АЛТЫН БЕСІК ТЕРБЕТКЕН...

Жылыойлық жігіт Жәнібек маңғыстаулық Венерамен 2005 жылы Ақтөбе қаласында жоғары оқу орнын оқып жүріп танысқан. Көңілдері жарасым тапқан екі жас көп ұзамай шаңырақ көтереді. Жылыой жеріне келін болып түскен Венера бүгінде ағайын-туыспен де, көршімен де тату-тәтті тірлік кешіп, өмірге үш қыз, үш ұл әкеліп отырған бақытты, көпбалалы отбасының анасы.

Иә, жас та болса берекелі, өнегелі, көпбалалы, жеке кәсіпкерлер Бірқұлақовтар отбасы жарасымды жұп болып, шаңырақ көтергеніне де жиырма жылға тарта уақыт болды. Отағасы Жәнібек Саясатұлы мамандығы бойынша Маңғыстау облысындағы «Сибу», ЮВСГ «Лукойл», Құлсары қаласындағы «МұнайСервис» ірі мекемелерде он бес жыл еңбек етіп, кейіннен жұбайы Венераның кәсібін қолдап, аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

Әрине, ер-азаматтың табысқа кенелуінің астарында нәзік жандының бойындағы мықтылық, алып күш пен ақыл жатқаны анық. Жәнібектің жары Венера өмірге осыншама перзент әкеліп, оларды тәрбиелеу ісімен айналысып, ерінің бабын келістіріп келеді.

- Екеуміз де кейін оқуымызды Алматы қаласындағы теміржол академиясында жалғастырып, тәмамдап, дипломымызды алдық. Құлсарыға келген жылдары тігіншілікпен айналыстым, мемлекеттік бағдарламамен 500 мың теңге грант ұтып алдым. Сол салада тоқтап қалмайын деген оймен кейін Алматыдан косметология мамандығын меңгердім. Жылыойдан жеке офис ашып, жолдасыммен бірге кәсібімді бастап кеттім,-дейді Венера Шырақбайқызы.

Бүгінде кәсіпкер ханымға айналған Венера Қармысова мұның бәрі балаларымның несібесі деп Тәңірге шүкіршілік айтады. Қазірде тірлігі түзу отбасын ел құрметтейді. Жаңа кәсіптерінің де тасы өрге домалай бастаған. Өйткені мемлекеттен қолдау көрді.

- Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алатыны анық. Кәсіп бастап кеткеніміз бізге сол тілекші болған жандардың ақ батасының арқасы деп ойлаймын,- дейді кәсіпкер.

Отбасы үшін басты құндылық – бала. Ал әр бала үшін жанұя – алтын бесік. Әр перзент ата-анасына қарап түлеп өседі, оңы мен солын таниды. Ол өмірдегі әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстауды, адамгершілік әліппесі: кішіпейіл болу, ізеттілік, сыйластық, үлкендермен және кішілермен қандай қарым-қатынаста болу керек сияқты мәселелерді отбасында меңгеріп, тәжірибе жинақтайды және оны меңгереді.

Бірқұлақовтар отбасының балалары тәртіпті, сабақ үлгерімі өте жақсы, еңбекқор, үлгілі. Венера Шырақбайқызы балалары оқитын №19 мектептің «Ата-аналар» кеңесінің төрайымы. Кәсібі мен отбасын бірге алып жүрген, адал еңбекпен ұрпағын өсіріп отыр. Тұңғышы Аяулым №19 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында жүріп Құлсары балалар өнер мектебінде Айгүл Қуанова, Нұргүл Елтезерова сынды ұлағатты ұстаздарынан білім алды. Алматы, Астана қалаларындағы байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жеңісті жетістіктерге жеткен. Қазір Аяулым Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде дизайн мамандығын меңгеруде. Ал Жарқын осы мектептің 9-шы, Аяжан 8-інші сыныбында оқиды. Олар мектепте білім алып жүріп, Айым Нұрбергенқызынан қосымша ағылшын курсынан дәріс оқыды, қазір шет тілін өте жақсы меңгерген, еркін сөйлей алады. Ұлдары Нұриман биыл 1-інші сыныпқа барса, Аяла «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеленуде.

Иә, ата-ана - отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері десек, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Отбасы өнегесін көріп өскен ұрпақ болашағына зор сеніммен қарайды. Бұл орайда жанұя – адам ғұмырының тірегі ғана емес, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның басты негізі. Ал, оның басты байлығы - бала, сол перзенттерді жақсы жолмен тәрбиелеп, адамдықтың ақ туын биік ұстайтындай тұлға етіп қалыптастыру – әр ата-ананың парызы. Сол парызды Бірқұловтар отбасы адал атқарып келеді. Олардың өмірі бүгінгі жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға үлгі-өнеге.

Әр ата-ана жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып қалыптасуы үшін қолынан келген барлық жағдайды жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойына жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға – ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші ата – ана. Әрине, ананың ыстық аялы алақаны, әкенің асқар таудай биік тұлғасын, зерделі ой – мақсатын кейінгі ұрпаққа жалғастыру зор бақыт!-дейді Жәнібек пен Венера.

Мемлекетіміздің дамуына, өркендеп өсіп-өнуіне үлес қосатын болашақ негізі әр отбасының жемісі. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Ал өнегелі отбасы – қоғам байлығы. Міне, осы құндылықтарды біз Бірқұловтар отбасынан көре аламыз.

Нұрсұлу БЕРДІБЕКОВА,

аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің мүшесі,

№1 Құлсары қалалық кітапхана меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521