Компания атын жамылған алаяқ
-Соңғы уақытта бізге түрлі әлеуметтік желілер арқылы CCEP компаниясы жалақысы жоғары бос лауазымдық жұмыс орнына қызметкерлер қабылдап жатыр деген түрлі хабарландырудың жарияланып жүргені белгілі болды. Тексере келгенде, бұл ақпараттың ешқандай да шындыққа жанаспайтыны және де оның артында пайдакүнемдік мақсатты көздеген әлдебір арамза алаяқтың тұрғандығы анықталды. Осылайша, ол «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг Энд Прокьюрмент С.А.Л. – Офшор» компаниясының Атырау филиалының атауына кір келтірді, - дейді компанияның өкілі Амин Муштаха.
«Бақсақ, бақа екен» дегендей, әлеуметтік желі қолданушыларының әбден сеніміне мықтап кірген алаяқ Т.Ж есімді азамат болып шықты. Ол өзін жеке қызметкерлер құрамын іріктеу агенттігінің қызметкерімін деп таныстырып, компанияға жұмысшы-қызметкерлер іріктеп жатқандығын мәлім еткен. CCEP-дың өкіліндей өтірік өкілеттік еткен ол өзіне хабарласқан жұмыссыз жандарды жақсылап тұрып алдап, қақпанына түсірген де, олардың әрқайсысынан жұмысқа кіргізу үшін 150 мың теңге көлемінде, кейде одан да көп мөлшерде «сыйақы» талап еткен. Алаяққа арбалған 58 азамат осылайша оған Құдайдай сеніп, қалтасындағы қомақты қаржысынан қағылады.
-Мұндай оқиғалар компания басшылығымен құрылған ішкі комиссия тарапынан тергелген және тергеліп те келеді. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тарту мақсатында құқық қорғау органдарына хабарланады. Бұл жолы да дәл солай әрекет еттік, - дейді ол.
Халықты алдап, компаниядан жалған «жұмыс орнын» ашқан Т.Ж-ны полиция бөлімінің қызметкерлері алысқа ұзатпай күдікті ретінде қолға түсірді. Бөлімнің тергеу бөлімшесінің тергеушісі Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша көтерілген қылмыстық істі алдын ала тергеу амалдары арқылы сотқа жеткізді. Қазіргі таңда алаяқтың айыбы дәлелденіп, темір торға тоғытылған көрінеді.
-Сондықтан біздің компания мен оның атынан қызметкерлер құрамын іріктеуді жүзеге асыратын ұйымдардың қай-қайсысы да компаниямен жасасқан келісімге сәйкес, жұмысқа орналасуға ниеттенген үміткерлерден ешқандай ақшалай сыйақы талап етуге құқығы жоқ. Компанияға түйіндеме тапсырған әр азамат осы қағиданы мықтап есте ұстағаны жөн. Ал алға қарай біздің компанияға қатысты осыған ұқсас құқық бұзушылық фактілері белгілі болып жатса, онда азаматтар
Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript. электрондық мекенжайына немесе +7 7010689078 телефонына хабарласып, мән-жайды анықтап алуына болады,- дейді компания өкілі.
Е.Бисекенұлы