«Алдыңғы толқын – ағалардан» үйренеріміз көп

Біз қаршадайымыздан еңбекқор болып өстік.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқып отырып, мына бір жолдарына еріксіз тоқталып, біраз ойланып қалдым:

-Дана Абайдың «талапты ерге нұр жауар» деген қағидасын басшылыққа алып, 1958 жылы мектепті бітірген бойда тәуекелге бел байлап, Арқа төсіне аттандым. Ар жағы Украинаның Днепродзержинск қаласы... Бұл менің тағдырымдағы бетбұрысты сәттердің бірі болғаны анық.

«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» демеп пе еді жарықтық Абай даладағы қой соңында жүрген қазақ баласына. Ондағысы «алыс-жақын демей, баратын жеріңе барып, маңдай тер, табан ақың арқылы кәсіп үйрен, нәпақаңды жи» дегені ғой. Біз қаршадайымыздан еңбекқор болып өстік. Қатарластар бәріміз әке-шешелерімізге қолғабыс етіп, бірге еңбекке араласып, шөп шауып, мал жайлап, отын жарып, жеміс өсіріп, бақша салып, жылдың төрт мезгілінде үзілмей кезектесе келіп отыратын шаруаны атқарысып, қара жұмысқа әбден төселдік. Кейін туған жерден шалғайдағы Теміртауда, «Қарметкомбинаттағы» от-жалында балқыған болаттың ортасында құрыштай шыңдалдық. Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді,- деп жазады Тұңғыш Президентіміз.

Расында да өткен ғасырдың 40-жылдарында туғандар «Абай жолының» тереңінен сусындап, дала данышпанының қанатты сөздерінен қанаттанып, білім қуып, еңбекпен ерте есейгендей. Елбасымыз осы сөздері арқылы бүгінгі буын жастарды да Абайша айтқанда «алдыңғы толқын ағалардан» өнеге үйреніп, ғылым-білімге, еңбекқорлыққа үндеп тұрғандай. Ендеше «Абай аманатын» оқып, көңілге тоқыған біз секілді қариялар оны жастарға насихаттап, ұғындыруға ұмтылуымыз керек. Ұлы Абайдың бізге тапсырған аманаты да осы.

Амандық Сасаев,

ардагер мұнайшы,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521