Ақпанның аяғында қытымыр қыс күшіне мініп, «кәрі құдаға» тән мінез көрсетті. Алдымен, бұйдалаған ақ ұлпа ақша қарымен жер бетін көмкеріп тастады да, бірде жаңбырлатып барып, қайта суытып, арты бұрқасынға ұласты. Ауа райы суытса да, жылыойлықтардың көңіліне көлегейлеп түскен күн сәулесі жылылық сыйлады. Толассыз жауған қар қала көшелері мен дала жолдарын көміп тастаса да, тиісті мекемелер күні-түні жұмыс жасап, қар тазалау жұмыстарына шұғыл кірісіп кетті.
Иә, өткен аптадан бергі бірнеше күн қатарынан жауған қалың қар тазалық мекемелерін әбден әбігерге салды. Синоптиктердің болжауынша, алға қарай әлі де аудан көшелерін ақ мамық қар басады. Тазалық жұмыстары қала мен ауылдық округтердің барлығында қызу жүруде. Аудандық әкімдіктің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 30-ға жуық техника мен 70-ге тарта адам жұмылдырылған. Одан бөлек аудандағы жекеменшік компаниялар да арнайы техникаларын бөліп, қар тазалау жұмыстарына ерекше қарқын берді. Осындай қолайсыз ауа райында күні-түні қызмет атқарып жүрген тазалықшыларға қаланың жас кәсіпкерлері мен ерікті жастары жылы шай мен бәліш ұсынды. Мейірімге толы жылыойлықтар кеңпейіл әрі бірлікшіл екендігін тағы бір дәлелдеді. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушының бірі - аудандық Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Дана Баймағамбетова:
- Біз үшін күнде де, түнде де көше қарын тазалап, еселі еңбек етіп жүрген аға-апаларымыздың жұмысы мақтауға лайық. Осындай қолайсыз ауа райында тым болмаса жылы шай мен бәліш беріп қолдағанды жөн көрдік. Қоғам болып бірігіп, жанымыздағы жанға жылулық сыйлай білсек, барлық қиындықтарды еңсеруге болады,-деді өз сөзінде.
Соңғы мәліметтерге сәйкес қаланың өзінен 3600 текше метр көлемінде қар шығарылған. Бұл деректер күнде өсіп жатыр. Өйткені қар тазалау жұмыстары бір сәтке де тоқтамай, өз жалғасын табу үстінде. Десек те, ақпанның ақтүтегі мен қары қала мен ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын да айта кеткен жөн. Қазір көшелерде сырғанақ теуіп, бір-біріне қар лақтырысып, ойнап жүрген балалар мен жастарды жиі көруге болады. Қыстың соңғы ақпан айындағы аппақ ұлпаға оранған көңілді көріністерді жылыойлықтардың әлеуметтік парақшаларынан да байқаймыз.
Е.АЛТАЙҰЛЫ