Ала таңнан тұтанған өрт

Маусымның 17-сі күні таңертеңгісін Құлсары қаласының тұрғындары оңтүстіктен далалық беттен көкке шапши көтерілген қою көк түтінді байқады. Бұған дейін де оқыс оқиғалардан секем алып қалған жылыойлықтар бұл жолы да алаңдап қалғаны рас. Сөйтсек бұл жанып жатқан «Құлсары-Майкөмген» тас жолының бойындағы қаламыздан 10 шақырым жерде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болып шықты.

Бұл өрт оқиғасы 111 арнасына маусымның 17-сіне қараған таңғы сағат 05:14 минут шамасында тіркелген екен. Жалпы ауданы 3600 шаршы метрді құраған өрт аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бақылауына алынып, жедел әрекет ету тобының нақты жұмыстарының нәтижесінде кешкі сағат 20:28-де толықтай сөндірілді. Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Дәурен Берденов хабарлады:

-Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Иә, өрт Құлсарыдан алыс қашықтықта орын алса да, оның иісі бірнеше күн қаланың кейбір бөлігіне таралғанын білеміз. Десек те, халықтың түсінік танытуының арқасында бұл жағдайды да аман-есен өткеріп шықтық,-дейді ол.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары облыс көлемінде ашық алаңдарда, орман-тоғай мен қамыс басқан жерлердегі өрт оқиғалары жиілей түскен. Бұған ауа температурасының жоғарылауы, рұқсатсыз жағылатын даладағы алау және қалдықтарды бейберекет тастау себеп болып отыр. Ал мұндай жағдай тек табиғатқа ғана емес, адам өміріне, экологияға және инфрақұрылым нысандарына да қауіп төндіреді.

Осы орайда «аудан халқы мен мекеме, кәсіпорындар басшылары мен қосшылары бірлесіп, тазалық үшін әрекет еткені жөн. Әсіресе тұрмыстық қалдықтарды реттеу, өртке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтау және тиісті органдардың ескертпелеріне құлақ асу – баршамызға ортақ міндет» дейді төтеншеліктер.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT