Ақтөбе бағытына жол қысқарады

«Құлсары-Мұқыр жолдарын салуға техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Наурыз айында сараптама аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Содан кейін жобасы бекітіліп, қаржы тетіктерін қарастырып, жұмысты 2024 жылы бастаймыз деп жоспарлап отырмыз».

Бұл - 2022 жылғы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің хабарламасы.

Расында да көптен «жыр» болып келе жатқан республикалық маңызы бар Құлсары мен Мұқыр аралығындағы тасжолдың құрылысы биыл қолға алына бастады. Бұл ретте жөндеу жұмыстарын жүргізетін басты мердігер мекемелер де анықталды. Ол – «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Енді аталған мекеме жұмысты сапалы атқарып, талапқа сай уақытында аяқтаса, нұр үстіне нұр. Өйткені бұл трассаның Атырау аймағы үшін стратегиялық та маңызы зор. Жол тез іске қосылса, онда жүргізушілер Атырау-Ақтөбе республикалық трассасына тіке шығуға мүмкіндік алады. Маңғыстау облысы мен Құлсары қаласынан шыққан автокөліктер Мақат ауданының Доссор кенті арқылы айналып жүрмей, Ақтөбе қаласына үш сағатта жетіп барады. Яғни, 150 шақырым жолды және уақытты да үнемдейді деген сөз. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан үлкен өндірісті өңірдегі шаруалардың Қызылқоғадағы ағайынмен қарым-қатынасы да жақсарады.

Бұл мәселені көптен бері көтеріп келе жатқан облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев сүйінші хабармен өзінің Фейсбук парақшасында:

«1991 жылдан бері ешкім салғыза алмаған Құлсары - Мұқыр тас жолын күрделі жөндеуден өткізуге қол жеткіздік. Бұл мәселені көп адам көтерді. Бірақ «Жігіттің жүгіргенін емес, бітіргенін айт» деген депутаттық еңбегімнің арқасында Құлсарыдан Ақтөбеге тікелей жетуге мүмкіндік аламыз. Келесі жылы жол толық салынып бітеді, бұйыртса. 2021 жылдан бері осы сұрақты көтеріп, оң шешімін таптық. Иманқара, Ақкегершінге қыдырып барамыз, ауыл шаруашылығы дамиды. Ақтөбемен логистикалық байланыс жақсарады, уақыт үнемдейміз. Доссор, Жамансор арқылы айналып жүрмейміз. Ең бастысы, Құлсары - Доссор тасжолындағы көліктер саны азаяды», - деп бөліскен болатын.

Айта кету керек, бұл мәселені «Кең Жылой» газеті де көтеріп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен қалың оқырманды хабардар етіп келеді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT