Жыл сайын медбикелер білімін тексеру аттестациялық сынағынан өтеді. Біздің кейіпкеріміз бұл сынақтардан абыроймен өтіп келеді.
Бүгін аудандық емхананың медбикесі Айнагүл Сахиева туралы жазуды жөн көрдік.
Ол 1992 жылы Гурьев медициналық училищесін медбике мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылы Ембі орталық ауруханасында медбике болып еңбек жолын бастады. 1995 жылы Атырау қаласындағы №1 емханада учаскелік мейірбике болып еңбек етті.
1998 жылдан бастап аудандық емханада эндокринология кабинетінің медбикесі болып қызмет атқарады. Оның айтуынша, емханаға аудан тұрғындары қант диабеті, қалқанша безі ауруларымен және семіздік мәселесімен жиі қаралады екен. Сондықтан оның кабинетіне сырқатына дәру іздеп келген жандар да көп. Сол мазасы қашқан, дерті жанына батқан адамдардың сауығып кетуі үшін дәрігер белгілеген ем-домның бәрін мұқият жасайды. Медбикенің жұмыс жоспарында диспансерлік есепте тұратын науқастармен жұмыс жүргізу, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау бар. Сонымен қатар есепте тұрған науқастарға тегін және ақылы дәрі-дәрмекке рецепт жазу, құзырына қарай жолдама беру және зерттеулерін тексеріп, уақытылы ем алуын қадағалайды. Толтыратын қағаздары да жеткілікті. Міне, осының бәріне үлгеріп, әрі жақсы маман атану оңай емес.
Медбике үшін сырқаттардан естіген алғыс сөзінен асқан мәртебе жоқ. «Алғыс арқалаған азбайды» дейді халқымыз. Алғыс арқалаған Айнагүлдің өмірінде де сәулелі сәттер мол. Ол екі бала тәрбиелеп отырған аяулы да бақытты ана. Тынымсыз еңбегі басшылық тарапынан бағаланып та келеді. Екі мәрте денсаулық саласының Мақтау қағазына ие болды. Өткен 2021 жылы ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды.
Ж.Шаңқанова