АМӨЗ: Экологиялық қауіпсіздікке интеграцияланған көзқарас

Атырау мұнай өңдеу зауыты газтурбиналық электр станциясын (ГТЭС) салуды жоспарлауда. ГТЭС зауыттың жаңа бөлігін сыртқы электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етіп, жабдықтардың істен шығуын барынша азайтады және алау қондырғыларына газдарды мәжбүрлі түрде жіберу қаупін азайтады. Жобаны іске асыру 2028 жылға жоспарланған, ГТЭС-тің қуаттылығы 154 МВт болмақ.

Сондай-ақ кәсіпорында Атырау қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар экологиялық шаралар қарастырылған. Бұл туралы «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратов 6 маусым күні Атырау қаласында өткен «Атырау экологиялық диалогы:Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» аймақтық экологиялық конференциясында айтты.

– Біздің зауыт 1945 жылы іске қосылды. Жобалау және құрылыс жұмыстары барысында зауыт пен жақын жердегі қалалық аудандардың ара қашықтығы 5 шақырым болатын. Кейін қала аумағы кеңейіп, зауытқа қарай жақындай бастады. Сол себепті АМӨЗ зауыт жұмысының қоршаған ортаға әсерін мейлінше азайтуға бағытталған технологияларды қолдануда, - деді ол.
ГТЭС-тен бөлек Атырау мұнай өңдеу зауыты сарқынды суларды тазарту қондырғысын салуды жоспарлауда. Экологиялық жоба Жайық өзенінің суын пайдалану көлемін жылына 57%-ға - 3,9 млн текше метрге дейін қысқартуға және ағынды суларды шығару көлемін 70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Жоба 2023-2028 ж.ж. аралығында жүзеге асады. АМӨЗ-дің төрт технологиялық қондырғысына автоматты бақылау жүйесі орнатылады. Аталмыш жүйе пештер мен қазандықтардан шығатын түтін газдарындағы күкірт диоксиді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі тотығының құрамы бойынша талдау нәтижелерін автоматты түрде реттеуші органдарға жібереді.

Жоба 2024 жылдың басында жүзеге асады. М.Досмұратов сондай-ақ зауыттың механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту, нормативтік-тазартылған ағын су каналын қайта құру және булану алаңдарын қалпына келтіру іс-шараларын қамтитын Tazalyq жобасының барысы туралы да айтты. Механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту аясында мұнай өнімдері иісінің ашық көзі саналатын 6 ашық бассейннің 5-уі демонтаждалды. Механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту жобасы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары 48%-ға орындалды.

Tazalyq жобасынан күтілетін экологиялық эффект: ластаушы заттардың атмосфералық ауаға және жер асты суларына әсерін жою. Экологияға оң әсер ететін іс-шаралардың бірі - АМӨЗ-дің санитарлық-қорғау аумағын көгалдандыру жұмыстары. Санитарлық-қорғау аумағының көлемі 805 га құрайды. Бүгінгі таңда аумақтың 225,7га көгалдандырылып, 125 000-нан астам ағаш пен бұта отырғызылды. Санитарлық-қорғау аумағын күтіп-ұстау жұмыстарына жыл сайын 125 млн тг жұмсалады. 2025 жылға дейін аумақтың тағы 95 га көгалдандыру жоспарланған. 2003-2018 ж.ж аралығында АМӨЗ өндірісті экологиялық жаңғыртудың үш кезеңінен өтті. Нәтижесінде мұнай өңдеу көлемі 2 есе артты. Жаңғырту жұмыстары автобензин құрамындағы күкірт көлемін 10 есе азайтып, мұнай өнімінің сапасын К4 және К5 стандарттарына жеткізуге мүмкіндік берді.

 

Қалдық газдардың шығарындылары 10 есе азайды. Бұдан бөлек замануи технологиялық өндіріс күкірт диоксидінің шығарындылары 12 есе, ал тазартылған сарқынды сулар құрамындағы мұнай өнімдерінің көлемі 36 есе азайды. Конференция соңында «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ мен Атырау облысының әкімдігі аймақтағы экологиялық жағдайды оңалту және қоршаған ортаның сапасын жақсарту жөнінде меморандумға қол қойды.

ҚМГ көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысып, үш жыл ішінде қала аумағынан белгіленген территорияға 10.000-ға дейін ағаш отырғызуға міндеттелді. Әкімдік өз кезегінде су құбырын жүргізу үшін қажетті техникалық шарттарды рәсімдеуде, сондай-ақ практикалық және консультативтік көмек беретін болады. Көгалдандыру жұмыстары аяқталған соң ҚМГ нысандарды әкімдік анықтаған мекеменің балансына тапсырады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521