Атамыз қазақ «Қыз – жат жұрттық» деп ықылым заманнан-ақ қыз баланы қатты құрметтеген.
Оның тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беріп, ел мен елдің арасын жалғайтын алтын көпір, болашақ ана деп бойына ұлттық құндылықтың нәрін сіңіре білді. Төркіндеп келсе, төрінен орын беріп, алдына барын тосқан. «Қыз бала – өріс», «Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі», «Қызға бергенді Қызыр өтер», «Қызда қырық көліктік бақыт бар», «Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді» деген мақал-мәтелдер – дәл соның айғағы. Ал пайғамбарымыз үш қыз баланы тәрбиелеп, өсірген анаға жұмақтың бақытын уәде еткен.
Құлсары қаласында тұратын Сәнжан Егдирова отбасында алты қыз тәрбиелеп отырған «Күміс алқалы» ана. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, өзі де көпбалалы отбасынан шыққан ол 2004 жылы отағасы Нұржанмен шаңырақ көтеріп, бүгінде бір әулеттің ибалы келіні атана білді. Отағасымен отасқан 18 жыл ішінде олардың отбасында дүниеге келген қыздарының алды 17 жасқа толады. Сол тұңғышы Дильяра Бисекенова биыл 11 сыныпта білім алып жатса, ең кенжесі Жаңылсын үш жаста. Қыздарының барлығы да қаладағы №13 жалпы білім беретін орта мектепте оқиды.Үлкен қызы - оқу озаты, «Алтын белгіге» үміткер. Одан кейінгі перзенті Атина да оқуға зерек. Биыл 9-сыныпты тамамдап, анасының жолын қуып мейірбике болуды армандап жүр. Үміт, Ұлдана, Кәусар, Жаңылсын атты қыздары да отбасындағы ата-анасының қолқанаты болып өсіп келеді.
Сәнжан Құрамысқызының өзі көп жылдан бері Құлсары қаласындағы аудандық емхананың екпе бөлімшесінде мейірбике болып қызмет атқарады. Алдына келген талай науқасқа дәрігердің тағайындаған ем-домын беріп, құлан-таза айығып кетуіне себепші болуда. Одан екпе қабылдаған жандар тәжірибелі мейірбикенің қолының жеңілдігін айтып, мақтағанын талай естігенбіз.
Сәнжан 1978 жылдың 21 желтоқсанында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының қазіргі Есет ауылында дүниеге келді. Көпбалалы отбасының асыраушысы ретінде бұрынғы Оңтүстік Ембі терең-барлау бұрғылау экспедициясы әкесіне Құлсарыдан пәтер беріп, Егдировтер Жылыой өңіріне көшіп келеді. Құлсары қаласындағы №1 орта мектепті бітірген соң 1996 жылы Атырау қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, оны «Сестралық іс» мамандығы бойынша тамамдайды. Кейін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінен «Педагогика және психология» бөлімі бойынша да мамандық алып шығады.
Қазір мейірбике Сәнжан Егдированың емхананың екпе бөлімшесінде еселі еңбек етіп келе жатқанына 20 жыл болды. Оның еңбегі, әсіресе, кешегі пандемияның өршіп тұрған уақытында байқалды. Сәнжан да өзге әріптестері секілді «қарусыз майданның» алдыңғы шебінен көрінді. Отбасында аяулы ана, асыл жар, әулетке инабатты келін атанған мейірбике мен оның қыздарын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, жер бетіндегі бар жақсылықты тіледік.
Ш.ХАМИТОВА