Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың жарияланғанына төрт айдан астам уақыт өте шықты. Қорқынышты түстей болған көктемгі алапат су тасқыны тұрғылықты халықты әбден әбігерге түсіргені жасырын емес. Жанымыз тыныштық табатын туған мекеннің тілсіз жаудың астында қалып, өсіп-өркендеп келе жатқан қала экономикасының тұралап қалуы көңілге көлеңке түсірді. Десек те, “халыққа қызмет ету – адамдық борыш” екенін түсінетін жанашыр жандардың арқасында бұл айтып келмес апатты да бірігіп ауыздықтадық. Сондықтан ел басына күн туғанда «етігімен су кешкен» ел ішінен шыққан ерікті ерлер ешқашан да елеусіз қалмақ емес.
Осыған орай, өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов табиғи апаттың алдын алу және оның зардаптарын жоюға бір кісідей атсалысқан еріктілерді марапаттап, барша жылыойлық атынан алғыс айтуды ұйғарыпты. Ел басына түскен зілзаланы өз шаңырағына түскен қауіптей көріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», су тасқынынан зардап шеккен жерлестеріне қолынан келген көмегін аямаған жандар өткен аптаның аяғында белді партия ғимаратына жиналды. Марапаттау рәсімінде «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, ең алдымен, биылғы тасқынның ешкім күтпеген табиғи апат екенін атап өтті.
-Аудандағы өткен су тасқыны баршамызды уайымдатқаны рас. Қаншама үйлер су астында қалып, қаншама отбасы туған жерінен жырақтап кетті. Бұндай жағдайды өз туған жеріңде көру өте ауыр. Алайда, осындай сын сағатта жұрт болып жұдырықтай жұмыла іске кірісіп, біртұтас халық екенімізді түсінудің өзі бір ғанибет. Қаншама жан көмек қолын созып, алыстағы ағайынға дейін қарапайым халықты айлап үйіне паналатып, ауызбірлігі мол халық екенімізді тағы бір дәлелдеп өтті. Осындай, ел басына күн туған сәтте өзінің қол көмегін аянып қалмаған жандар да аз емес. Олардың бірін байқасақ, бірін естен шығарып жатамыз. Міне, бүгін ел көзіне түсіп, ерен еңбегін таныта білген еріктілерді Алғыс хатпен марапаттау керек деп таптық. Сіздерге саулық тілей отыра, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,- деген партия басшысы өз марапатын табыс етті.
Олар еріктілер қозғалысын дамытуға және төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, қала аумағында су тасқынының алдын алу жұмыстары кезінде өткен іс-шараларға қосқан өлшеусіз үлесі үшін белсенді партия мүшелері – Нұрболат Нұрмұқанов, Смадияр Сыдықов, Сұлтанбек Жайлыбайұлы, Салтанат Жұманова, Жанат Қабақова, Құралай Орынғалиқызы және Айдана Әнетовалар партия төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл жерде ер азаматтар бөгет тұрғызу жұмыстарын ұйымдастырып әрі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етсе, қыз-келіншектер оларға және ауыл тұрғындарына ас-су, тамақ дайындап, қолдан келген көмегін аямады. Иә, ел басына күн туғанда ішкен асын жерге қойып, халық игілігі үшін білек сыбана кірісетін жанашыр жандардың ортамызда көп болғаны жанымызға жылулық ұялатқаны рас. Халықтың ілтипатына бөленгеннен асқан артық не бар?! Ендеше, мерейлеріңіз үстем болып, әрқашан ел алғысына бөленіп жүре беріңіздер дегіміз келеді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ