Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова бір топ көпбалалы аналармен жүздесті. Кездесу сән-салтанатымен ұйымдастырылған. Нәзік жандылар үшін дөңгелек үстелге ақ дастархан жайылып, гүл шоқтары әзірленген. Бір кезде бұрынғы әжелеріміздің асыл сынығындай болған алтын құрсақты аналар үстел басына жайғасты. Шетінен 6,7 баланы өмірге әкелген әйелдер. Оларға салтанатты жағдайда ел Президентінің Жарлығымен мемлекеттік наградалар табысталмақ.
Алдымен, Гүлнафис Аязберікқызы сөз сөйлеп, еліміздің демографиясына үлес қосып жатқан аналарға алғысын білдірді.
-Әйел-ана отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиешісі. Балаларды өмірге әкеліп, оларға дұрыс тәрбие мен білім беріп, оқытып, қатарға қосу - аналардың зор қажыр-қайратын талап ететін үлкен еңбек екені белгілі. Соған қарамастан сіздер бала тәрбиесіне де, жұмысқа да, үй шаруасына да үлгеріп жүрсіздер. Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін,-деді. Бұдан соң «Алтын алқа» иегері атанған үш ананы ортаға шақырып, наградаларын табыс етті. Соның ішінде өзінің 7 балаға жарық дүние сыйлап, тәрбиелеп қана қоймай, өзі де жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп отырған педагог та бар екен. Ол - №18 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Айсанова.
–Бала кезімнен көпбалалы ана болуды армандайтынмын. Қазақтың әйелдеріне тән, яғни, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға мейірімін төгіп, немере-шөберенің бесігін тербету сияқты асыл қасиет менің де бойымда бар екеніне қуанамын. Қазіргі жас келіншектер сылтау қылып айтатын «Бала бағуға көмектесетін адам жоқ» деген сияқты ойлар басыма да келмейді . Керісінше үйдегі сыңғырлаған сәбидің күлкісінен, бір-бірімен ойнаған балалардың шуылынан ләззат аламын,-дейді өзі. Қазір Нұргүлдің үлкен 3 баласы студент. Олар да анасына көмектесіп, өздерінен кейінгі бауырларына қарайласады екен.
Бұдан соң Г.Аязберікқызы 6 бірдей балаға дүние есігін ашқан әйелдерге «Күміс алқа» тақты. Бұл күні 12 ана осы марапаттың иесі атанған еді. Олардың басым бөлігі үйде бала тәрбиесімен айналысып отырған аналар болса, ішінде кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер де бар болып шықты.
Дастархан басында марапат иелері аудан әкімінің орынбасарына сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын білдіріп жатты. Өздеріне зор құрмет көрсетіп отырған аудан әкімдігіне алғысын арнады.
Жалпы қазіргі таңда аудан бойынша «Алтын алқа» иегері атанған 604 ана, «Күміс алқалы» 976 ана бар. Қазақтың санын көбейтер алтын құрсақты аналар саны арта бергей дестік.
П.ТӘЖІ