Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту кешенінің құрылысы басталады, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан, аумағы 12 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат барлық заманауи талаптарға сай болады. Медициналық мекеме халықтың түрлі топтары үшін кең ауқымды қызмет көрсетеді. Мұндай оңалту орталықтарын салу шалғай елді мекендердегі тұрғындардың сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуына жағдай жасайды,- деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Мәмбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа орталықта жылына 1500-ден аса адам ем қабылдай алады деп күтілуде. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасы толық жасақталған. Осы жобаға сәйкес, мұнда сауықтыру-жүзу бассейні, спорт зал, мәжіліс залы және техникалық ғимарат пен жылыжай қарастырылған. Ғимараттың бірінші қабатында дәрігерлік бөлмелер мен оңалту-жаттығу залы, УЗИ кабинеті және дәріхана да ойластырылған. Сондай-ақ, жобада 125 орындық асхана бар.
Ал, ғимараттың екінші қабатында науқастарды оңалтуға арналған үш аумақ болады. Олар медициналық оңалту, әлеуметтік оңалту және психологиялық оңалту боп бөлінеді. Үшінші қабатта тұз шахтасы, электр сәулемен емдеу, ингалятор аумағы, физиологиялық және механикалық емдеу, сумен және инемен емдеу секілді терапиялық бөлмелер бар.
Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.