Алғашқы қарлы боранда

екі күн далада қалған...

Биыл қыс күтпеген жерден келді. Қарашаның екісінде бұрын-соңды болмаған жағдай - алғашқы қар жауды. Аудан аумағы, Теңіз кеніші түгелдей қалың қарға оранды. Ал далалық жерде ақ түтек боран да болған.

Сол күні Жылыой ауданының үш азаматы шөп әкелуге қырға шығып кетеді. Аяқ астынан қар жауатынын қайдан білсін. Адасып, екі күн далада қонуға мәжбүр болған. Олардың бірі Аймұрат Жайлаубаев «Біз Құлсары қаласынан шығып, Ақкиізтоғай ауылына қарасты Биікжал жерінен малға азық әкелуге барғанбыз. Қасыма көмекшілікке таныстарым Айсұлтан мен Өркенді ертіп алғанбыз. Ақкиізтоғайға дейін 30 шақырым, қырлық та алыс емес еді. Таңертең ерте шығып кешке қайтып келуге жұмыстанғанбыз. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады»,-дейді Аймұрат Жайлаубаев. «КамАЗ» көлігіне қажетті мал азығын тиеп, жолға шығады.

Сол күні алғашқы қар жауып, арты көз көрінбес боранға айналады. Жанармай таусылған, ұялы телефон байланысы тағы жоқ. Амалы таусылған үш жігіт қайткенде жылынудың қамын ойлайды. Адасып жүріп жолдағы иесіз қыстаққа кезігіп, аялдайды. Жігіттердің туыстары жолаушыларды күте-күте төзімдері таусылып, ішкі істер бөліміне хабарласады. Полиция инспекторлары екі күн бойы далада қалған жігіттерді жедел іздестіру шараларын қолға алады. Ақыры оларды межеленген бағыт арқылы тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Ажал тырнағынан аман қалған үш жылыойлық жігіттің туыстары құтқарушы полиция қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.

Айзада Жалғасбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT