Айтылған мәселе жерде қалмайды

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өткен жылдың желтоқсан айының 20-сы күні Жем ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жалпы жиынның мақсаты – өткен тоқсанда атқарылған жұмыстардың есебін беріп, аудан тұрғындарының ұсынысын тыңдау болатын. Кездесуге жастар да, аға буындар да белсене қатысып, әкімге сауалдары мен өтініштерін жолдады.

-Бұл биылдыққа төртінші кездесу. Бұған дейін тек Тұрғызба ауылы ғана емес, Қойсары мен Қараша елді мекендеріне де барып, тұрғындарымен кездесу өткізген болатынмын. Жем ауылдық округінде жыл басынан бері тұрғындар тарапынан 23 мәселе көтерілген екен. Оның ішінде жол салу, жарықтандыру, мәдениет үйін салу, зираттарды қоршау, байланыс, бөгет, абаттандыру және интернет желісі бойынша көтерілген мәселелерге байланысты жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, ауылішілік 2,8 шақырым автомобильдер жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарына қаражат бөлінді. Конкурс жарияланып, жеңімпаз болып «Казкомсервис» ЖШС анықталды. Бұдан бөлек, ауылға 20,3 шақырым жол салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтті. Көше жарығы бойынша мердігер мекеме «Казахстан Электро комплекс» ЖШС қазан айында жұмыстарын бастап, қазіргі таңда бағандар орнату және сымдарын тарту, жарық шамдарын бағана басына қондыру жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар ауылдың электр желілерін қайта жаңғырту бойынша «Еламанойл» ЖШС жұмысын бастады.

2022 жылы мамыр айында Тұрғызба ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталған-ды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар, ауылға 6 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салуға (тротуар) жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Ауылда «Тәжі», «Бағыт», «А.Жұбанов көшесі» зираттарын қоршау жұмыстарын мердігер мекеме «Салем Констракшн» ЖШС жүргізуде. Қоршау жұмыстары қазан айында басталды. Ауылдың интернет жүйесін жақсарту мақсатында сымсыз интернет желісін құру қызметтерін жүргізуді «HyperOptic OZ» мекемесі жеңіп алды. Келісім-шарт жасақталды. Қазіргі таңда ауылға 145 үйге интернет қабылдағыш құрылғыларын орнатылуда, - деді Жұмабек Байрақбайұлы.

Әкім сөзінен кейін тұрғындар өздерінің сауалдарын жолдады. Ең басты мәселелердің бір - ауыз су екенін баса айтты. Су үшін талас ертеден келе жатқан кикілжің екенін жеткізіп, осыны біржақты қылуды өтінді. Одан кейінгі халықтың мәселесі - электр жарығы. Ауылдың кей шеткері бөлігінде сәл жел тұрса, жарық өшіп қала береді. Соның кесірінен көптеген тұрмыстық техникалар істен шығып, шығынға баттық деп мұңын шақты. Қылышын сүйреткен қыста да осы мәселенің қайталанбауын өтінді.

Ауыл әкімі Данияр Айтпенбет осы жағдайға байланысты 9 трансформатор салынып, іске қосылуға жақын екенін жеткізді. Бұл мәселені трансформаторларды іске қоссақ, өзі-ақ шешілетінін алға тартты. Ауыл тұрғындарының көпшілігі Шоқпартоғаймен араға өзен үстімен қатынайтын көлік көпірін салуды ұсынды. Егер бұл мәселе шешілсе, су тасқыны кезінде қос елді мекен арасы 15 шақырымға жақындай түсер еді. Сондықтан екі ауылдың арасындағы қатынастың жиілігіне байланысты көпір салуды алдағы жылдардың жоспарына енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде Жұмабек Қаражанов та барлық мәселелерді ескере отырып, бірте-бірте шешуге уәде берді. Маңыздылығына қарай аудан төңірегіндегі түйіткілдердің барлығын шешпек.

Жиналыстан кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуден кейін Ж.Қаражанов ауылды аралап шықты. Айтылған мәселелерді көзбен көріп, оны шешудің жолдарын дереу қарастыратын айтып, халықтың көңіліне үміт сыйлады.

Ерназ АХМЕТКӘРІМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT