Қаламызда екінші базар ашылса...

Қаламыздағы халық ең көп баратын Орталық базар алды жылдан жылға тарылған үстіне тарылып барады. Базар айналасына есепсіз салынған сауда орындары тұтынушылардың сұранысын өтеп тұрғанында дауымыз жоқ. Алайда, осы базарға кіріп-шығу қазіргі кезде қиынның қиынына айналды.

Қаламызда жылдар өткен сайын халық саны өсуде. Осы орайда тек базар ғана емес, қала тығыздығының жылдан-жылға артып келе жатқандығы да рас.
Күнделікті базар маңынан көретініміз мына көрініс: сатып алған азық-түлік не басқа тұтыну заттарын арқалап ақ тер-көк тер болып, жүйкесі жұқарған жаяу тұрғындар мен онсыз да тар жерде сығылыса иін тірескен таксилер, әр жерден «Жол беріңдер!» деп азынатып белгі берген жеке көліктер... Шынында да, жұмыс күндерін қоса алғанда демалыс күндері нөпір халыққа толып, тұтынушысы мен сатушысы мидай араласып, сауда қызып жатады.
Базар алдында да қаптаған машина. Тіптен асфальт жолдың екінші бетіне жаяу адамға өтудің өзі қиямет-қайым. Себебі шұбырған көлік тар жерге кептеледі де жатады. Ал бұл қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіруде. Мейрам немесе басқа да күндері сауда қызып, Орталық базардың айналасындағы жолдары тар болғандықтан көлік кептелісі жиі болып жатады. Тіпті, көлік кептелісі болуы мүмкін екенін білсе де автокөліктерін жолға, бұрылыстарға қойып кететін «өзімшіл, қырсық» жүргізушілер тағы бар. Мұның бәрі 86 мың халқы бар аудан және қала тұрғындарының бір ғана сауда базарына, яғни бір ғана сауда нүктесіне ағылатындығынан.
Сол себепті де қаламызда екінші базар ашылса дейміз. Әр аптаның сенбі күні ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі өткізілетін қала маңы бұған өте қолайлы. Әрі тұрғындар көліктерімен қаламыздың айналма жолымен тікелей шығатын болғандықтан, бұл қаланың басқа ықшамаудандары мен учаскелерінде тұратын басқа да тұрғындарға өте тиімді деп ойлаймыз.
Жергілікті органдар, жауапты басшылар тұрғындардың ұсынысына назар аударып, айтылып келе жатқан мәселе шешімін тапса халық үшін игі іс болары анық.


Т.МОЛДАШЕВА,
қала тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT