Атырауда ұлттық спорт түрінен 2 ірі турнир өтеді.
11-12 қазан аралығында Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл елдімекенінде V республикалық «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» турнирі және «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Алтын тұлпар – Жайық жағасында» бәйгесі Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және Атырау облысы әкімдігінің бірлестігімен ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов ӨКҚ-де өткен брифингте мәлімдеді.
- Алдыңғы келген 9 жүйрікке арнайы жүлде бар. Аламанға жүйрік жылқы тұқымдарының барлығы жіберіліп, еліміздің барлық өңірінен және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әрқайсысынан 5 сәйгүліктен қатысады. Ат жарысының қашықтығы – 51 шақырым. Бас жүлде – 10 миллион теңге. Жалпы жүлде қоры 22 миллион теңгені құрайды. Қатысушылардың өтініштері 11 қазанға дейін қабылданады, - дейді Нұрсұлтан Ибрагимов.
Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов 11-12 қазан аралығында Атырау қаласы күніне орай «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі өтетіндігін мәлімдеді. - Турнирдің бағдарламасына көкпар, аударыспақ, теңге ілу, топ және құнан бәйге, жорға жарысы, жамбы ату, аламан бәйге, құмай тазы жарыстары сияқты ұлттық спорт түрлері кіреді.
Жарысқа отандық және шетелдік командалар қатысады. Жалпы жүлде қоры – 32 180 000 теңгені құрайды, - деді Ринат Ибрагимов.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет: ӨКҚ