Алпыс жыл бір шаңырақ астында

Омырауында «Батыр Ана» медалі жарқырап, ақ жаулығы желбіреген аналар бұрынғы дәуірлерде көп болып еді.

Қазақты 70 жыл билеген кеңестік жүйенің заманында да сан ғасырлар қойнауынан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылығымызды сақтап қалған да осы аналар. Оның үстіне, олар ашаршылық, репрессия, соғыс жылдарынан кейінгі еліміздегі демографиялық ахуалды жақсартуға көп септігін тигізді. Қазір қарап отырсақ, сол көпбалалы отбасындағы қазақы тәрбиенің тал бесігінде тербеліп өскен ұл-қыздың жаманы жоқ екен.

Біз әңгімелегелі отырған Рысты Сәбитова осындай алтын құрсақты ананың бірі. Мен апайдың ортаншы ұлы Қонысқалимен бірге өскен соң, бала кезімізде үйіне жиі баратын едім. «Қазаны оттан, шәйнегі шоқтан түспейтін» қасиетті қара шаңырақ «Балалы үй – базар» дегендей, қашан барсаң да үй-іші баланың «базарына» тұнып тұратын-ды. Дастарханы берекелі үйдің әр күні мерекеге, іші де, сырты да бірлікпен тынатын тынымсыз тірлікке толы болатын. Ұлдарының бірі ауладағы шаруасын қамдаса, бірі әкесіне көлік жөндесіп, қолғабыс етіп жатқанын көресің. Ал қыздары - анасының қолқанаты. Анадай жерде Аққағаз әжеміз немерелерін бағып, көлеңкеде жүн иіріп отырады. Ал Рысты апа қашан барсаң да ақ жарқын көңілмен қарсы алады. Талай дастарханынан дәм татып, шаңырақ шаттығына куә болғанбыз.

Рысты Қартбайқызы 1943 жылы көршілес Мақат ауданында дүниеге келген екен. 1962 жылы өмірлік қосағы Бақтығали Жоламановпен шаңырақ көтереді. Ұзақ жылдар жұмысшыларды жабдықтау мекемесінде еселі еңбек ете жүріп, отбасының ұйтқысы да бола біледі. Отағасына асыл жар, әулетке ибалы келін, өмірге бірінен соң бірі келіп жатқан ұл-қызына мейірімді ана болды. Сөйтіп «Батыр Ана» атанған ол еліміз Тәуелсіздік алған жылдары «Алтын алқа» медалін омырауына тақты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген осы да, ұлдары әке жолын қуып жүргізуші мамандығын меңгеріп, бір-бір шаңырақтың иесі атанса, қыздары да анасындай бір-бір үйдің келіні, алды әже атанып та үлгерді.

Бүгінде 10 баланы өмірге әкеліп, төрт ұлын ұясына, алты қызын қиясына қондырған Рысты апамыз отағасы Бақтығали Аманғалиұлымен бірге олардан 43 немере мен 26 шөбере сүйіп отыр. Сексеннің сеңгіріне қарай қадам басқан ана биыл әулет атасы Бақтығали Аманғалиұлымен отасқанына 60 жыл толады. Қазір өздерінің қара шаңырағында кенже ұлы Қалдыбек пен келіні Гүлжансарамен, олардан өрбіген немерелерімен бірге тұрады. Ал мереке немесе туған күн секілді отбасылық қуанышта барлық ұл-қыздары, ұрпақтары бас қосып, қара шаңырақтың іші тойға толады.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген рас.Жарты ғасырдан астам жұбайлық өмірінде ұлағатты ұрпақ өрбіткен гауһар той иелерінің өнегелі өмір өрнегіне зер салсақ, қазіргі жастар үшін ғибрат аларлық тұстары көп-ақ. Әсіресе кеше үйленіп, ертең ажырасуға құмар тұратын бүгінгінің жастары осындай аналарға қарап ой түзесе дейміз!

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT