Ана туралы толғау

Ана. Осы бір үш әріптен құралған сөзге бүкіл әлемнің жылуы сыйып тұрғандай. Көктем мезгілінің алғашқы мейрамдарының бірі - 8 наурыз -Халықаралық әйелдер мерекесі барша нәзік жандар, аяулы аналар күні.

Бұл мейрамда Жер шарындағы құрлықтарда адамзат төл мереке иелерін құттықтап, оларға бар жақсылықты жаудырып, игі тілектерін айтады. Осылайша, бұл күні барша әйел заты ерекше құлпырып, жайнап, жайқала түседі.

Бала кезімізде әр 8 наурыз сайын аналарымызға өз қолымыздан түрлі ашық хаттар әзірлеп, ішін жүрекжарды құттықтау сөздеріне толтырып, қуантуға тырысатынбыз. Сол сәттен бастап мен бұл күнді мейірімді аналар мейрамы ретінде көремін.

Ана бір қолымен әлемді тербетіп, бір қолымен бесікті тербеткен, жер бетін өзінің ақ – пейілділігі мен баурайтын ең мейірімді жан. Әр адам анадан жаралған. Ана - әрқайсымыздың да өмірімізден ойып тұрып орын алатын ең қымбат адам. Аяулы аналарымыздың құрсағыңда жатқаннан бастап ол- біздің сырласымыз, қолдаушымыз, тілеушіміз әрі ең сенімді досымыз бола білді. Түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бағып – қағып әлпештеп, жиған – тергенін баласына ұсынатын, мына жалған өмірде адам болып қалыптасып, өз орнымызды табуға үлкен үлесін қосқан жан.
Әлемдегі ең жұмсақ алақан мен жанды жылытар жүрек анаға ғана тиесілі. Мамықтай жұмсақ қолымен басымыздан сипап, арқамыздан қаққаны бойымызға сарқылмас сенім мен күш – жігер ұялататыны рас. Сағымыз сынып жабырқаған сәтте әркез жанымыздан табылып, кең жүрегінен шығып жарамызды жазатын жылы сөздерін айтсаңшы ,шіркін!

Ал аналық махаббатты тілге тиек етпеу мүмкін емес. Аталмыш аналық махаббат - өзгелердің көзіне көрінбейтін, тек қана ана мен баланың арасында туындайтын тартылыс, сүйіспеншілікке толы сезім, сиқырлы күш. Жарық өмір сыйлаған ардақты аналарымыз туралы қанша жыр жырлап, өлең арнап, жүрек жібітер жазбалар қалдырсақ та аздық етері анық!

Жырақта жүрсек те ,өмірімізде орын алып жатқан әр жайтқа ана жүрегі дамылсыз қағып сезіп отырады. Сондықтан да, бүкіл дүниежүзі тойлайтын 8 наурыз мерекесінде ақ тілекті, сый-құрметті алдымен аналарымызға арнайық!

Олар бізден, алтынмен аптап, күміспен қаптауды талап етпейді. Уақытымызды жандарында өткізіп, көңілін аулап, жылы сөз арнап, гүл шоқтарын тарту етіп, жүздеріне күлкі ұялатсақ ,бұл- біздің аналарымыз үшін ең бағалы сыйлық болып табылады. Себебі, анамыздың жанында өткізген әр санаулы уақыт – құнды әрі сауапты іс.

Әрбір отбасындағы аналар шаңырағына күлкісі мен шуағын шашып, әр отбасын жымиысымен жылытып аман отырсын. Анашымның жымиып бір күлгені мен үшін зор бақыт! Жер бетіндегі барлық аналар аман жүрсін!

Аида Владимирқызы
АБДРАХМАНОВА,
№ 16 Далабай Жазықбаев атындағы жалпы орта білім
беретін мектептің 11 сынып түлегі,
Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521