Поэзия десек, ойымызға бірден Мұқағали, Фариза, Қадыр мен Тұманбайлар оралары хақ. Бірақ сол тұлғаларға татырлық ақындардың да арамызда жүргенін аңғара бермейміз. Әсіресе, ақын боламын деген жас өрен, алдымен, классиктердің емес, өзінің туып-өскен өлкесіндегі таланттарды тани білуі керек. Міне, осы мақсатты көздеген Тұрғызба ауылының ұстаздар қауымы жақында ақын Бүркіт Базарбаевпен кездесу кешін өткізді.
Мұхтар Әуезов атындағы №4 орта мектепте өткен «Дара жол» атты шараға мектеп мұғалімдерімен бірге ауылдың жыр сүйер қауымы, аудан қаламгерлері, Жем ауылдық округінің әкімі Нұртас Қуатбаевтар қатысты. Кешті әсерлі жүргізген оқу ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-зерттеуші мұғалімі Роза Мырзағалиева, алдымен, ақынның өзіне сөз беріп, оның балалық шағы мен өлең өлкесіне алғаш келген қызықты кезеңі хақында сыр тартты. Бүркіт Сембайұлы өзінің өткен өмірі туралы сыр шерткенде бірден «Ақындар ауылы» атанған Ақкиізтоғайынан айналып өте алмады. Сол киелі топырақтан нәр алған Өтеген Оралбаев, Айтуар Өтегенов сынды алдыңғы толқын ағаларды көріп өскен болашақ ақын бала кезінен жыр әлеміне ғашық болып өседі. Алғашқы тырнақалды туындылары аудандық «Ембі» («Кең Жылой») газетінде жарық көріп, танылып, өзі де сол басылымның тілшілік тіршілігіне араласты. Өткен ғасырдың басында өзі тәлімін көрген үлкен әкесі сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, өзі «халық жауының баласы» атанған Бүкең де кеңес дәуірінде біраз теперіш көрді. Журналистік қызметте Будапешт университетінің профессоры Қоңыр Мандоки Іштуанның хатын шолуға салып, ол «үш әріп» тарапынан мемлекет саясатына қайшы келетін рушылдықты насихаттау деп танылып, Маңғыстауға бой тасалауына тура келген.
Ақын жайлы әріптес інісі «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Ербол Қошақанов та біраз әңгіменің тиегін ағытты. Кезінде облыстық «Ар-честь» газетінде бірге қызметтес болған ол Бүкеңнің ақындығымен қатар адамгершілік асыл қасиеттеріне де тоқталды. Аудандық балалар кітапханасының қызметкері, ақын Бөбек Садықова да ақынның кейбір қырлары туралы сөз етті. Жыр сүйер қауым бір сәт ақынның жырларынан да сусындады. «Поэзия минутына» кезек беріліп, мектеп оқушылары Бүркіт Базарбаевтың әр жылдары жазған жырларын жатқа оқып, көрерменнің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады.
Кеш иесі жүргізушінің қойған сауалына орай «дарынына Құдайдың көзі тиген, өзінің жалынына өзі күйген» Мұқағали ақынмен «өмірінің жастық шағында тегіс жерде көп сүрінген» өз өмірі мен шығармашылығының үндестігі туралы сыр шертіп, ұлттық мақтанышымыз, қазіргі қазақ тарихында аты қалар жастар жайлы біраз ой толғады. «Ақын ретінде сізді көбіне не шабыттандырады?», «Балалық шағыңыздан есіңізде қалған бір естелігіңізді айтып беріңізші», «Ақынның бойында қандай қасиеттер болуы керек?», «Ақын болып қалыптасуыңызға кімдер әсер етті?», «Қазіргі таңда сізден тәлім алып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?», «Ақын болуым үшін қай қырымнан шыңдалуым қажет?» деген секілді мұғалімдер мен оқушылардың сауалына да жауап беруіне тура келді. Кешті мектеп оқушылары әсем ән мен тәтті күймен өрнектеді. «Болашағы – біз елдің», «Жақсы адамдарым» әні шырқалып, «Ерке сылқым» күйі күмбірлеп, бүлдіршіндерден құралған «Хассак аманаты» бишілер тобы мың бұрала би биледі.
Ауыл әкімі Нұртас Қуатбаев жастарға тәлім-тәрбиесі мол осындай кештер ауылда алға қарай да жиі өтіп тұрса деген ізгі ниетін білдірді. Бұл ретте тағылымды әңгімелерін айтқан ақын Бүркіт Базарбаев пен аудан қаламгерлеріне алғысын білдірді. Кешті қорытындылаған мектеп директоры Сымбат Қабдырахманова өзінің де поэзияға жақын жан екенін жасыра алмады. Алқалы жиындарда, әдеби кештерде қара сөздің қаймағын қалқып алып, тебірене сөйлейтін ақын ағасының әсерлі әңгімелерін ауылдастары да тыңдаса деген ниетпен ұйымдастыруға ұйтқы болған әсерлі шараның ойдағыдай өткеніне қуанды. Кештің құрметті қонағы Бүркіт Сембайұлы мен ақын-журналистерге ризашылық сезімін білдіріп, ақынның «Сөз тасыма сыртымнан» атты өлеңін оқып берді. Кешті өткізген білім ордасының ұстаздары атынан ескерткіш сыйлық табыс етті.
Е. АЛТАЙҰЛЫ