Алғыс арқалаған Амантурлина

-Мен осы қасиетті Жылыой топырағынан өмірлік жарымды таптым. Екеуміз үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Бүгінгі таңда 9 немере мен 5 шөберенің әжесімін. Иә, мен өз бақытымды Қазақстан жерінен және қазақ халқының өзінен таптым. Осы уақытқа дейін жергілікті жұртпен етене араласып, тату-тәтті өмір кешіп келемін. Тіпті, өзімді қазақпын деп санаймын, - дейді бізбен әңгімесінде Құлсары қаласының тұрғыны Мария Амантурлина.

Мария Иванқызы 1947 жылдың 2 наурызында Ресейдің Пенза облысында дүниеге келеді. 1967 жылы Мәскеу теміржол техникумын тәмамдаған соң жас маман ретінде жолдамамен Құлсары поселкесіндегі сумен қамтамасыз ету мекемесіне жұмысқа орналасады. Өз міндетін мінсіз атқарған жас маман қатардағы қызметкерден машинист біліктілігіне дейін көтеріледі. Мария апай Құлсарыда жүріп өмірлік серігін де жолықтырады. Сөйтіп 1967 жылдың желтоқсан айында жылыойлық Жолдыбай Амантурлин есімді азаматпен дәм-тұздары жарасып, шаңырақ көтереді. Құрған отауларының босағасы берік болып, жарты ғасырдан астам уақыт бойына тату-тәтті тірлік кешті.
Бір салада табан аудармастан 44 жыл еселі еңбек еткен Мария Амантурлина басшылық тарапынан талай алғысқа бөленіп, мақтауға да ілікті. Ең басты алғысты ол келін болып түскен шаңырақтың үлкендерінен алды. Ақсақалды ата мен ақ жаулықты әженің ақ батасымен көсегесі көгеріп, бүгін, міне, өзі де немере-шөбере сүйген қазақтың бір қариясына айналды. Өзі де осындай дәрежеге жеткізген өмірлік жарына, ортасына, қала берді құшағы кең, жаны жомарт Жылыой жұртына шексіз алғысын білдіреді.
Ол өзінің екінші Отанына айналған Қазақ елін, Құлсары қаласын өзінің кіндік қаны тамған туған жеріндей жақсы көретінін жасыра алмады.

-Біз отбасымызда қазақ халқының барлық салт-дәстүрін ұстанамыз. Және Қазақ елінде өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін. Көпұлтты егемен еліміздің одан әрі өсіп-өркендеп, гүлденгенін қалаймын. Сол мақсатта адал еңбек етіп, қолымнан келгеннің бәрін істедім және алға қарай да өз үлесімді қоса беремін,-дейді Мария Иванқызы.

Ерназ АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521