АҚЫН ТІРІЛІП КЕЛГЕНДЕЙ...

«Жақсылықты ақ жібек ауаға орап, үлестірем дүниенің барлығына». Ақкиізтоғайдан түлеп ұшқан ақиық ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің отты жырларының осы бір екі жолы ақынның арманын айқындап тұрса керек. Енді бұл өлең жолдары №18 мектеп оқушыларының жүрегінде өшпестей болып жазылып қалатын болады. Өйткені, қабырғаға майлы бояумен ақынның бейнесі салынған қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде жыр жолдары да жасөспірімдерді жақсылыққа үндеп тұр.

Иә, қамшының сабынан да қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап өте шыққан, махаббаттай маздаған ақынның есімі қаладағы №18 орта мектепке берілгелі де ширек ғасырдан асты. Сол оқу ордасында соңғы жылдары Меңдекеш Сатыбалдиевті ел ертеңі - жастарға насихаттау мақсатында қарқынды жұмыстар жүруде. Оның басы- қасында жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанағат Төлемісов атқарылған істер туралы былай дейді:

- Шыны керек, оқушылар жергілікті ақын-жазушыларды көп біле бермейді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін жыл сайын қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. 2022-2023 жылғы оқу жылында мектеп директоры Алтынгүл Амангелдіқызының бастамасымен «Меңдекеш музейін» аштық. Ол жерде ақынның шығармалары, кітаптары, суреттері мен қолданыста болған бұйымдары тереңінен таныстырылады. Және сол оқу жылынан бастап тұрақты түрде облыстық деңгейде «Меңдекеш оқуларын» өткізіп келе жатырмыз. Бұл сайыс, бір жағынан, оқушыларды ынталандырса, екіншіден, жас жеткіншектердің арасында жергілікті ақынды кеңінен таныстыру үшін зор септігін тигізеді. Басталғалы отырған оқу жылында оны республикалық деңгейде өткіземіз деген жоспар бар. Алдағы уақытта «Меңдекештану» кабинеті ашылуы керек деп ойлаймын. Және сол жолда барымды салатын боламын. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің кабинетіне ақынның суретін салдырып, өлең шумағынан үзінді келтірдік. Мұның барлығы да оқушылар үшін.

Бұл суреттің ерекшілігі сол, ол майлы бояумен қолдан салынған. Туындының авторы – ауданымыздың жас суретшісі Мұрат Бейбітұлы. Ақынның бейнесі айнытпай салынған, бейне ақын тіріліп келгендей әсер аласың. Сурет бүгінде көрер көздің жауын алып, кабинеттің де көркін келтіріп тұр. Осы іске Қанағат Мейрамбайұлы өзі бастамашы болып, қолға алған екен. Өз мамандығын сүйетін осындай азаматтар тұрғанда одан тәлім-тәрбие алар жастарымыздың да болашағы бағдарлы әрі жарқын болары сөзсіз.

Жергілікті ақын-жазушыларды насихаттауды аудандағы өзге де білім ордалары қолға алып, ортақ іске септігін тигізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521