Аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекеннің бірі - Ақкиізтоғай ауылдық округінің әкімі Марат Қабиденов тұрғындармен әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде кездесу өткізді. Жасалған жұмыстарға есеп беріп, келер жылдың жоспарымен бөлісті. «Ақындардың ауылы» атанған Ақкиізтоғайдың да мәселесі бірте-бірте шешіліп келеді. Биылғы жылғы атқарылған шаралар туралы Марат Қабиденов:
- Биыл округтегі «Мәңгілік алау» саябағына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құны 24 640 884.80 теңге болатын жобаға мердігер мекеме ретінде «Тагамбай Құрылыс Компаниясы» ЖШС танылды. Бүгінгі күні толық аяқталып пайдалануға берілді.
Округтегі жоғары кернеулі тоқ көздері ауыстырылды. Ондағы орналасқан Жанаев және Боқанов көшелеріндегі жоғары кернеулі тоқ желісі тұрғындардың талабына сәйкес осы қос көшенің сыртқы бетіне ауыстырылды. Жұмыстарды «Атырау-Жарық» ЖШС атқарды.
Округке автомобиль тасжолы салынып және аялдама орнатылды. Жаңадан салынып жатқан 4,8 км автомобиль тасжолының екінші қабаты төселіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар аялдама орнату жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарды атқарып жатқан мердігер мекеме - «Казкомсервис» ЖШС.
Ауылға жаңа спорт алаңы салыну үстінде.Аталған нысанды қараша айының аяғында пайдалануға беру жоспарланған. Құлсары-Ақкиізтоғай бағытына ақ жолақ сызу жұмыстары да аяқталды. Ауылішілік көше жарығы мәселесі де шешілді. Көшелерді жарықтандыру бойынша 14,9 км жарық жүргізіліп, 2024 жылдың ақпан айында пайдалануға берілді.
Жаңадан қаралған жер телімдеріне газ, су желілері жүргізілді. Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі тұрғын үй салу үшін 295 жер телімі, 20 жер телімі кәсіпкерлік мақсат үшін беріліп, газ, су желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Су желісі бойынша «Урал Комплект-KZ» ЖШС - мердігер мекеме атанса, газ желісін «Сұңқар Құрылыс» ЖШС қолға алды,-деді әкім өз сөзінде.
Одан бөлек тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға да дер кезінде жауап беріліп, мәселені шешу жолдары түсіндірілді. Бұл ретте «Ақындар ауылында» да проблемалар оң шешімін тауып, жаңа инновацияға қол созып, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі деген сенім мол.
Е. АЛТАЙҰЛЫ