АҚПАРАТ МАЙДАНЫНЫҢ АЛҒЫ ШЕБІНДЕ

Дүниежүзілік баспасөз күнін атаулы дата ретінде енгізуді 1991 жылы ЮНЕСКО-ның бас конференциясы көтерген еді. Бұл ұсынысты құптаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 1993 жылдың 3 мамырын белгілеп, сол уақыттан бастап бұл - Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні ретінде аталып өтіп келеді.

Енді осы күн әлемде қалай мерекеленеді? Басты шарасы - 1986 жылы қаза болған колумбиялық журналист Гильермо Кано атындағы «Баспасөз бостандығы ісіне қосқан үлесі үшін бүкіләлемдік сыйлығын» тапсыру арқылы жүзеге асады. Сыйлық 1997 жылы тағайындалған, жеке адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге беріледі. Cондай-ақ, осы Баспасөз бостандығы күні кәсіби міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан журналистер еске алынып, рухына құрмет көрсетіледі.

1993 жыл - Қазақстан үшін де өзін Тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге таныта бастаған кезең. Бұл уақытта егемен елімізде сөз бостандығы қанат жайып, мемлекеттік мерзімді басылымдар мен теледидар, радиомен бірге тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қатары көбейе түсті. Бұл жаңа дәуірдің лебі Теңіз кенішіндей алып мұнай алаңдарымен танылып, тоғыз жолдың торабында орналасқан Жылыой өңірін де шарпып өтті. Сөйтіп Құлсары қаласында да тәуелсіз газеттер ашылып, теледидарлар хабар тарата бастады. Осылайша ауданның ақпарат кеңістігінде бәсекелестік пайда болды.

Өңірмен бірге жасап келе жатқан аудандағы көне басылым - «Кең Жылоймен» бірге сол кезде «Жем арнасы» атты телерадио торабы жұмыс жасады. Құрылтайшысы аудандық әкімдік, телекоммуникация торабы мен Оңтүстік Ембі терең барлау-бұрғылау экспедициясы болды. 1994 жылы алғаш рет эфирге шыққан аудандық электрондық БАҚта танымал журналистер Меңдібай Сүмесінов, Бүркіт Базарбаев, Айтқали Бекетов, Нұрдәулет Ақназаров, ақын Ұлықпан Сисекеновтер қызмет атқарды. Онда теледидар мен радио қатар хабар таратып, жұртшылықты Жылыой жаңалықтарынан құлағдар етті. 2000 жылға дейін жұмыс жасаған «Жем арнасы» қаражат тапшылығына байланысты жабылды.

2000 жылы аудан аумағынан Маңғыстау облысының «Аяу» телерадио торабы хабар тарата бастады. Негізінен құттықтау - сазды бағдарламаға негізделген оның ғұмыры ұзақ бола қойған жоқ. Сол уақытта ауданда «Ақберен» өндірістік кооперативінің құрылтайшылығымен «Алау» газетінің де шығып тұрғандығын айта кеткен жөн. Кооперативтің өзінің шағын баспаханасынан басылған басылымның бас редакторы, белгілі журналист Айтқали Бекетов болды. Газет негізінен ақпараттық-жарнамалық бағыт ұстанып, бұқара хаттары арқылы жарық көрді.

Ал 2002 жылдың маусым айының 2-інде ауданның ақпарат айдыны «Көкжиек – Горизонт» атты қостілді тағы бір басылыммен толықты. «ТАТЕ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылығымен жарық көре бастаған газет, негізінен жастар мәселесіне, ауданның басқа да өзекті проблемаларын шешуге көбірек атсалысты. Алғашқы санына қол қойған бас редакторы Айтқали Бекетов болатын-ды. Айтекең денсаулығына байланысты басшылықтан босағаннан кейін басылымды Анар Шаухымова, Нұргүл Қалиева, Бақтыгүл Сүндетовалар басқарды. Кейін бас редактор болып ақын Бүркіт Базарбаев келгеннен кейін газет көтерген мәселе ауқымы кеңейіп, мазмұны жақсарды. Алайда «Көкжиек-Горизонт» газеті 2009 жылдың мамыр айында өз таралымын тоқтатты.

2004 жылдың 22 наурызы күні Құлсары қаласынан белгілі журналист Әбдіхалық Сисенбердиевтің құрылтайшылығымен «Құлсары» апталық газеті жарыққа шыға бастады. Ақпараттық-жарнамалық, танымдық бағыт ұстанған басылым, негізінен, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерді беріп тұрады. Бүгінде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына таралым ауқымын кеңейткен газет бүгінде республикалық мәртебеге ие болды. Редакция жанынан әдістемелік, педагогикалық «Жылыой ұстазы» газеті де шығарылып тұрды. Биыл жарық көре бастағанына 20 жыл болған үнжария бәсекеге төтеп берген аудандағы бірден-бір беделді басылымдар қатарында.

2013 жылы «Жылыой жарнамасы» атты апталық газет жарық көріп, өз оқырмандарына жол тартты. Бүгінде ол өз атауын өзгертіп «Алтын Адам» деген атпен айына бір рет жарық көріп тұрады. Ол да бүгінде өз оқырмандарының іздеп жүріп оқитын газеттің біріне айналды.

Ауданның 95 жылдан бермен қарайғы серігі, сырлы шежіресі – өзіміздің «Кең Жылой» газеті. Ақпарат айдынындағы көшбасшы басылым саналатын сарабдал үнжария негізінен қоғамдық-саяси бағыт ұстанған. 1933 жылдың 4 қазанында алғашқы саны «Социалды ауыл» деген атпен жарық көрген ол әр дәуірге сай атауы өзгеріп отырды. «Социалистік ауыл», «Коммунизмге алға», «Ембі» - бүгінгі «Кең Жылой» газетінің жүріп өткен белестері. Газет алыс ауылдағы ағайынға ақпарат таратып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар, журналистер ұстаханасы, арқалы ақындар бас қосатын әдеби орта да бола білді. Өткен 2023 жылы 90 жылдық торқалы тойын өткізген аға басылымның журналистер сапы бүгінгі таңда жас тілшілермен толығып келеді.

Қазіргі таңда дүние жүзінде бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түрлерінің көбейе түсуіне байланысты бүгінде “Баспасөз бостандығы” деген ұғым ескірді. Сондықтан, соңғы кезде қабылданып жатқан заңдарға сәйкес “бұқаралық ақпарат бостандығы” атауын қолдану дәстүрге айналды.

Ауданның ақпарат айдыны да заман ағымына сай желкен түріп, жаңа бағытқа бетбұрыс жасады. Әсіресе ғаламтор ғаламаты артып, әлеуметтік желінің аясы кеңейген кезеңде өңірдің баспасөз саласында да бәсекелестік артты. Журналистермен бірге блогерлер мен қоғам белсенділері де өздерінің инстаграм, фейсбуктегі парақшалары арқылы өлкенің өзекті мәселелерін көтеріп, халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білді. Аудан жаңалықтары осындай желілер арқылы халыққа сол күні таратылады. Әрине, оларға қарағанда, белгілі бір оқиға жайлы деректердің шынайылығын тексеріп барып жариялайтын журналистерге ешкім жете алмайды. Осы үрдісті ұстанған «Кең Жылой» газетінің тілшілері бұл бәсекелестік ортадан тыс қалып көрген жоқ. Бүгінде басылымның өзінің сайты жұмыс жасайды, әлеуметтік желіде де өз парақшасы бар. Сол арқылы өңір мәселелерін көтерген материалдар, аудан хабарлары оқырманға барынша жедел жеткізіліп келеді. Бұл ретте ауданның ақпарат айдынында сөз бостандығына шектеу жоқ десе де болғандай.

Әсіресе кешегі Құлсарыны тасқын су басқан аудандағы төтенше жағдай кезінде газет журналистері де күнітүні тыным таппай, тілсіз жаумен табанды түрде текетіреске түскен тұрғындардың ерлік еңбегін өзінің сайты мен әлеуметтік желілері арқылы айқын көрсете білді. Соның арқасында «Кең Жылойдың» инстаграмдағы оқырмандар саны бастапқы 5 мың жазылушыдан аз уақыттың ішінде 18 мың адамға дейін көтерілді.

Иә, ауданның ақпарат саласы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні болып жарияланған осыдан отыз жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда арасы жер мен көктей өзгеріске ұшырады. Әсіресе еліміздің Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланғалы Қазақстандағы саяси реформалар мен қоғамдық өмірдегі өзгерістер баспасөз саласына да соны серпін берді. Бұл ретте 90 жылдық тарихы бар «Кең Жылой» газеті де бәсекелестік ортаға бейімделіп, ақпарат майданының алғы шебінен көріне бермек.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521