"Алтын алма, алғыс ал"

"Алтын алма, алғыс ал"
Фото: Жастар ресурстық орталығының парақшасынан алынған

2020 жыл еліміздің тарихында ерекше жылнамамен есте қалды. Өйткені Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Президент аталған Жарлыққа 2019 жылы 27 тамызда ресми түрде қол қойды.

ТӘЖ ТАЖАЛЫНА ТОЙТАРЫС БЕРГЕН БАТЫРЛАР

Бұл жыл сонымен бірге бүкіл дүниежүзін дүрліктірген ковид – 19 дертінің таралуымен тұспа тұс келді. Міне, осы сәтте пандемия пәрменіне қарсы болып бірінші қарсы тұрған осы еріктілер болды. Олар тәж тажал төндірген алғашқы айларда-ақ елдегі дәрі-дәрмек тапшылығымен батыл күресіп, тіпті ауруханаларда ақ халатты абзал жандармен бірге науқас жандарға көмек көрсетіп, өз өмірлерін қатерге тікті. Сонда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жалпы ерікті болу еркіккеннің ісі емес және еріктілер еріккендер емес» деп олар туралы өз осындай ой айтқан болатын.

-Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық волонтерлар күні атап өтілуде. Олар, шын мәнінде, қарапайым адамдардың мүдделері үшін қайырымдылықтың, шынайылықтың, имандылықтың символына айналды. Волонтерлік – нағыз патриотизмнің көрінісі. Осы жылды Волонтерлар жылы деп жарияладым. Мен еріктілерімізді мақтан тұтамын және олардың орасан зор әрі пайдалы жұмыстарына, әсіресе, пандемия кезіндегі еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Волонтерлік уақытша науқан емес, ол он мыңдаған азаматтарымыздың жан тебіренісі. Біз әрқашанда біргеміз! - деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы Еріктілер жылын қорытындылауға арналған салтанатта.

Иә, расында Мемлекет басшысы білгендей-ақ, сол жылы еліміздің еріктілеріне зор сенім артты. Сол кездегі ұлттық волонтерлік желінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 30 мыңнан аса ерікті қызмет еткен екен. Ал қазір одан да көп екені белгілі. Өйткені соңғы жылдары әр өңірлерде орын алып жататын оқыс оқиғалардың барлығында құзырлы органдар жергілікті жердегі еріктілердің көмегіне арқа сүйейді.

Егер деректерді сөйлетсек, онда 2002 жылы Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясы «Халықаралық волонтерлар жылын» жариялаған еді. Еліміз сол жылдың өзінде Біріккен ұлттар ұйымының аталған бастамасына қолдау білдіріп, демеушілік жасаған. Сөйтіп 2010 жылы Қазақстанда да ұлттық волонтерлар желісі құрылды. Арада өткен алты жылдан кейін 2016 жылы елімізде волонтерлік қызмет туралы арнайы заң да қабылданды.

«BIZ JASTAR» ЕРІКТІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ

Қазақта «Алтын алма, алғыс ал» деген нақыл сөз бар. Бұл даналық шынымен де еріктілерге қаратып айтылғандай.

Еріктілер аудан аумағында да аз емес. Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Амандықовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірдің ерікті жастарының белсенділігі жоғары. Оны әлі де арттыра түсу мақсатында «Еріктілер клубы» құрылған. Сол арқылы волонтерлық жұмыстар жандана түсті. Қаладағы колледждер мен мектептерге еріктілер клубына мүшелік ету үшін аудан жастары шақырылып, барлығы 80-нен астам еріктінің қатысуымен 34 іс-шара ұйымдастырылған. Соның арқасында «Biz Jastar» еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді және қоғамдық өмірдің түрлі салаларында маңызды рөл атқаруда.

-Ерікті жастар ауданымыздағы қоғамдық өмірден басқа қайырымдылық шараларына, экологиялық акцияларға, «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларына үздіксіз атсалысып, орталықтың іс-шараларына ерікті түрде қатысып келеді. Сонымен бірге спорт пен мәдениетті дамыту мақсатында жұмыстар мен қайырымдылық акцияларына қатысуда. Еріктілер жұмысының сапасын арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған түрлі форумдар, тренингтер мен конференциялар ұйымдастырылды. Қазір еріктілердің танымалдығы артып келеді. Көптеген жастар белсенді түрде қатысып, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда,-дейді Ә.Амандықов.

Ерікті жастардың ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шараның бірі - «Bizdin Vibe» атауымен өткізілген музыкалық кавер кеші еді. Мақсаты шығармашыл, өнерлі жастарды қолдау. Олардың аудандық деңгейдегі мерекелік концерттерге қатыстыруға ықпал ету. Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану. Ол кешке қатысушылар өз еркімен ән айтып, би билейді. Жастар әлемдік хиттердің орындалуын қазақша гитара және жанды дауыс арқылы жеткізеді. Жобада эстрадалық, дәстүрлі ән-би, поэзия өнері, кавер форматындағы әндер шырқалады. Оны тыңдаған кешкі серуенге шыққан қала тұрғындары серпіліп, көңілдерін көтереді.

Жалпы қазір еріктілерді мектеп жасынан тәрбиелеу қолға алынған. Бүгін кей орта және кәсіптік оқу орындарының өз еріктілерінің болуы – соның айғағы. Айталық, Құлсары қаласындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің «Саналы ұрпақ” еріктілер клубы жақында әлеуметтік желіге “Жемқорлыққа жол жоқ!” тақырыбында арнайы бейнеролик түсіріп таратты. Онда пара беруші мен алушының қалай құрықталып, заң аясында тиісті жазаға тартылғаны анық көрініс тапқан. Бұл жобаны колледждің 1-курсының кураторы А.Оңдасынова ұйымдастырды.

Бір сөзбен айтқанда, еріктілік - жастарды патриоттық сезімге баулып, отаншылдық рухта тәрбиелейтін жаңа тетік. Ол бір жағынан ел ертеңінің жұртына жанашыр, мейірімді әрі қайырымды болып қалыптасуына көмектеседі. Ендеше, ел болып ерікті жастарға қолдау білдірейік!

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521