Алабай иттердің қоршауында қалдым

Таяуда жолым түсіп, кешкісін Құлсары қаласының 4-учаскесіне жол тарттым.

Қас қараюға жақын уақыт еді. «Айша бибі» дүкенінің алдындағы тасжолды кесіп өтіп, Ә.Бегебаев көшесіндегі тақтайдай тегіс асфальттың үстімен жаяу жортып келе жатқанмын. Табанымның астындағы тротуарсыз тасжолды қиып өтетін көшеге жақындай бергенімде қарсы алдымнан көп иттің бірде арсылдап үрген, бірде ырылдасқан дауыстары естіле бастады.

Күткенімдей-ақ қарсы алдымнан «қыдырып» келе жатқан екі-үш алабай ит шыға келді. «Бөрібасарлардың» соңын ала бере ауылдың «ақтөс», «ақмойнақ» секілді жай төбеттерінің де салпылдап еріп келе жатқанын көрдім. Орталарындағы қаншық итті көргенде олардың не үшін топ-топ болып, көше кезіп жүргенін біле қойдым. Кері шегініп үлгере алмадым. Көзді ашып-жұмғанша мен олардың қоршауында қалдым. Арсалаңдаған «алабайлар» да, жай төбеттерің де мені адам екен деп аялдайтын түрлері жоқ. Көздері қанталап, тілдері салақтап бірі қасымнан, бірі жанымнан жанай өте шықты. Күтпеген жерден «алабайлардың» қоршауында қалған мен олардан сақтанудың қамын жасап бақтым. «Құдай сақтады!» деген осы екен. Әйтеуір, ешқайсысы тиісе қоймады. Мен де демімді ішіме тартып, барынша сабыр сақтап, әліптің артын бағумен бара жатқан бағытымнан жаңылмай жаймен жүре бердім. Ал менің орнымда кішкене балалар болса, қайтер еді?! Қорыққанынан оқыс қимылдап, «алабайларды» өзіне қарсы қойып алар ма еді, кім білген?!

Көше кезген бұралқы иттерді айтпағанның өзінде, алабайлардың бұлайша емін-еркін «сайран салып» жүруі тұрғындардың жауапсыздығын аңғартса керек. Егер әр адам өзінің «бөрібасарына» ие болып, ауласында талапқа сай ұстаса, онда көшемізде бүйтіп қорқып жүрмес едік. Әрине, ветеринария бөлімінің мамандары жабайы ит-мысықтармен күрес жүргізбей жатыр демейміз. Біз осы мәселеге орай бөлім басшысы Данияр Айтпенбеттің қабылдауына барғанымызда оның атылған иттердің тізімін жасап, фотосуретімен қағазға хаттап жатқанының үстінен түстік. Өзі айтқандай «Үш ай сайын күшіктейтін бұралқы иттердің көзін түпкілікті жою мүмкін емес». Ал аулада тұруға тиісті алабайлар - бөлек мәселе. Олардың иесін анықтап, жақсылап тұрып айыппұл арқалатпаса, ешкім айылын жимасы анық.

Біздіңше, ортақ мәселеге қала мен ауыл тұрғындары да атсалысса дейміз. Өйткені ит пен мысық ұстаудың өзіндік ережесі барын ешкім естен шығармауы керек. Қалада ит қауып, жарақат алып жатқан оқиғалардың астарында кейбір үй иелерінің жауапсыздығы жатыр дегім келеді.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT