратын сүрлем дайын болатын.Сиырдың нағыз сүт бергізетін тамағы. Осы шаруалардың бәрін де әйелдер атқарушы еді.

tyl1

Менің анам Қалампыр Өтепбергенова 1916 жылы дүниеге келген, әкем Алдаберген Өтепбергенов 1915 жылы дүниеге келген. Шешем 14 жасында, әкем 15 жасында үйленген. Шешемнің әкесінің бойы 2 метр кісі еді. Оны көпшілік «ұзын Қали» деп атайды екен. Жалғыз інісі Елеу Үйшікте милицияның бастығы болған деседі. Жолдасы Қайшыбайдың қарындасы – аты Бақтылы.Үйшікте соғыстан кейін ерін күтіп, 3-4 жыл атасының қолында отырған. Келмегесін, елге оралып, Наурыз Қатқылбаевқа тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып, өмірден өтті. Жездеміз 90-ға келіп қайтты, соғыс ардагері.

Әкемнің шешесі түйеден құлап мертігіп, отырып қалған. Атасы Өтепбергеннің үйіне темір соқтыратын қонақ көп келетін, екі қойды қуырып, қарынға салып қойып, шетінен жылытып бере береміз деуші еді. Атасы Өтепберген 1865 жылы дүниеге келіп, 1931 жылы қайтқан.

Менің шешем мамыр, маусым айларында таңғы 5-тен кешкі 9-ға дейін өгіз арбамен пішен тасыған. Қасында Өтесін деген азамат екеуі шөп тасып, жинаған, кебен қылып бір жерге үйген. «Ыстықта шабылған шөптің астына жылан, шегіртке, қоныздар тығылады, айырмен көтергенде үстіме саулап түсіп жататын, қолмен қағып жіберіп, жұмыс істей беремін», - деуші еді анам.

Осыдан кейін анам пішен шабылып біткесін, сиыр сауыншысы болып жасаған. «1 адамға 15 буаз сиыр бекітіп береді. Соны күтіп отырып бұзаулатасың. Қыс қатты, қора тесік, күтіп отырмасаң, бұзау қатып өледі. Бұзаулардың аттары бар, атын атағанда қораның аузына келіп тұрады. Сауарда бұзауды емізіп бола бергенде таяқпен иегінің астынан қағып жібергенде, басын шайқап кейін тұрады. Ол кездері сиыр құмда қыстайтын еді. Мал суаруға әр шағылдан құдық қазады. Қаза бергесін шағылда орын болмайды, бұрынғы апанның тың жерінен қазады. Қыста шағырмен шегендеп тастайды», - дейтін анашым.

Бірде адам жетіспей жатқанда шешем жалғыз өзі құдық қазады. Құдыққа ұзын арқан салады. Сыртындағы арқанның шетіне басына шөп байлап, жерге көміп қояды. Ішіне арқаннан тартып, кіріп-шыға беретін теппе жасайды. Бірде апан құлап, әрең үлгеріп шығыпты. Біздер қасында ойнап жүріп, бәрін көрдік.

Пішеншілерге бөлек сиыр саудырып, сүтін біздің шешеміз үлестіретін еді. Адам басына 2-3 литрден сүт береді. Бір колхозшы «Маған сүтті көбірек бер» деп шешеммен жанжалдасып қалған. Ертеңіне жиналыс болып,жиналыста әлгі адамды «Армия семьясының әйелін сабап, зәбір бердің» деп сотқа бермек болған. Ол жыларман болып кешірім сұрап, «Екінші рет қайталамаймын» деп уәдесін берген екен.

Анама 1954-1955 жылдары Москвадағы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне жолдама берілді. Ол Гурьевте жиналысқа қатысып, әрі қарай бармады,себебі сауаты жоқ еді. Сол жылы көрмеге Маханов Ырзабек барып келді.

Біздің үйіміз төрт қанат болушы еді.Соған керек туырлық, үзік, қом арқан, белдеу арқан және тағы басқа керекті заттарды шешем өзі істеп алатын еді. Алаша тоқиды жерге төсеуге, киіз басады, алашадан тары салатын қап тігеді.

Шешем күйгелек мінезді, ақ көңіл еді, өзі көршімен бірге шай ішіп, араласып отырғанды ұнататын көпшіл де еді.

Анам 56 жасында келін түсірмей, немере сүймей, дүниеден өтті.

Жеткізген Алдаберген

1.Мергенбаева Жанбөпе - баласы Бөлекбаев Сәуірбай 1940 ж. -зоотехник.

2.Демегенова Өрік – баласы Нәренбаев Жауқашты 1941 ж.- оқытушы.

3.Сартова Бітім – баласы Ысқақов Мұстафа 1940 ж. – жүргізуші.

4.Жылқышиева Аяухан – баласы Жылқышиев Сабытай 1940 ж. – тракторшы.

5.Байшеркешова Айша – балалары:Арыштанов Жарылғасын,Әліби 1941,1938 ж. – шопандар.

6.Бисенова Ақша – баласы Дәулетқалиев Сыдиық 1939 ж. – шопан.

7.Ақмұрзиева Оңаш – баласы Ақмұрзиев Ағын 1938 ж. - шопан.

8.Битулиева Кіліш – баласы Жаңбырбаев Қалдыбай 1941 ж. – тракторшы.

9.Өмірова Тәрбие – баласы Өміров Ұлықпан 1941 ж. – техник-механик.

10.Өмірова Рабай – балалары Мерген,Дәлубай 1936,1942 ж. – электриктер.

11.Өтепбергенова Қалампыр – баласы Алдабергенов Жеткізген 1941 ж. – жүргізуші,техник-механик.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT