11 қаңтар күні аудандық полиция бөліміне 1985 жылы туылған Кабдулов Н. есімді азаматтың белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін үйіне оралмағандығы жөнінде хабарлама келіп түседі.
Анасының айтуынша із-түссіз жоғалған адам туған анасына хабарласып, 9 қаңтар күні сағат 22:30 шамасында Ақкиізтоғай ауылы жанындағы бейіттің қасында келе жатқанын, өзінің адасқанын айтып телефон шалған. Бірақ содан кейін хабар-ошарсыз кеткен.
Міне, сол уақыттан бастап аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметі аудандық әкімдік қызметкерлерімен бірлесе отырып жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ нәтиже шығар емес.
Іздестіру тобы Құлсары қаласынан 60 шақырым жердегі Мұнайлы кен орны маңындағы қыстақтарды, молаларды, Құлсарыдан 80 шақырым қашықтықта орналасқан мұнай алаңы аумақтарын қарап шықты. Сондай-ақ, қаладан 90 шақырым тұстағы «12-Фонтан» бағытына қарайғы жерде орналасқан қыстақтардан да іздестірді. Бұдан кейінгі із кесу жұмыстары 120 шақырым араықтағы Ұшқан ата бағытына қарай ауысып, сол маңдағы қыстақтар мен молаларды шарлап шықты. Тек кешкі 18 сағат 39 минуттар шамасында іздестіру жұмыстары тоқтатылды. Жалпы жүрілген шақырым шамамен 260 км-ді құрады, брақ ешқандай нәтиже берген жоқ.
Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдай қызметінің ВТС арнайы автокөлігі мен 3 қызметкері, полиция бөлімінің 5 қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылды, жергілікті тұрғындардан 4 ерікті шықты. «Iridium» байланыс құралы мен дүрбі пайдаланылды.
П.ҚИЗАТОВА