Вакцинация – әлемді жайлаған індетті жеңудің жалғыз жолы екені белгілі.
Атырау облысы біраз уақыт бойы «қызыл аймақта» болды, бұл дегеніміз - індеттің ушығып тұрғанының белгісі. Екпе алуды нәтижелі жүргізіп жатқан елдерде індет азайған. Ал вакцинациялауға жете мән бермеген елдерде керісінше, көбеюде. Үндістанда індеттің өршіп, халқының жаппай ауырып, тәжтажалдың шарықтау шегін бастан кешіп жатқанын ғаламтордан оқып отырмыз.
Сондықтан, сақтық шараларын ойлағандар аудандық емхананың арнаулы кабинетіне бет алды. Солардың бірі - аудандық мәслихат депутаты Талғат Майлыбаев. Біз халық қалаулысының вакцина алғаннан кейінгі көңіл-күйі мен өзін сезінуі туралы білгіміз келген.
- Өзімнің, отбасым мен айналамдағылардың саулығы үшін екпе алуды жөн санадым. Сөйтіп сәуірдің 5-і күні «Спутник-V» вакцинасының алғашқы компонентін қабылдаған боатынмын. Екпеден соң жарты сағат мамандардың бақылауында болдым. Дәрігерлер ескерткендей сол күні аздап дене қызуы болды. Біраз тынығып, ыстық шай ішкен соң әдеттегідей қалыпқа түстім. Арада 21 күн өткен соң, яғни 26 сәуірде екпенің ІІ компонентін де алдым. Өзімді өте жақсы сезінемін, ешқандай ауырсыну байқалған жоқ, - дейді халық қалаулысы Талғат Майлыбаев.
Ауданымызда екпе алғандар күн санап көбеюде. Бұл дертті біржола жеңетін күн де біртіндеп жақындай түсті деген сөз.
Ж.Жеткізгенқызы