Ана жүрегінің жылуы

Мына дүрия дүниені әлдилеп тұрған ана жүрегіндегі іңкәрлік пен ізгіліктің үндестігін қалыптастырған риясыз махаббат екені аян.

Сондықтан да Жер - Ана, Отан - Ана деп, адам үшін ең қасиетті ұғымдарды ауыз толтырып атаймыз. Бұдан ұлы сөз жоқ. “Қайран біздің аналар, арды ойлаған” қара жерге қадамдарын қадай басып жүргенде тек қана әлем тыныштығын, халық бақытын аңсаумен жалғаннан өтеді екен-ау!

Осыдан бес жыл бұрын жер бетіндегі сапарын аяқтап, бақилық болған Батыр ана, Еңбек ардагері Түймеш Сауытбайқызының өмірі де сөзіміздің айқын айғағы. Өткен ғасырдың 1933 жылы дүниеге келген. Соғыс жылдарында қара бидайдың қауызы мен тарының талқанын талғажау етіп, есек дәмелерін ескек, таудай талаптарын талқайық қып, тағдыр айдынының тайталасына шыққан, тар жол, тайғақ кешуде су мен отқа шыңдалған, қайсар буын өкілі. Кеше ғана мыңнан бір сәби тірі қалған, ақсүңке бейбақ қазақ даласын жалмап өткен, елдің ауызы аққа жарымаған, алда отыз жетінің обасы бар еді. Жүрекке жара, көңілге нала салған, талай боздақты қойдың құмалағындай қорғасынға жалматып, ызғарлы сұрапыл соғыс келе жатыр еді.

Әкесі Сауытбай да ел қорғауға аттанып, қан майдандағы от ішінен оралмады. Енді онға шығар ойын баласының, қабырғасы қатпаған, буыны бекімеген, тұлымды қыздың белін бекем буғаны осы кез. Иә, олар өте ерте есейді. Анасы екеуі колхоздың 50 сиырын бағып, сүтін сауып, қаймағын айырып, таңның атысы, күннің батысы бір мігір таппайтын. Ең қиыны, құдықтан қауғамен су тартып, астауды толтыру еді. Қары салдырап, белі талып, шаршағанда қыстығып жылап алатын қаршадай қыз өзінің болашақ бақыты ғұмыры үшін еңбектеніп жатқанын сезген шығар, бәлкім!? Одан қала берді, далада шөп ору, бидайдың дәнін теру сияқты, тіршілікке қажетті шаруаларға қолқабыс ету міндеті тұратын. Әрине, сәби жүрек соғысқа кеткен әкесін сағынады, ол болса, дәл осылай қиналмас едім деп ойлайды.
Содан темір жол табанын төсеуге қол күші жетпей жатыр деген соң теміржолға кетеді. Тәшкімен зілдей ауыр топырақ тасып, қаршадай ғана қыз анасының ауыр еңбегін жеңілдетуге тырысып бағады.

«Бір қадақ ұн мен тары береді» деген соң, астық қоймасына көмекшілік қызметке тұрады. Қолы босаса, бауырын енді көтерген інісі Балғабайды бағу, тамағын беріп, киімін ауыстыру да өз мойнында. Осылай маңдайдан тері моншақтаған балапан қыздың есіл еңбегінің өтеуіндей болып, жауды ұясында талқандаған Жеңіс күні де келіп жетті. Ал, әкесі қаң майданнан оралмады. Бұл кезде, Түймеш Сауытбайқызы кәмелетке толмай жатып-ақ, босағасы босаған шаңырақтың есігінің топсасына айналған, батыр тұлға бола білуімен бақытты деп білеміз. Екінің бірінің еншісіне бұйырмас, қиын да ғибратты ғұмыр!!! Аңызға бергісіз арманай тағдыр.

19 жасында ұл - қыздарының әкесі, құдай қосқан жары Арынғазы Сәбетұлымен шаңырақ көтерді. Орталық электр стансасында сылақшы болып жұмыс жасады. Еңбек озаты атанды. Жолдасы Арын екеуі он екі бала сүйді. Осынша баланы тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелудің өзі ерлікпен пара-пар. Бағуды айтсаңшы! Осылайша Кеңес үкіметінің “Батыр ана” алтын медалін кеудесіне тақты.

Ерен еңбегі үшін Мақтау қағаздарымен марапатталды. Шындығында да бұғанасы қатпаған жасөспірім бала кезінен ауыр еңбекпен таңын атырып, кешін батырған қиын кездер бастан өтті. Ел тәуелсіздігін жариялаған соң, Қазақстан Республикасының “Батыр ана” алқасын алды. “Тыл және еңбек ардагері” төсбелгісі, “Ұлы Отан соғысы жеңісіне - 70 жыл”, “Тыл еңбеккері” медальдары - Түймеш Сауытбайқызының еңбекпен өрілген өнегелі өмірінің айшықты белгілері еді. Ұлы ұяға, қызы қияға қонды. Бәрін де мәпелеп, аялап, ана жүрегінің Күндей мол сәулесін құйып, мейірімінің шұғыласына бөлеп өсірді. Сол балаларынан көрген 20 немере, 5 шөбере, 6 жиен - үлкен жүректі жанның басты байлығы еді. Баяғы бала күнінде көрген қиындық пен төгілген тердің өтеуі. Мүмкін, ана бақыты деген осы болар.

Иә, Түймеш Сауытбайқызының өмірден озғанына 16 наурыз күні 5 жыл болды. Оны ел есінде қалдырудың қандай шараларын алдық? Ол біздің экономикалық саясатымыздың негізі, ел ерлігінің ескерткіші сияқты тұлға еді ғой. Оның өмірі өткен Құлсары қаласы Қамыскөл поселкесінің 8 ауылының көшесінде неге көлбеп жатпасқа?! Бұл ұсынысты аудан халқы қолдайды деп сенемін.

Бүркіт БАЗАРБАЕВ,
ақын, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521