Облыс тұрғындары тұрғылықты мекен-жайы, жұмыс орнына жақын орналасқан нысандарға бара алады.
Атырау облысында карантиндік шараларды жеңілдету туралы шешім қабылданып, бірқатар нысандарға жұмыстарын қайта бастауға рұқсат етілді,– деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайды ұзарту туралы» 2020 жылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесіне сәйкес, Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтуге қатысты қаулы шығарды.
Атап айтсақ, енді өңірде тек азық-түлік тауарларын сататын сауда нүктелерімен қоса ауылшаруашылық техникалары, құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар және тұқымдар сататын дүкендер де ашылады. Сонымен қатар, өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысын жалғастырады. Оның ішінде құрылыс және жол құрылысы саласындағы компаниялар, ірі құрылыс дүкендері мен көлік, қойма, ауылшаруашылық қызмет көрсету саласындағы компанияларға қызметін қайта бастауға рұқсат етілді. Сондай-ақ, автосалондар, қызмет көрсету станциялары, автожуу, шиналарға қызмет көрсету, автобөлшектер сататын дүкендер, химиялық тазартқыштар, тұрмыстық және оргтехниканы жөндеу және нотариалдық қызметтер мен штаттың 50%-ы рұқсат етілген екінші деңгейдегі банктер де қызметін жалғастырады. Бұдан бөлек, 21-00 сағатқа дейін жеткізу қызметі бар тамақтандыру орындары жұмыс істейді, - делінген қаулыда.
Дегенмен, бұл нысандар жұмысты қайта бастау үшін барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндеттеледі.
Нақтырақ айтсақ, санитарлық тазартқыштардың, медициналық бетперделер мен қолғаптардың және т.б. болуы қажет. Оған қоса, жұмыс орнында тамақтануға тыйым салынады.
Ескеретін тағы бір жайт, облыс тұрғындары тұрғылықты мекен-жайы немесе жұмыс орнына жақын орналасқан аталған нысандарға бара алады. Әлі де ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, кинотеатрлардың, монша кешендерінің, компьютерлік клубтардың, фитнес-орталықтардың, тұрмыстық техника дүкендерінің, киім-кешек дүкендерінің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметіне тыйым салынған.
Сондай-ақ, қала көшелерінде тұрғындардың себепсіз жүруіне болмайды. Ал, көгалдандыру аймағы бар және саяжай иелері өз учаскелеріне сенбі және жексенбі күндері сағат 06.00-ден 09.00-ге дейін және 17: 00-ден 20: 00-ге дейін барып-келуге рұқсат етіледі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі