Ақын жырларын көкірегімен жаттаған...

10 тамызда еліміз бойынша Абай күні аталып өткені белгілі. Бұл күн Үкімет қаулысымен 2020 жылы – Абайдың 175 жылдығында белгіленген болатын. Осыған орай «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандағы филиалы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 178 жылдығына орай «Абай - ұлы ақын» атты шара ұйымдастырды. Іс-шараға бірлестік мүшелерімен бірге қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Олар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, енді бірі «Көзімнің қарасы» және басқа әндерін жанды дауыста тамылжыта шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Шараға арнайы қатысқан «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шынаргүл Темірбаева барша шараға қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, көзі көрмесе де көңілі ояу, жанарында кінәрат болса да, еңбегінде мін жоқ жандарға ризашылық сезімін білдірді.

- Бұл - тағдырдың түрлі тауқыметін бастан кешкен зағиптардың тыныс- тіршілігі. Ал, қоғамда рухы биік осындай жандарға қандай қолдау көрсету қашанда маңызды, - деген ол қатысушыларды арнайы алғысхатпен марапаттады. Зағип жандар да мерекеде ескерусіз қалдырмай құрмет көрсетіп жатқан партияға өз ризашылығын білдірді. Қазіргі таңда «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде 96 қоғам мүшесі бар. Оларды қамқорлап, жұмыспен қамтып, заманға бейімдеу мақсатында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Қос жанарынан айрылса да, өмірге деген құштарлығы ортаймаған жандардың бір бөлігі білім алып, шығармашылық табыстарға жетсе, енді бірі қызмет жасап жүр.

Десек те, зағиптар үшін әлі де шешімін таппаған мәселелер баршылық. Қазір «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бар жұмысын 4 адам үйлестіріп отыр. Олар зағип жандарға бар жағдайдың жасалуын қадағалап, демеушілердің көмегімен денсаулығын, жеке басындағы мәселелерін шешуге жәрдемдеседі.

Қоғамдық бірлестік бүгінде Абдрахманов 166 ғимаратындағы шағын ғана бөлмеде отыр. Кеңсе тар болса да көңіліміз дархан. Одан бөлек музыкалық аспаптарға да зәруміз. Техникалық аппараттарға мұқтажбыз. Қайырымды жандар компьютер, принтер, орындық, бөлме салқындатқышы, жа- люз секілді қажетті заттармен қамтамасыз етсе,-дейді бірлестіктің жетекшісі Алмаш Мұсқалиева.

Жалпы, көзі көруден қалған жандардың басым бөлігі әлеуметтік көмекке зәру, еңбекке жарамдысының жұмысқа орнала- суы қиын. Алайда, қиындықтарға қарамастан қоғамнан тыс қалмай өмір сүріп келеді. Олар көзі көрмесе де, еңбекке құштар. Бос отыру дегенді білмейді. Үйірмелерге қатысып, әркез ізденіс үстінде жүреді. Кітапханаға барып дыбыстық үнтаспалар арқылы көркем әдебиеттермен танысады. Мереке күндері бас қосып, өзара әңгіме-дүкен құрып, пікірлеседі. Сондықтан оларға әркез демеу қажет-ақ.

Айнұр МАХАМБЕТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521