Ай, қу қыздар-ай!

Бірінші курс. Москвада оқып жүрмін...

Көктемнің жанға жайлы жайма шуақ күндерінің бірі. Жылғалардан су ағып, бәйшешектер гүл атып жатқан мезгіл. Мен ''Академическая'' метросынан түсіп, институтқа жаяу келе жатырмын. Он минуттық жер. Бүгінгі болатын сабақтарымның үшеуі де - лекция. Философия пәнінің оқытушысы Ольга Михайловна жасы пенсия жасына таяп қалса да, бетінен әлі жастықтың ажары кетпеген. Оң аяғын аздап сылтып басады. Сабақ үлгерімімді сұрап, жақын бір туысындай мені іш-бауырына тартып тұратын. Бүгін – Ольга апайдың лекциясы.

Досым, ұлты аварец Яхьямен бес жыл бірге оқып, бірге жүрдік. Бүгін де әдеттегідей екеуміз ерте келіппіз лекцияға. Апайым маған жақындап келіп, құлағыма: '' Булат, сегодня опять будет полная аудитория студентов'', - деп жымияды.

Яхьяның бойында жақсы қасиеттері көп. Өзі ақшадан, сабақтан қиналып жүрсе де өмірі езуі бір жиылмайды. Үнемі күліп жүреді. Түскі мезгілде екеуміз асханадан бірге тамақ ішеміз. Кассаның алдына барып,есептесіп, ақшасын төлеуге келгенде: «Кеше сен төледің, бүгін мен төлеймін» деп екеуміз таласып қалатынбыз. Бейне қалтамызға сыймай жүрген артық ақша бардай. Маған досымның ұнамайтын бір қасиеті – балмұздақты жақсы көреді. Көшеде бірге келе жатқанда балмұздақ кездесе қалса, шыдай алмай сатып ала береді. Тіпті қыста да солай.

Үлкен оқу корпусында бастапқыда сабақ өтетін аудиторияларды таба алмай шатыстырып жүретінбіз. Осындайда таныс доцент, профессорларға амандаса беремін. Кей мезгілде тұра қалып, «Сіздің оқулығыңыздың мына жерін түсінбей қалдым» деп сұрақтарды жаудыра қоятынмын. Олар тұра қалып, жауап беруден жалықпайтын. Бірде физика пәнінің мұғалімінен дәлізде үй тапсырмасының шығару жолдарын сұрағанмын. Менің жазған формулама ағайым: ''Всё правильно'' - деп түсіндіріп, асығыс кете барды. Сол сәтте менің қасыма басқа группаның қыздарының жиналып қалғанын байқадым. Бір татар бойжеткен сол формуланың қайдан, қалай шыққанын түсіндіріп жіберуін сұрады. Мен шала орысшаммен: ''Я не знаю, как тебе обьяснить, но ответ - шестнадцать'', - деп жауап бердім де, зыта жөнелдім. Жолда Яхья қарқылдап күліп: ''Ну, Лукпаныч, шестнадцать, шестнадцать'', - деп езуін жимады. Содан кейін ол мені «Шестнадцать» деп келемеж етуді шығарды. Әсіресе қарсы алдымыздан сұлу қыздар кездесе қалса, ''Шестнадцать, шестнадцать'' деп менің баяғы бір татарға қысқа қайырған жауабымды еске түсіріп, қарқылдап күледі. Осы «приколын» оқуымызды аяқтағанша қақсаумен болды.

... Бүгін де әдеттегідей ерте тұрғанмын.Жатақханаға жақын жердегі тұрғын үйлердің ауласын сыпырып, қоқыстарды тазалаймын . Еңбекақымды сол күні есептеп береді. Көпбалалы отбасынан шыққасын маған қосымша табыс ауадай қажет-ақ. «Зачет», емтихандарымды ойдағыдай тапсырған соң, ауылға барарда анашыма ''Бодрость'' шәйі мен тәттілерді базарлыққа апаруды әдетке айналдырғанмын. Қыста қар тазалайтынмын. Қар үсті-үстіне тоқтамай жауғанда қиындау, жасаған жұмысың көрінбей қалады. Сол себепті бұл жұмысты тоқтаттым. Есесіне күзде жерде жайрап жатқан сап-сары жапырақтарды жинағанды жақсы көремін. Оқу жылының басы, ауылдан тынығып, демалып келген мезгілде күш көп. Бұл әдет менің бойымда армиядан алған тәлім-тәрбие мектебінен қалыптасса керек.

Осылай лекция кезінде әрнені бір ойлап, ақыры ұйқы басып, маужырай бастағанымда артымнан біреу түртіп, бүктелген кішкене қағазды берді. Мұны кімге беремін, қалай жалғаймын? Осылай түсініксіз жағдайда отырғанымда тағы да артымнан біреу түртіп қалды. Жартылай бұрылып, қырындап қарадым. Тағы да жаңағыдай бүктелген қағаз. Сәлден кейін тағы да ....

Үсті-үстіне келіп жатқан көп қағаздарды алдыма жинай бердім. Лекция бітуге таяп қалған. Арт жағымнан күбір-күбір әңгіме естіліп, қимыл-қозғалыс көбейе бастады. Мен шыдай алмай, көп «записканың» бүктелген біреуін ашып, оқи бастадым. '' Булат, после лекций оставайся на месте, я очень хочу с тобой познакомиться'' деп жазылыпты. Қыздың жазуы. Қолтаңбасы өте әдемі. Қағазының да қырын шығарып, әдемілеп бүктеген екен. Мен қобалжып, қызарыңқырап кеттім. «Менің жүрегімді жаулағысы келген жұмбақ қыз кім екен?» деген ойлар үздіксіз мазалай берді.

Лекция біткен соң, аудиториядан шығып, дәлізде кідірдім. Яхья да қасымда. Сосын досыма ''Сходи в аудиторию и посмотри, кто же подошел к нашим местам где мы сидели?» деп өтініш білдірдім. Ол аудиторияға басын сұқты да, кері маған келіп:

''Онда қыздар отыр», - деп хабарын айтты.

Осы сәтте дәліздің бір қапталынан бір топ қыздар сығалап қарады да, екеумізді мазақтай күлісіп, қаша жөнелді. Қу қыздар әзілдеген екен.

Ей, қарындас, қарамашы жаутаңдап,

Келгенім жоқ бұл шаһарға қыз таңдап.

Қалып еді «тез орал» деп қол бұлғап,-деген өлең жолдары орала кетті ойыма.

Студенттік шақта осындай қызықтар болған.

Болат Мусиев,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT