Айлардың сұлтаны - Рамазан

Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі.

Рамазан айы - барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарайтын болсақ, Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауаптар беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тыйылуы қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді» деген (Имам Бухари).

Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын» деген. Бұдан байқайтынымыз, адамдардың бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтауы шариғатымызда құпталған амал екендігі.

Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады.

Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады»,- деді.

Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді»,-деген. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет.

Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.

Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) да үмбетіне, яғни біздерге де рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).

Підия мәселесі

Кәрілік немесе айықпайтын ауру себебінен ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар оразаның әр күні үшін підия береді. Биыл бір күннің підиясы 1700 теңге деп белгіленді. Ол – орта есеппен бір адамның таңғы және кешкі асы немесе оның құнына тең қаражат. Жағдайы жоқ адамдардан підия беру талап етілмейді.

 ЖАСҰЛАН ҚУАНЫШҰЛЫ,

«Жылыой мұсылмандары» мешітінің Бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521