Өткен аптада талантты ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанаттың Жылыой топырағына табан тіреуі поэзияны сүйетін жандар үшін айрықша оқиға болды. Ол 31 қазан мен 3 қараша аралығында ауданымызда және Атырау қаласында ұйымдастырылған ақын, ”Білім беру саласының үздігі”, ”Құрмет белгісі” орденінің иегері, ”Жалынның” жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері, ”Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” Аманқос Ершуовтың 80 жылдық мерейтойына орай өткен шараларға атсалысу үшін арнайылап келгенді. Салтанат Төлегенқызы - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.
АҚЫН АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙДА
Салтанат Төлегенқызымен бірге екі күнге созылған мерейтойға Алматы, Астана қалаларынан бірнеше белгілі қаламгер қатысты. Олар – Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Өтеген Оралбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Айбергенова, ғалым, публицист, эссейст, жазушы Мақсат Тәжімұрат, ”Әдебиет” порталының бас редакторы, ақын Ықылас Ожай, ”Мәдениет” порталының бас редакторы, ақын Бауыржан Қарағызұлы, Ақтөбеден Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов пен Демеу жырау.
Дүбірлі шара 1 қараша күні ақын туып-өскен Ақкиізтоғай ауылынан басталды. Алдымен, Аманқос Назарұлы жерленген қорымға барып, марқұмның аруағына, жары Алтын апамыздың рухына құран бағышталды. Одан кейін қонақтар ауыл шетіндегі мектепке қарай бет алды. Білім ұясының алдында келгендерді оқушылар мен ұстаздар, ауыл тұрғындары зор құрметпен күтіп алды. Сол сәтте №10 Амангелді орта мектебінде Аманқос Ершуов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинет-мұражайы салтанатты түрде ашылды. Бір кезде қаламгердің өзі ұстаздық еткен мектепте ақын атындағы кабинеттің ашылуы ғанибет іс болды. Мұнда А.Ершуов көзі тірісінде тұтынған заттары мен бұйымдары, қолтаңбасы қалған қолжазбалары мен басқа да құнды жәдігерлер қойылған. Бір шетте музыка аспабы да тұр, тіптен костюмі мен бас киімі мұражайға қойылыпты. Бұл жәдігерлердің бәрі оның өмірінен көптеген мәліметтер беріп, сыр шертіп тұрғандай. Сөрелерде қаламгердің баспадан жарық көрген кітаптары орын алған. Меймандар кабинет мұражайдағы арнайы естелік кітабына қолтаңбаларын қалдырып, ақ тілектерін жазды. Енді бұл кабинетте ақын мұрасы мен шығармалары кейінгі ұрпаққа насихатталып, жас өрендердің әдебиетке, кітап оқуға деген құлшынысын арттыра түспек.
Мектеп ұжымының жерлес ақынның мерейтойына тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Ұстаздар мен шәкірттер әзірлеген әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өтті. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова сөз сөйлеп, бүгінгі басталған шараға орай жылы лебізін білдірді. Мектеп оқушылары Аманқос ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Естеліктер айтылды. Ақиізтоғай – киелі де қасиетті топырақ. Сағыммен астасқан дала беткейіндегі Ақмешіт кесенесінде әулие Пір Бекет Мырзағұлұлының кіндік қаны тамған. Осы ауылға жақын жердегі Аралтөбе қорымынан ежелгі сармат жауынгері, Қазақстандағы екінші Алтын адам мүрдесі табылған. Бұл ауыл – қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың атамекені. Содан ба екен, ауылдың ауасы да саф әрі мөп-мөлдір. Ата-баба дәстүрін берік ұстанып, қазақы болмысты түп қазығы етіп алған, ана тілі мен ұлттық өнерін дәріптеген жандар тұратын еліміздің қара шаңырағы іспетті ыстық мекен бұл! Бір ғана осы Ақкиізтоғай ауылынан 35 ақын-жазушы шыққаны да таңғаларлық. Ең алдымен, осы ауылда туып-өскен дарын, қазақ поэзиясының қызғыш құсы атанып кеткен Меңдекеш Сатыбалдиев есімін асқақ сезіммен еске аламыз. Сондай-ақ, танымал әдебиет зерттеушісі-ғалым Қабиболла Сыдиықов, басқа да қаламгерлер есімдері мақтанышпен аталады. Слайд арқылы көрсетілген қысқаша бейнекөріністе осындай мағлұматтар көпшілік назарына ұсынылды.
Сыршыл да сұлу ақын Төлеген Айбергеновтың қызы, тектінің тұяғы Салтанат апамыз шара кезінде қазақ дәстүрімен кішкентай бөбектің тұсауын кесті. Алыстан келген меймандарға оқушылар өз қолымен дайындалған кәде-сыйлар тарту етті. Мектептегі әдеби-сазды кеште ақын Өтеген Оралбайұлының сөзіне жазылған туған жер туралы әнді мектеп мұғалімдері хормен шырқады. Жиналған жұртшылық түрегеп тұрып қол соғып, тебіреніс пен сағынышқа толы әнге қошемет көрсетті.
"Мақаланың жалғасын"Кең Жылой"
басылымынан оқи аласыз".
П.ҚИЗАТОВА