Қазына тұнған қарттарымыз ел ертеңі – жастармен кездесіп, бейбіт күннің қадірі туралы өнегелі ой өрбітіп, әсерлі әңгіме айтты. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» тақырыбындағы республикалық шара Құлсары қаласындағы №5 Абай атындағы орта мектебінде өтіп, ауданға танымал ардагерлер қатысып, оқушыларға өз ақылын арнады. Алғаш болып сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов:
-Бейбітшілік – баға жетпес байлық. Соғыс өрті тұтанған әлемдегі небір елдерді көріп жатырмыз. Сондықтан осы күнімізге шүкіршілік етіп, барлығымыз бірлікте өмір сүруіміз керек. Ұлт-ұлтқа, жік-жікке бөлінбей, тату бола білсек, алар асуларымыз әлі көп. Қарапайым бір сыныптың ішінде ынтымақ болса, үздік, өнерлі оқушылар да көп шықпақ,-деп бүгінгі күннің қадірін білуге шақырды.
Аудан әкімі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров:
- Біз сонау соғыс жылдарында өмірге келген ұрпақпыз. Жоқшылықты көріп өстік. Бірақ сол кездерде ешкім бөлінбей, бәріміз бір үйдің баласындай тату болдық. Бір емес, бірнеше қиын кезеңдерді бастан кешсек те қабағымыз қатулы жүрмедік. Қазағы бар, өзбегі бар, басқа ұлты бар, бірлікте ғұмыр кештік. Сіздер оқып жатқан Абай атындағы мектептен талай дүлдүлдер шыққан. Аудан тарихына, экономикасына елеулі үлес қосқан азаматтардың көбі осы білім ордасынан түлеп ұшты. Себебі ауданымызда бой көтерген ең алғашқы мектептің бірі осы оқу ордасы еді. Сіздер де сол аға буынның жолын қуып, ертеңгі күні ел үшін еселі еңбек етер тұлға боласыздар деген сенім білдіремін. Дос болыңыздар, бауырмал болыңыздар,-деп жасөспірімдерді татулыққа шақырды.
ҚР Халық ағарту ісінің үздігі Наурызбай Төлеуов, өзге ұлт өкілдерімен етене қызмет еткен Мұңал Каракульчиков пен орыс этносынан Сергей Саксоновтар сөз сөйлеп, ел ертеңіне есті сөзін жеткізді.
Кездесу барысында оқушылар да өз өнерін ортаға салып, ардагерлердің ақ батасын алды. Арсен Марат «Қазақстан» әнін жанды дауыста нақышына келтіре шырқап, жүректі тебірентті. 1-сынып оқушысы Әміре Ербөлек те «Қазақстаным-Отаным» туындысын қалың көрерменге ұсынды. Ал, Абайдың өлеңін оқыған түрік ұлтының балғын өрені Қылыч Шамиль Мехмет көптің қошеметіне бөленді. Бір қызығы, орыс мектебінде білім алса да, қазақшаға судай екен. Қазақтың тілін құрметтеген мұндай жас өрендер дінін де, ділін де әспеттеп, жерін де бір кісідей қорғайтыны анық.
Шара соңында мектеп директоры Ұлжан Жаймұханова сөз сөйлеп, ардагерлерге алғысын жаудырды. Аудандық музей ұжымы атынан қатысқан қариялар мен өнер көрсеткен оқушыларға сыйлық табысталды. Мұндай кездесулердің жасөспірім ұрпаққа берері мол. Себебі, алдыңғы буын аталардың ақылы мен батасын алған оқушының озат болып, елдің дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ