Қамыскөл жағалауы екінші «қоқыс полигонына» айналып барады

Жағалаудағы табиғаттың әсем көрінісін көріп таң тамаша қалдым.

Ұмытпасам, осыдан екі жыл жарым бұрын болса керек, яғни ерте көктемде аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ауданның белсенді азаматтары, дәлірек айтқанда, депутаттар, қоғамдық ұйым жеткшілері, еңбек ардагерлері мен шаруа қожалығы жетекшілерінің қатысуымен жиналыс өтті. Оған төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағынов, сол кездегі қала әкімі Қаржау Шарғабаев күн тәртібіне Жем өзеніне келіп тұрған азғантай суды қала мен далаға бөлу мәселесін қойды. Билік басындағылар тасқын судың бағытын, ең алдымен, Қамыскөлге құюды көздеді. Өйткені сол кезде ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы арқылы бөлінген қыруар қаржыға Құрсай өзегінің арнасы тереңдетіліп, жағалауында абаттандыру жұмыстары аяқтала келген еді. Ұлы Жемнен Құрсайға дейін канал қазылып, суды еш шашау шығармай тіке көлге құюға мүмкіндік туған болатын.

Әрине, аудан мен қала басшыларының бұл ұсынысына ауыл кәсіпкерлері бірден қарсы шықты. Ал Құлсары қаласында тұратын аудан азаматтары, керісінше, қызу қолдады. Сөйтіп аудан әкімдігінің мәжіліс залында қызу пікірталас туындап, қалалықтар мен далалықтар қызыл кеңірдек болып айтысуға дейін барды. Ақыры Жем суы бірінші кезекте Қамыскөлге құйылатын болып шешілді де, сол күні жаңадан салынған шлюз ашылып, өр су су жаңа канал арқылы Құрсайға қарай ағып, көп ұзамай қаланың айнасына айналған көлдің арнасы лезде толды.

musorrr

Аудан басшылары мен белсенді азаматтарының шырылдауының жөні бар еді. Өйткені екі жыл қатарынан жарытып су келмеген Қамыскөлдің халі мүшкіл болатын. Арнасының тартылып қалғаны соншалық, тіпті 8-учаске тұсындағы айдын құмырсқаның беліндей болып үзілуге шақ қалған-ды. «Ол жерден арғы бетке жаяу адам кешіп өтуге болады!» деп шырылдады Қамыскөл тұрғыны, «Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Шыңғысов. Міне, содан бері әр көктем сайын көлімізге үзбей су келіп тұр. Қамыскөлдің өзі түгілі, оның арғы бетіндегі қос Ащыкөл де толып, «Береке-2» ықшамауданының тұрғындары да мәз болды.

...Өткен мамыр айының аяғында таңнан ертелетіп көлдің арғы бетіне арнайылап барған едім. Жағалаудағы табиғаттың әсем көрінісін көріп таң тамаша қалдым. Ну қамыс, көкорай шалғын шөп, қиқулаған түрлі құстар үні еріксіз елітеді. Су айдынында ертемен қайыққа мініп, ау салып, қармақ тастап отырған балықшылар да бар. Осындай кереметті көріп, санаторий, курорт іздеп ешқайда барудың қажеті жоқ екен деген ойда қалдым. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады.

Шіліңгір шілденің бір күнінде демалып қайтайық деп кешкісін үй-ішімізбен Қамыскөлдің арғы жағалауына келген едік. Сізге өтірік, маған шын, ине шаншар орын жоқ. Жағалай демалып отырған адамдар. Тіпті, кейбіреулер отбасымен келген. Далада от жағып, қазан асып, темір шәйнекпен шәй қайнатып жатыр. Амалсыз, жыңғыл тоғайы қалыңдау тұсқа қарай бет алдық. Сөйтсек ол қуыстар да нағыз қайнаған «отырыстың» орталығы болып шықты. Ішімдік құмарлар осы жерде отыр екен. Қалың жыңғылдың арасынан жартылай жалаңаш, қисалаң-қисалаң еткен еркектер шыға келгенде әйелім мен бала-шағамның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Аттың басын еріксіз кері бұрдық. Карантинде үйде қамалып, әбден шаршаған жұрт шектеуге қарамастан сенбі-жексенбі күндері кешкісін көл жағалауына асығатынын сонда білдік. Вирустың осындайда бір-біріне жұғатынымен ешкімнің шаруасы жоқ. Ал ішіп алғандар біреулер айтқандай, арақпен ағзасына «дезинфекция» жасап жүрмін деп ойлайды-ау.

Әрине, бұл өз алдына бөлек мәселе. Айтпағымыз ол емес. Бір күні түс әлетінде көлдің арғы бетіндегі жолмен зулап келе жатып, Қамыскөлдің жағалауына тоқтадым. Астапыралла!!! Алдында келіп кеткен жағалауымызды танымай, жағамды ұстадым. Көлдің жағасы жағалау емес, бейне қоқыс полигоны секілді. Айнала шашылған бос пластик құтылар , арық-шарап пен сыраның шыны бөтелкелері, сүт пен тәтті сусындардың қағаз қалбырлары, ашылған консервілер, желмен ұшқан целофан қалталар дейсіз бе, аяқ алып жүре алмайсыз.

Көлдің арнасынан ескен салқын самалды еріксіз жағадағы қолқаны қапқан жағымсыз сасық иіс бұзып жібереді. Демалушылар қазан асып, шәй қайнатқан болу керек, күйік шалған кірпіш тастар да теңкиіп жатыр. Жағада шашылған қоқыстардың бірқатары су бетінде де қалқып жүр. Мына көріністі көріп, кімді кінәралымды білмей састым. Қазақтың «Қарғайын десем жалғызымсың, қарғамайын десең жалмауызсың» деген қаттылау айтқан мәтелі есіме түсті. Ренжіп тілдейін десем өз қазағыма тиеді. Өйткені, өткенде кешкісін көл жағалай демалып отырғандардың арасынан бірде бір өзге ұлт өкілін көрмеген едім. Бәрі де өз жерлестерім, өз қандастарым.

Енді мынау не?! Осыдан екі жыл жарым бұрын қалада тұратын ел азаматтары далалық шаруагер ағайындармен қызыл кеңірдек болып айтысып, кім үшін Қамыскөлге су келтірді? Кім үшін аудан айнасына айналған көлдің тағдырын көздің қарашығындай қорғап қалды? Аудандық мәслихат депутаты Талғат Майлыбаев «Кең Жылой» газетіне «Арнасы тарылып, аңқасы кепкен Қамыскөл»» деп проблемалық мақала жариялап, кім үшін дабыл қақты? Осылай жағалауында бейберекетсіз демалып, арнасының аузын лас қоқыстармен көміп тастау үшін бе? Екі жыл қатарынан су келмегенде қандай күй кешіп едік?

Құлсарының көшелерінде сәл жел тұрса, ала шаң көтеріліп, экологиялық апатқа ұшыраған Арал аумағында жүргендей күй кешетін ек қой! Енді, міне, сол күндерді ұмытып, барымызды бүлдіріп жатырмыз. Бүйте берсе, Қамыскөл көл емес, жағалауы қаланың қоқыс төгетін екінші полигонына айналып кетпесіне кім кепіл?! «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осы да. Керемет көз сүйсіндірер табиғатымызды өз қолымызбен ластағанда не табамыз?!

Осы жерде өз өңірлеріндегі Тұздыкөлге барып демалып, әрі ем алып жүрген индерліктердің игі ісі есіме түсіп отыр. Онда тұзға түсуге барған әр тұрғын демалған жерін кетерде жинап, қоқыстарын өздерімен бірге ала кетеді екен. Міне, табиғатқа деген нағыз жанашырлық деп осыны айт! Мол судың қадірін білетін олар тұзды судың тазалығын ойлап, қолда барды бағалай алады. Біздің бойымызда сол қасиеттің бір тамшысы болса ғой! Бүйтіп көл жағасын ластап, ойымызға келгенді жасап жүрмес ек.

...Қазір Құлсары қаласында бір емес, екі бірдей қоқыс өңдейтін зауыт бар. Бірі «Бақай» корпорациясының, екіншісі «Жылыой-Тазалық» ЖШС-ның иелігінде. Бірақ қалада да, далада да тазалық мәселесі әлі шешілген жоқ. Керісінше, Құлсарының ішін қойып, көлімізді қоқысқа толтырып жатырмыз. Тұрғындарға неге сол мекеме басшылары тәртіп беріп, Қамыскөл жағалауын тазаламайды? Қоқыс өңдейтін қос зауытты не үшін салып қойды?

Көл жағасының тазалығы туралы әлеуметтік желілерде де, газет бетінде де мәселе көтеріліп жүр. Көліктерімен келіп, жұмысшыларымен жағалауды бір тазалап өтсе, қоқыс қалмас еді ғой. Әрі өз зауыттары үшін таптырмайтын өнім. Әлде «жаны ашымастың қасында, балтырың сыздамасынның» кері ме?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қаламен бірге Қамыскөлдің тазалығы да бірінші кезекте күн тәртібіне қойылуы керек. Бұл әсіресе қазіргі қауіпті індет бой көтерген карантин кезінде өткір тұр. Өйткені аурудан сақтанудың бір жолы - әр адамның жеке басының гигиенасы десек,ол табиғаттың да тазалығымен тығыз байланысты. Лас жерде түрлі жұқпалы аурулардың қозатынын ескерсек, онда көл жағалауының тазалығына баса мән бергеніміз абзал. Өйткені коқыстар көрмесіне айналған Қамыскөлдің жағалауына жасырын келіп, белгіленбеген тұста шомылып, демалып жүрген құлсарылықтар қарасы әлі де азаяр емес. Ал олардың арасында симптомсыз науқас жандардың жүрмегеніне ешкім де кепілдік бере алмайды.

Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT