Өлімінің ақиқаты ашыла ма?
Айдың-күннің аманында арыстай азамат жоғалып кетеді деп ешкім ойламаған. Ол – жеке шаруа қожалығын құрып, ел қатарлы қарапайым тірлігін жасап жүрген жылыойлық жерлесіміз. Қара-Арна округіне қарасты «Боздақ» шаруа қожалығының иесі Нұралы Нұртілеуов ер жасы елуге де жетпеген, 1973 жылы туған, биыл қырық жеті жаста еді. Марқұмның әкесі Сырым белгілі шопан, ауылдық кеңес депутаты болған. Кезінде шаруа қожалығын құрған әкесі, інісі, анасы бұл өмірден өтіп кеткен. Еті тірі жігіт бұл қайғыға мойымай, аз ғана шаруасын екі бауырымен бірге дөңгелентіп отырған-ды.
6 қыркүйек күні сағат 15.30 шамасында Нұралы Нұртілеуов жылқыларын қарамақ болып «LTM» мотоцикліне мініп ап жолға шығады. Содан кейін хабар-ошарсыз кетеді. Оны қаннен-қаперсіз күтіп отырған үй іші кешіккен соң мазасыздана бастайды. Туыстары ұялы телефонына хабарласса да жауап бермейді. Бұдан соң бір аптаға созылған, бүкіл қоғамды дүрліктірген іздестіру жұмыстары басталады. Оқыс оқиға әлеуметтік желі арқылы халыққа тез тарады.
Алдымен кәсіпкердің мотоциклі, содан соң жамылғы табылды. Өзі үшті-күйлі жоқ. Тума-туысқандары мен жақындары бір жаманаттың болғанын, Нұралының әлдебір сұмдық пәлеге ұшырағанын бірден сезеді. Аудандық ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлері, Нұралының бүкіл туыстары, ауылдастары, аудан азаматтары мен ерікті жастар даланы шарлап іздестірумен болды. Бір жерден жігіт ағасының ұялы телефонын тауып алады. Белгісіз қылмыскерлер байланыс құралын өртеген. Енді оның қаскөй біреулердің қолынан қаза тапқанына еш күмән қалмайды. Күдік бірден бір адамға түседі. Ет жақындарының бірден күдікті деп әлгі адамның атын атауына бұған дейін болған ұрыс-керістер себеп болған еді. Кәсіпкердің қарындасының айтуынша, күдікті мен Н.Нұртілеуов бірнеше рет ренжіскен.
Ашынған ағайындары пикет ұйымдастырды
Кәсіпкердің мотоциклі мен басқа да заттары табылғанмен, өзі табылмайды. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатса да еш нәтиже жоқ. Осы кезде қайғырып әрі ашынған Нұралының туысқандары мен аудан тұрғындары наразылық пикетін ұйымдастырады. 12 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында 50 шақты адам алдымен Жылыой ауданы әкімдігі алдына келеді. Олар іздестіріліп, әлі күнге табылмаған Нұралы Нұртілеуовтің қылмыскердің қолынан жазым болуы мүмкіндігін, осыған орай құзырлы органдардың жоғалған адам мен кінәлілерді таба алмай отырғандығына наразылықтарын ашық білдіреді. Олар қолдарына «Қылмыскер табылсын», «Әділдік орнасын», «Құзырлы органдар жұмыс істесін», «Жылыойдағы бассыздық Елбасына жолдансын» деп жазылған плакаттар және Н. Нұртілеуовтің фотосуретін ұстаған еді. Жылыой ауданы әкімі Халел Жамалов жиналғандарды сабырға шақырады. Алайда адамдар әбден ашынып алған еді. Нұралының туған анасындай болған 80 жастағы әже: «Балам әлі жоқ. Баламның денесін тауып берсін. Бізге полиция күдіктімен жолықтырамыз деген, бірақ көрсетпей отыр. Ол ұсталды ма?»,-деп еңірегенде адамның сай- сүйегін сырқырататындай еді. Жоғалған азаматтың бауыры Қойбағар Нұртілеуов сол жерде: «Біз барлық айғақ затты тауып бердік, бірақ полиция Нұралының сүйегі табылмайынша қылмыс ашылмайды дейді. Күдікті деп отырған адам бұрын мал ұрлайтын, енді адам ұрлауға көшті. Бұл не сұмдық?»- дейді күйініп. Жиналғандарға аудандық полиция бөлімі бастығы Ерболат Досмағұлов: - Қазір жедел топ құрылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы, («Қасақана кісі өлтіру») бойынша қылмыстық іс көтеріліп, тергеу жүріп жатыр»,-деп мәлімдейді.
Н.Нұртілеуовтың туыстары қаншама күннен бері іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатса да, оның өлі-тірісі белгісіз күйде қалып отырғанына ренішті еді. Иен даланың ойы мен қырын, сай-саласын түгел тінтігенде Нұртілеуовтің мініп кеткен мотоциклі, көрпешесі, қамшысы ғана әр жерден табылған.
Аталған факті бойынша Атырау облысы полиция департаментінің (ПД) қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Облыстық полиция департаментінің ең тәжірибелі қызметкерлері топ құрамына енгізілді.Жоғалған азаматтың жүрген жерін анықтау мақсатында облыстық полиция департаменті мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер аудан аумағын аралап, іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Іздестіру ісіне сондай-ақ кинолог мамандар мен із кесуші иттер, тік ұшақтар тартылды.
Ескі кен алаңында
14 қыркүйек күні таңертең полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Құлсары қаласынан 100 шақырым жердегі Қырықмылтық кен алаңында 15-20 метр тереңдіктегі шұңқырдан жоғалған азаматтың денесін тапты. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Қазір қылмысқа күдікті ретінде бұрын сотты болған 38 жастағы Жылыой ауданының тұрғыны ұсталды. ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу барысында қылмыстың себебі анықталатын болады.
Қоғамдық дау тудырған осы мәселеге қатысты жаңа айғақтар да анықталды. Тексеру барысында 16 калибрлі атыс қаруы табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Қылмыскерлерді іздестіру шаралары жалғасуда, тағы бір күдікті анықталып, 1967 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды.
15 қыркүйек күні марқұмның денесі жер қойнына берілді. Артында алты бірдей баласы жетім, жары жесір қалды. -Артында қалған алты баланың бас көтерері үлкені - жалғыз ұл,-дейді марқұмның туысқаны, белгілі ардагер журналист Нұрдәулет Ақназаров,- Нұралы ініміз әлі жер ортасына да жетпеген жас кезінде өкінішті жағдайда көз жұмды. Көрер қызығы алда еді. Ұлының үйленгенін көрсе де, немере сүйген жоқ. Бар арманы іште кетті.
«Боздақ» шаруа қожалығының малы жиі жоғалып кетіп отырған. Малдың жер жұтып не аспанға ұшпағаны, оны әлдекімдердің ұрлайтыны белгілі еді. Фермердің ұлының айтуынша, олардың 8 байталы жоғалған. Ақадал малының ұрлана бергеніне қынжылған шаруашылық иесі бір азаматтан сезіктеніп жүретін болған. Шынында да Жылыой жеріндегі мал ұрлығы көпшілік қауымды көптен алаңдататын. Талай шаруа қожалықтарында із-түзсіз жоғалып кеткен мал, әсіресе, жылқы, түйе малы көп. Әлдебір белгісіз топтардың мал ұрлығын кәсіпке айналдырып алғандығы жөнінде ел арасында әңгіме қаулап тұр. Бірақ оны көзімен көріп, қолымен ұстамаған соң темір торға қамалатындар да жоқтың қасы. Бәлкім, қаза тапқан кәсіпкер сондай жандарға кезігіп қап, қылмысына куә болды ма екен деседі жұрт. Н.Нұртілеуов ұялы телефонына айғақ ретінде әлдебір көріністі түсіруі де мүмкін ғой, сол бейнеайғақты жасыру үшін қылмыскерлер марқұмның телефонын өртеген болар?!
Жылыойда мал ұрлығы тыйылмай отыр
Жылыой ауданындағы мал ұрлығына қайтсек тосқауыл қоямыз деген мәселе осыдан бірер жыл бұрын аудандық әкімдікте өткен жиналыста да арнайы талқыланды. Жиналыста құқық қорғаушылар шаруаларға малдарына «чип енгізу» туралы ұсыныс берген. Терісіне чип енгізілген малды иесі тез тауып алады екен әрі қай жерде жайылып жүргенін де біліп отырады екен. Бұл ұсыныс тиімді болғанмен, чип енгізу дегеніңіз қып-қызыл ақша болып шықты. Егер әр малына чип енгізгісі келсе шаруа қожалығы иелері қыруар қаржы шығындауға тиіс. Сөйтіп бұл ұсыныс жай ғана утопиялық қиял тәрізді боп орындалмай қалды немесе еріккен адамның ерігіп айта салған бір әңгімесіне де ұқсап кетті. Ал даладағы мал ұрлығына тосқауыл қойылмады, ен далада емін-еркін жүргендігін пайдаланған ұрылар заң құрығының қысқа екенін сезініп дандайси түспесіне кім кепіл?!
Күдіктілер уақытша қамауға алынып, тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Қазір бұл оқиғаға еліміздегі бүкіл БАҚ назар аударып отыр. Әр тергеу, әр дерек назардан қағыс қалмасы анық. Қашанда фактілер мен айғақтарды сараптап, құқық қорғаушылардан бетер зерделейтін журналистердің пайымынша, бұл оқиғаның шым-шытырық екендігі, оның құпиясы мен тамыры тым тереңде жатқандығы айқын. Бірақ бұл да болжам. Сондықтан сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстарынан нағыз кінәлі белгілі болмақ.
Бір табын жылқысын барымталап кетсе де мал үшін қазақ дауласса да, жауласпаған. Заман өзгерген соң, адам да өзгеріп, қатыгезденіп бара жатқандай. Тек жылыойлықтар ғана емес, бүкіл қазақ халқының бұл қайғылы оқиғаға шошына қарауы сондықтан. Мал мен ақшаның бір кебінмен ғана жөнелтілер ақыреттік сапарда түкке тұрғысыз екендігін әр пенде ақыры сезінері хақ. Ал жерлестері алдындағы адами арына түскен дақ ертеңгі күні ұрпағының бетіне салық болып басылмасына кім кепіл! «Тойымсыз дүниеқұмарлық, өзгеден байлығыммен асып түссем деген даңғойлық пен дарақылық, мақтан үшін мал жию қазақты қайда апара жатыр?» деген сұрақ бүгінгі қоғамның алдына қойылуға тиіс.
С.Тәжіқызы