Альпі ешкісін өсіру еселі табысқа кенелтпек

Ауданымызда мұнай саласынан кейінгі басымдық берілетін саланың бірі- мал шаруашылығы. Мал ұстап, оның өнімін халыққа сатып отырғандар да бар. Солардың бірі ешкі өсірумен айналысатын құлсарылық тұрғын Аманжан Құсайынов. Бір қызығы, кейіпкеріміз жәй ешкілер емес, біздің өңірге тосын боп табылатын, Францияда өсіп-өнетін ешкі тұқымын бағуды қолға алыпты.

-Ешкі өсіру шаруашылығымен қашаннан бері айналысасыз?-деп сұрақ қойдық Аманжанға.

-Ешкі шаруашылығымен 2014 жылдан бастап айналысып келемін. Қазіргі таңда бізде альпі тұқымды «француздық селекция» ешкілер бар. Бұл сүтті тұқым болып келеді. Оларды біз Мәскеу арқылы Франциядан әкелдік. Басында үш ешкі алғанбыз. Өсіре келе, қазір лақтарымен бірге елу шақты болды . Қазір бұл тұқым- Қазақстан бойынша алғашқы асыл тұқым болып келеді. Барлық зоотехникалық, селекциондық стандарттарға сай жұмыс жасалып, өзіміздің Құлсары қаласында көбейтіп жатқан жайымыз бар. Қала тұрғындарына күнделікті жаңа сауылған ешкі сүтін сатамыз.

-Неліктен ешкінің осы тұқымын өсіруді ұйғардыңыз? Қиын емес пе?

-Әрине, мал шаруашылығымен айналысудың өзіндік қиындықтары бар.
Әр шаруашылықтың артында үлкен көрінбейтін еңбек бар. Асыл тұқымды ешкінің бойындағы генетикалық потенциалды ашу үшін сауатты көзқарас керек. Зоотехникалық, ветеринарлық білімді де қажет етеді. Ал альпі тұқымды ешкі- нағыз пайданың көзі. Себебі бұл ешкі – биологиялық сүт шығаратын өндіріс. Ұсақ жандықтың зат алмасу процестері жылдам , жеген жем-шөбімен қан арқылы бірден сүтке айналады.
Ал қиындығы - бұл сала туралы әдебиеттер жоқ. Қазақстанда сүтті ешкі шаруашылығы туралы еңбектер шықпаған. Көп көңіл бөлінбеген.

alpi-eshkisi-1

-Жем-шөбін дайындауда ерекшеліктер бар ма?

-Ешкінің жем-шөбі жақсы болмаса болмайды. Зоотехникалық стандартта асыл тұқымды ешкінің сүт беру процесі өзіндік ережесіне сай 30% генетика, 70% рацион (күнделікті жем-шөбі). Бұл дегеніміз – күнделікті жем-шөбі дұрыс болу қажет деген сөз. Сол ережеге сай, біз өзіміз үйде гидропоникалық құрылғы арқылы шөп өсіріп, соны жыл бойына ешкілерге береміз.
Ал жемдерін арнайы әртүрлі қалалардан алдыртып, дайындаймыз. Орал қаласынан арпа алдыртамыз.

-Ешкі сүтін сатуды қашан бастадыңыз?

-2014 жылы тұңғыш ұлым ауырып, дәрігер ешкі сүтімен емдеуді ұсынды. Ұлым жазылып кеткесін, басқа да ауырып жатқан балаларға шипасы тиер деген ниетпен ешкі сүтін сатуды бастадық. Ешкі сүтінің пайдасы өте көп. Ғылыми түрде дәлелденген, ешкі сүті – ана сүтімен тең.
Қазіргі таңда ешкі сүтін өңдеп, балаларға йогурт жасаймыз. Біздің ұстанымымыз – «Ұлт болашағы – балалардың денсаулығынан басталады». Жалпы кәсіппен айналысу көп еңбек етуді талап етеді. Сол еңбектенудің арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ж.ШАҢҚАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521