Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне сұхбат берген еді. Басылым бетіндегі сапалы әңгіме саяси маңызы зор және мәдени мәселелерді кеңінен талқылады.
Ел президентінің қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлттық бірегейлік пен мәдени мұраны сақтау жайындағы пікірлері қазақстандықтардың назарын бұрғызды. Әсіресе, тіл мәселесіне, оның ішінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын нығайтуға ерекше мән берді. Ана тіліміз жөнінде ол:
-Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек,-деді сұхбат барысында. Сондай-ақ қазақ тілінің кеңінен қолданылуы тек мемлекеттік басқару органдарымен ғана шектелмей, білім, ғылым, ақпарат және мәдениет салаларында да басымдыққа ие болуы қажет екендігін және жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру, оны заманауи технологиялар мен білім беру жүйесіне енгізу бағытында маңызды қадамдар жасау керектігін жеткізді. Бұл мен үшін өте орынды пікір. Себебі тілдің қоғамдық өмірде орны мен маңызы артқан сайын, ұлттың рухани тұтастығы да нығая түсетіні рас.
Мұндай міндеттердің жүзеге асуы үшін қоғамның барлық деңгейінде біртұтас күш-жігер қажет екені анық. Сондықтан “бірлік бар жерде тірлік бар” демекші ана тіліміздің құнын түсірмей, бірауыздан мемлекеттік тілдің мерейін арттыруды жиі ойлауымыз қажет.
Дәулет Мәдиев,
#17 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі